Даулы мәселені тату жолмен шешеміз

0
74

Мірболат ЖАҚЫПОВ,
Қазақстан Кәсіподақтар Федерациясы «Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлері салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы:

– Мірболат Хабиұлы, кәсіподақ ұйым­дары­ның жұмысын заман талабына сай жаңаша ұйымдастыру жайлы соңғы жылдары жиі айтыла бастады. Бұл жай­дан-жай емес. Өйткені кәсіподақ – үлкен күш. Егер осы ұйымның мақсат-міндеті мен бағыт-бағдары қарапайым еңбек адамдарына түсінікті болса, олардың әлеуметтік-тұрмыстық, еңбек және басқа да заңды құқықтары мен көкейкесті мәселе­лерін шеше білсе, сөз жоқ, кәсіподақ мүшелерінің қатары айтарлықтай көбейген болар еді. Келісесіз бе, мұндай пікірмен?
– Әрине, келісемін. Қазіргі ең басты мақсатымыз – кәсіподақ жүйесінде жаңғырту жұмыстарын жалғастырып, мүшелерінің қатарын арттыру. Мүшелікке өту-өтпеу – әркімнің өз еркі. Өйткені жұрт­шылық кәсіподақтың белсенді екені­не, адамдардың мүддесі мен құқын қорғауға шама-шарқы мен құзыреті жететініне шүбәсіз сенгенде ғана бұл ұйымға мүше болуға ұмтылады.
Кәсіподақ адамдардың мүддесі мен құқын қорғауға бел шеше, табанды түрде араласқанда ғана біздің ұйымға сенім арта түседі. Бұл ретте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан тәуелсіздік алған алғашқы жылдардан бастап, кәсіподаққа барынша қолдау көрсетіп келеді. ТМД мемлекеттері арасында бірінші болып Қазақстанда «Кәсіподақтар туралы заң» 1993 жылы қабылданды. Мемлекет басшысы Азаматтық қоғамда кәсіподақ тұрақтылықтың тірегі екенін айтып қана қоймай, жұмысымыздың жемісті болуына ұдайы демеу жасап келеді.
Мемлекет басшысы Қазақстан халқы­на арнаған әр жылғы Жолдауында адам факторына ерекше назар аударады. «Төртін­ші өнеркәсіптік революция жағдайын­дағы дамудың жаңа мүмкін­дік­тері» Жолдауында да адам капиталының тиімділігі мен кәсіподақ қозғалысының кадрлық әлеуетін арттыруға қатысты жаңа міндеттерді жүктеді. Соны жүзеге асыру үшін Кәсіподақтар федерациясы мақсатты, табанды жұмыстарды қолға алды.
Күнделікті өмірде көріп жүрміз, өзім де Президент Әкімшілігінде қызмет істегендіктен жақсы білемін, белгілі бір лауазымға тағайындалған басшы өзімен бірге командасын қоса әкеледі. Бір-екеу емес, бірнеше қызметкер келеді. Оларға мекемеде бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан қызметкер орнын босатуы тиіс. Босатпаған жағдайда түрлі себеп-сылтау іздеп, соңына шам алып түседі. Жұмыстан негізсіз босап қалған қызмет­кер құқын қорғау үшін заң орын­дары­на барады, кәсіподаққа жүгінеді. Тіпті қолын бір сілтеп, жаны күйзеліске түсіп, амалдың жоқтығынан басқа жұмыс іздеп кететіндер де жоқ емес. Осындай қысыл­таяң сәтте кәсіподақ оның мүдде­сін қорғай білсе, сөз жоқ, біздің ұйымның бедел-абыройы артады. Мұндай жағдай тәжірибемде бірнеше мәрте кездесті. Барынша көмек жасауға, кәсіподақ осал ұйым емес екенін дәлелдеуге тырыстым.
Қазіргі уақытта мемлекетік, банк жүйесіндегі қызметкерлердің жұмысқа орналасуы оңай емес. Басқа да салаларда осындай жағдай. Жұмыс іздеп, шаршап-шалдығып, табанынан таусылып жүрген жан кейде жұмыс берушінің заңға томпақ талабына мойынсынуға мәжбүр. Не айтса соған келіседі. Осы тұрғыда байқалған өрескел бір кемшілік – жұмыс берушілер арасында қарамағындағы қызметкерлер­мен еңбек келісімшартын жасауға асық­пай­­тындар бар. Бұл – мемлекетке салық­ты аз төлеу үшін жасалатын құйтұрқы әре­кет. Осыдан келіп қызметкердің әлеу­мет­тік құқы аяққа тапталады. Оған еңбек демалысы, сыйақы және басқа да әлеу­меттік жеңілдіктер берілмейді. Бас­шы келісімшарт жасалмаған қызмет­кер­ді кез келген уақытта жұмыстан негізсіз шыға­рып жіберуге қауқарлы. Сондықтан әркім өзінің заңды еңбек құқын жақсы білуі тиіс. Осындай жағдайда кәсіподақ көмек­ке келуге әзір. Еңбек ұжымдарында жиі болып, жұртшылықпен жүздескен кезде осыны олардың қаперіне саламыз. Осыдан кейін кәсіподаққа сенім білдіріп, мүшелікке өтіп жатқандар да аз емес.
