Дауға айналған мәселе: Бекболат Тілеуханның түзетулері қабылданбады

0

Қоғам

Қысқа сілтеме алу

0 0 0

Отырысқа қатысқан 79 депутаттың 76-сы құжатты жақтап дауыс берді. Бір депутат қарсы болды, ал екі адам қалыс қалды

НҰР-СҰЛТАН, 13 мамыр – Sputnik. Енді екпе егілмеген бүлдіршіндерді балабақшаға қабылдау «ұжымдық иммунитеттің» деңгейіне байланысты болады. Мәжіліс халық денсаулығы туралы кодексті екінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Мәжілістің жалпы отырысында «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекс жобасы екінші оқылымда қаралды.

Депутат Зәуреш Аманжолованың айтуынша, қорытынды салыстырмалы кестеге қабылданған 717 түзету енген. Екі түзету қабылданған жоқ.

«Оның біріншісі, депутат Бекболат Тілеуханның «Профилактикалық екпе салу» 89-бабы 1-тармағында «міндетті» сөзін «құқылы» сөзіне ауыстыру бойынша, ал екінші түзету екпе егілмеген балаларға балабақшаға баруға тыйым салатын норманы алып тастау бойынша», – деді ол.

Аманжолова аталған бап сарапшылармен, жұртшылықпен және медицина қауымдастығының өкілдерімен жан-жақты талқыланғанын атап өтті. Сонымен қатар, халықаралық тәжірибе де зерделенді.

«Нәтижесінде мынадай шешім қабылданды: барлық екпе міндетті және ерікті болып екі топқа бөлінеді, ал бүлдіршіндерді балабақшаға қабылдау «ұжымдық иммунитеттің» деңгейіне байланысты жүргізіледі», – деп түсіндірді депутат.

Бекболат Тілеухан өзі енгізген екі түзетуді дауысқа қоюды талап етпейтінін жеткізді.

«Мен жұмыс тобында айтатынымды айттым, сайлаушылардың аманатына қиянат жасағаным жоқ. Жалпы вакцина алған адамға ауру жұқпайтын болса, басқаны вакцина алуға мәжбүрлеудің не қажеті бар. Мен осыны түсінбедім. Әлде менің түсінігім саяз ба, білмеймін. Қысқасы, мен мәжбүрлі вакцинацияға қарсымын, балабақшаға қатысты шатағым жоқ, кетсе, кете берсін. Мен мәжбүрлі вакцинацияға қарсы позициямда қаламын», – деді Тілеухан.

Осыдан кейін төменгі палата кодекс жобасына дауыс берді.

Оқи отырыңыз: «Үкімет күшіне сенбей ме?»: Бекболат Тілеухан екпе туралы заңға қарсы шықты

Жалпы отырысқа қатысқан 79 депутаттың 76-сы құжатты жақтап дауыс берді. Бір депутат қарсы болды, ал екі адам қалыс қалды.

Осылайша халық денсаулығы туралы кодекс екінші оқылымда мақұлданып, сенатқа жолданды.



sputniknews.kz