Дәулет Тұрлыхановтың ұлына қатысты тергеу аяқталды

0

Алматыда адвокаттарды соққыға жықты деген Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыхановтың ұлы Нұрасыл Болатқа қатысты тергеу аяқталды деп хабарлайды Kznews.kz ақпарат агенттігі KTK телеарнасына сілтеме жасап.

Әскери-тергеу басқармасының мәліметінше, қатардағы жауынгер Нұрасыл Болат жанжал болған күні әскери жарғыны бұзып, қалаға қашып кеткен.

Тек төбелестен кейін полиция бөлімшесіне жеткізілгенде тауыпты. Ал депутаттың баласынан таяқ жеген заңгерлер моральдық шығын ретінде 25 миллион теңге сұрағалы отыр.

Қоғамдық резонанс тудырған төбелес ақпанда болған. Сол кездегі видео әлеуметтік желіге енді тарап жатыр. Кадрден Дәулет Тұрлыхановтың ұлы ерлі-зайыптыға жұдырық ала жүгіргені байқалады. Алдымен жігітті төпелеп, сосын оның әйелін ауыр соққысымен сұлатып түсірген.

Соққыдан есін жоғалтқан Анна Чернова 2 ай өтсе де, тамақты дұрыс шайнай алмай қиналып жүр. Төбелесте жағы мен иығын жарақаттаған әйел енді сотта моральдық шығын ретінде 25 миллион теңге сұрамақшы. Жәбірленуші тарап бұл қаражатты қайырымдылыққа жұмсауды жоспарлапты.

“Басқа азаматтар сияқты біз де құқығымызды пайдаландық. Моральдық шығынды өтеп беруді сұрадық. Сомасын айттық. Менің Инстаграм парақшамда оқырман саны көп. Көмек сұрайтын жандар жетерлік. Өзім де бірнеше қайырымдылық қорын білемін. Сот шешімімен бекітілген шығын көлемін айыпталушы тарап біздің қолымызға ұстатпаймыз десе де келісеміз”, — деді Анна Чернова.

Келеңсіз жайт «тиіспе» деген бір ауыз сөзден басталған. Атақты спортшының ұлы бір қызды жұлқылап жатқанын көріп, араша түскен ерлі-зайыптылар ақыры өздері оңбай таяқ жеді. Сондықтан олар ақша бергеннің өзінде айыпталушы тараппен татуласпаймыз, кімнің баласы болса да, заң алдында тиісті жазасын алу керек деген ұстанымда.

“Бізді ұрып жатқан видеоны кім және не үшін салғанын білмейміз. Сосын ол болған оқиғаның бір бөлігі ғана. Бізде одан да сорақы видеолар бар. Көздегеніміз ақша емес – әділдік. Бұл келеңсіз жайт барлығына сабақ болу керек. Тұрлыхановтың баласы жазасыз қалмау керек. Істі соңына дейін жеткіземіз”, — Олег Чернов.

Жамбыл облысында әскери борышын өтеп жүріп жанжалға араласқан сарбаз Нұрасыл Болатқа денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіру бабы бойынша айып тағылған.

Әскери-тергеу басқармасының мәліметінше, төбелес күні қатардағы жауынгер кешке дейін сұранып, әскери бөлімге қайтып оралмаған. 19 жастағы жігіт полиция бөліміне жеткізілгенде ғана оның Алматыда жүргенін біліпті.

“Жедел тергеу амалдары бойынша күдікті ретінде Болат.Н.Д кінәсі толықтай дәлелденді. ҚК 107-бабы, 2-тармағымен жүргізілген тергеу аяқталды. Қазіргі кезде іспен танысу жүріп жатыр. Бәрі біткеннен кейін Алматы әскери сотына жібереміз. Қазір Болат. Н.Д әскери бөлім бақылауында”, — ІІМ Оңтүстік-өңірлік әскери-тергеу басқармасының басшысы Мұхит Жауғашев.

Жалпы бұл бап бойынша 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Бұған дейін Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыханов баласы істеген әрекетіне өз жауап беретінін айтқан еді.

«Балам кәмелетке толған. Сондықтан қолымен істегенді мойнымен көтереді», — деді.