Қазір халықтың қалың ортасында, қоян-қолтық араласа жүріп, жұмыс істеу­ге тырысамыз. Жаңа жұмыс дегеніміз – осы. Жылы-жұмсақ кабинетте жайғасып отырып жұмыс істеу деген жоқ қазір. Ондай жұмыс артта қалды. Барлық іс-қимы­лымыз жариялы. Жұрттан жасы­рып-жабатын ештеңе жоқ. Бәрі ашық болғанын қалаймыз. Тіпті мүшелік жарна­­ның қалай, қайда жұмсалып жатқанын, демалыс орындары мен балалар лагерьлеріне қанша жолдама бөлінгенін кәсіподақ мүшелері анық білуі тиіс. Сонда ғана алыпқашпа әңгіме туын­да­майды. Әділеттіліктен аттап кетпеу керек. Кәсіподаққа деген зор сенім осындай өзекті мәселелерге бей-жай қарамағанда ғана қалыптасады.
– Мірболат Хабиұлы, нарықтық эконо­мика кезінде қоғамда даулы мәселе көп болып тұр. Адал еңбек, маңдай терімен тап­қан заңды еңбекақысына талай жылдан бері қол жеткізе алмай, соттың табалдыры­ғын тоздырып жүргендер бар. Өзіңіз айтқан­дай, күнкөріс көзі болып отырған жұмысынан аяқастында негізсіз босап қалып, қайтадан орналасуға қайран бол­май, тауы шағылып, тіпті өзін-өзі өртеу­ге дейін барып жатқандар бар. Қай мекемеге барса да арыз-шағымына құлақ аспай, нәтиже болмай, шарасыз күйге тап болған жандар да жүр арамызда. Осындай адам­дар­ға кәсіподақ қөмек бере ала ма?
– Береді. Осы сәтті пайдаланып айта кетейін, жұрттың көбі біле бермеуі мүм­кін, қазір кәсіподақ ұйымдарында даулы мәселелерді тату жолмен шешетін орта­лық­­тар бар. Атам қазақ бұрын ел ішін­дегі дау-дамайы көп жағдайды ешқандай сотсыз-ақ араағайындық жол­мен, тату түрде, ың-шыңсыз шешіп отыр­ған ғой. Қазіргі тілмен айтқанда – медиа­ция. Кәсіподақтар Федерациясы осы түйіткілді мәселені шешу үшін Қазақстан Жоғарғы сотымен меморандум жасады. Соның нәтижесінде татуласу орталығы ашылды. Бұл орталықтың құрамында кәсіподақ ұйымы бар, медиация мен адвокатура бар, бірлесе отырып арыз-шағымдарды сотқа жеткізбей, екіжақты тату түрде, оңтайлы шешуге күш-жігер жұмсап отыр. Бұл да – кәсіподақтың беде­лін арттыратын жаңаша жұмыс. Кәсіп­одақтар Федера­ция­сы республика Үкіметі және Ұлттық кәсіпкерлер пала­та­сы­мен де жұмысты жаңғыртуға байла­ныс­ты 2018-2020 жылдарға арналған бес келісімге қол қойды. Бұл келісімдерді жасаудағы негізгі мақсат – еңбек заңна­ма­сының қатаң сақталуына бақылауды күшейту, әлеуметтік стандартты кезең-кезеңімен жақсарту.
– Енді өзіңіз тікелей басшылық жасап отырған салалық кәсіподақтың жұмысы жайлы әңгімеге көшсек. Алдымен білгім келгені – сіз көп жыл қызмет жасаған Президент Әкімшілігінде кәсіподақ ұйымы бар ма өзі?
– Бар. Тіпті тоқсаныншы жылдардың басынан бері кәсіподақ ұйымы жұмыс істеп келеді. Барлық министрлік пен облыстық, қалалық және аудандық әкімдіктерде де кәсіподақ ұйымдары бар. Біздің салалық кәсіподақ мүшелерінің қатары бүгінде 86 мыңнан асты.
