Даулы видеодан кейін ІІМ академиясына жаңа басшы тағайындалды — Ел жаңалықтары
Қарағандыда ҚР ІІМ академиясының жаңа басшысы болып Ақынғали Дәрменов тағайындалды, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Ішкі істер министрінің орынбасары Берік Бисенқұлов Қарағандыдағы Бәрімбек Бейсенов атындағы ҚР ІІМ академиясының жаңа басшысы — полиция полковнигі Ақынғали Дәрменовті таныстырды», — делінген министрлік хабарламасында.
40 жастағы Дәрменов — Қостанай облысының тумасы. Алматыдағы ІІМ заң институтының түлегі, ҚР ІІМ академиясының адъюнктурасын аяқтаған, заң ғылымдарының кандидаты. 2008 жылы Германияда Маршалл атындағы қауіпсіздік жөніндегі Еуропа зерттеу орталығында оқыған, 2012 жылы Ұлыбританияда «Болашақ» бағдарламасымен Кембридж университетін аяқтаған.
«Ақынғали Дәрменов ғылыми-дәріс беру саласында қажетті тәжірибесі бар, қатардағы тергеушіден бастап ҚР ІІМ кадр саясаты департаментінің басшысына дейін көтерілген. Академияны басқарған генерал-майор Кенжетаев ішкі істер органдарынан босатылды», — делінген ведомство баспасөз қызметінің хабарламасында.
Осыған дейін академияның бірінші курс басшысының орынбасарының өз әріптестерін құттықтаған видеосы дау тудырған. Артынша ол жұмыстан босатылды.
Дереккөз: https://kaz.tengrinews.kz