Даулы мұнай елге қайтарылады

0

Ел экономикасына демеу

Сенаттың жалпы отырысында депутаттарға жоғарыда аталған заң жобасын таныстырған Энергетика министрі Қанат Бозымбаев Ресейде қалып қойған мұнайдың тағдыры осы құжатқа байланысты екендігін атап өтті. 

– КСРО кезінде еліміздің магис­тралдық мұнай құбырлары желісі бірыңғай жүйеде болатын. Бірақ Кеңес Одағы тарағаннан кейін құ­быр­лар әр мемлекеттің аумақтық қағи­даты бойынша бөлініп кеткен еді. Алайда «Туймазы – Омбы – Ново­сибирск-2» (ТОН-2) мұнай құбы­рының Қазақстан бөлігіндегі 62 048 тонна технологиялық мұнайдың меншік құқығы айқындалмай қалған. Сонымен қатар «Омбы – Павлодар» мұнай құбырының Ресей учаскесінде 141 728 тонна технологиялық мұнайға меншік мәселесі де шешілмеген еді, – деді Қ.Бозымбаев. 

Оның айтуынша аталған мұнай аумақ­тық қағидатқа нақты тапсырылмаса да Ресейдің «Транснефть» ЖАҚ  пен Қазақстанның «Қазтранс­ойл» ком­па­ниясының балансына берілген. Яғни, «Омбы – Павлодар» мұнай құ­бы­рының Ресей учаскесіндегі 141 728 тонна мұнай шын мәнінде «Қаз­транс­ойл» АҚ-ның балансында, ал «ТОН-2» мұнай құбырының Қазақ­­­стан ау­мағындағы 62 048 мұнай «Транс­­нефть» ЖАҚ қарамағында болған. 

– Айта кету керек, Қазақстан мен Ресей үкіметтерінің арасындағы 2017 жылдың 9 қарашасында жасалған «ТОН-2» мен «Омбы–Павлодар» ма­гис­тралдық мұнай құбырындағы техно­логиялық мұнайдың мәртебесін айқын­дау туралы келісім екі ел ара­сын­дағы көп жылдық жұмыс нә­ти­­­жесі. Технологиялық мұнайды қай­­­та­руда рәсімдерді жеңілдету мақ­­­сатында аталған келісіммен: бірін­­­шіден, Қазақстан аумағында орна­­­ласқан «ТОН-2» магистралдық мұнай құбырындағы 62 048 тонна мұнай «Қазтрансойл» АҚ-ға тиесілі. Екін­шіден, оның орнына Ресей учас­ке­сін­де жатқан «Омбы–Павлодар» құбы­рындағы мұнайдың дәл сондай 62 048 тоннасы «Транснефть» ЖАҚ-ның еншілес компаниясы «Транс­нефтьурал» АҚ-ға тиесілі. Үшін­шіден, ресейлік учаскедегі «Омбы–Павлодар» магистралдық құбы­­рын­­дағы мұнайдың 79 680 тоннасы «Қаз­трансойл» компаниясына тие­сілі болып бекітілген, – деді цифрлар­ды нақтылаған Энергетика министрі.  

Сонымен қатар келісім күшіне енген күннен бастап екі тарап он ай ішінде «Қазтрансойл» АҚ-ға тиесілі мұнайды «Омбы–Павлодар» құбыры арқылы Ресей аумағынан Қазақстанға бірнеше партиямен жөнелтуі қажет. 

– Қазіргі күні технологиялық мұнай жер қойнауын пайдаланушыларға қайтарылмақ. Әрі олар аталған мұнай­ды Қазақстанның мұнай өндіру зауыт­тарына және экспортқа жөнелтуге мүм­кіндік алады, – деп атап өтті Қ.Бо­зым­баев. 

Сенаторлар заң жобасын бірауыз­дан қолдап дауыс берді. 

Қылмыс – күш біріктірсе азаяды

Жалпы отырыста сенаторлар бұған дейін Мәжіліс мақұлдаған «Қыл­мыстық істер бойынша заттай дәлелдемелер болып табылатын есірткі құралдарын, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларын, атыс қаруын, оның негізгі бөліктерін, оқ-дә­рілерді, жарылғыш заттар мен жарғыш құрылғыларды беру тәртібі туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасын қабылдады.

Аталған құжат бойынша баяндама жасаған Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов ратификацияланатын хаттамаға ТМД-ға мүше мемлекеттер президенттері 2017 жылы қол қойғандығын атап өтті.

– Қазіргі уақытта заттай дәлел­демелер беруге қатысты құқықтық қарым-қатынастар Минск және Кишинев конвенциялары арқылы реттелмейді. Осы хаттаманы іске асыру еліміздегі құзыретті органдарға жүктеледі, – деді Ішкі істер министрі. 

Қ.Қасымов өз кезегінде қазіргі уақытта есірткі құралдарын, пси­хот­роптық заттар мен олардың прекурсорларын, атыс қаруын, оның негізгі бөліктерін, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттар мен жарғыш құрылғыларды беру бойынша мемлекеттер арасында келісім жоқ екендігіне де тоқталды. Алайда, есірткі заттары тек ғылыми-зерттеу жұмыстары үшін үлгі ретінде беріліп келген. Ал қару-жарақтар өзге мемлекеттерге берілмеген. 

Заң жобасы бойынша қосымша баяндама жасаған сенатор Владимир Волков атап өткендей, Елбасының бастамасымен Алматы қаласында құрылған Орталық Азия аймақтық ақпараттық үйлестіру орталығы жұмысын баста­ған он шақты жылдан бері есірткі тасымалдаушыларға айтарлықтай соққы берілген. Әсіресе атақты Ауған есірткісін тасымалдау жолындағы Орталық Азиядағы бес мемлекетпен қатар, Әзербайжан мен Ресейді біріктірген орталық осы уақыт аралығында 40-тан аса бірлескен халықаралық операция өткізіп, нәтижесінде трансұлттық қылмыстық топтардың 90-нан аса басшысы мен мүшелері сотқа тартылған. Оған қоса, қылмыскерлерден 7 тоннадан аса есірткі мен  64 тоннадан аса оның прекурсорлары тәркіленген. 

Оған қоса қару саудасы және қару мен жарылғыш заттарды қолдану арқылы жасалатын қылмыстар да өзекті болып отыр. Мәселен, елімізде тек өткен жылы ғана 1700-ден астам осындай қылмыс тіркелген. 

Сондықтан да, Сенатта қабыл­данған құжат осындай зұлымдықтарға қарсы күш біріктірудің нақты тетігіне айналмақ. 

Серік ӘБДІБЕК,

«Егемен Қазақстан»