– Кейінгі жылдары жаңадан мемле­кет­тік құрылымдар жасақталды. Онда да кәсіподақ ұйымдары бар ма?
– Әрине. Мәселен, Мемлекеттік қыз­мет істері және сыбайлас жем­қор­лық­қа қарсы іс-қимыл агенттігінде бірінші рет бастауыш кәсіподақ ұйымы құрылды. Қарағанды, Маңғыстау, Шығыс Қазақ­стан өңірлерінде де кәсіподақтың облыс­тық филиалдары жұмыс істей бастады. «Азаматтар үшін үкімет» мемлекеттік корпорациясының» кәсіподақ ұйымы да біздің құрамға енді. Не керек, соңғы бес айдың өзінде кәсіподақ мүшелерінің қатары 15 мың адамға артты. Бұл жұмыс тоқтап қалмайды, жалғаса береді. Орта­лық, аймақтық және жергілікті мекеме­лерде, банк жүйесінде, қоғамдық қызмет орындарында бастауыш кәсіподақ ұйымдарын жаңадан құруға ұмтылыс бар. Сондықтан қатарымыздың алдағы уақытта мыңдап артатынына сенімдімін.
Мемлекеттік қызмет істері және сы­бай­­л­ас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агент­­тігі және кәсіподақ ұйымымен бірін­­ші рет 2018-2020 жылдарға арналып сала­­лық келісім жасалды. Ондағы мақсат – мемлекеттік қызметкерлердің еңбек, әлеуметтік-экономикалық құқық­тары мен заңды мүдделерін қорғау. Бұл әлеу­мет­­тік әріптестік, әлеуметтік-еңбек қаты­настарын келісімшарт негізінде реттеу бойынша жүзеге асады. Осы келі­сім­де мемлекеттік қызметкер­лер­ге меди­циналық қызмет көрсету де қарасты­рыл­ған.
– Елбасы мемлекеттік қызметкерлердің сегіз сағаттан артық жұмыс істеуін сынға алған еді. Бұл бағытта бірлескен жобалары­ңыз бар ма?
– Иә, осы мәселеге байланысты Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі өкілдерімен бірге кәсіподақ ұйымдары еліміздің мемлекеттік органдарында еңбек заңдылығының сақталуына байла­ныс­­ты тексерістер жүргізе бастады. Нәти­же ойдағыдай. Тек министрліктерде ғана емес, аймақтардағы мемлекеттік меке­­ме­лерде де осы іс жалғасады.
Бірқатар кәсіподақ мүшелерінің еңбек­ақы мен зейнетақыға көңілі толмай­ды. Бұл – әсіресе, жалақысы төмен мемлекеттік қызметкерлерге, халыққа қызмет көрсету орталықтары мен әлеу­мет­тік және басқа да мекемелердің ма­ман­­дарына қатысты жағдай. Олардың зей­­нет жасына жеткенде алатын зейнет­ақы­сы мардымсыз, күнкөріске жетпейді. Қосымша жұмыс істеуге мәжбүр. Онда да жұмыс табылса жақсы. Табылмаса барға қанағат етуіне тура келеді. Ал денсаулығы жоқ зейнеткер­лер­дің қосымша жұмыс істеуге шамасы келмейлі. Бұл да – кәсіп­одақ араласуға тиісті өзекті мәселенің бірі.
– Кәсіподақ мүшелерінің еңбек қауіп­сіз­дігі мен денсаулығы да назардан тыс қалмайтын шығар?
– Ауру-сырқауға шалдықтырмайтын бірден-бір жол – денешынықтыру. Қазір мемлекеттік мекемелердегі ыңғайлы орын­дарда қарапайым спорт жабдықтары орна­тыла бастады. Бұл мемлекеттік қыз­мет­керлердің демалыс сәттерінде дене­шы­нықтырумен айналысуы үшін жаса­лып жатқан жағдай. Өйткені дені сау қызметкердің өнімді жұмыс істейтіні айдан анық. Сонымен бірге, кәсіподақ мүше­лерінің санаторий мен пансио­нат­­­тарда, демалыс базаларында жеңіл­де­тіл­ген ем-дом алуына да жағдай қарас­ты­ры­лып отыр. Мәселен, Президент Әкім­­­­­ші­лігінің кәсіподақ ұйымы өз мүше­ле­ріне қаладағы фитнес орталықтары үшін 50 пайыз жеңілдік жасайды. Ал Инвестициялар және даму министрлігін­де­гі кәсіподақ мүшелері спортзалға тегін барады. Сегіз облыста кәсіподақтың тоғыз санаториі мен пансионаты бар. Онда түрлі сырқаттан емделуге болады.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Асқар АҒАБЕКҰЛЫ

Дереккөз: Айқын