«Даудың басы — көк сиыр»: Нұр-Сұлтанда монстрация өткізбек болғандарға полиция айыппұл салды — Қазақстан жаңалықтары

0

25 тамыз күні Нұр-Сұлтандағы «Хан шатыр» ойын-сауық кешені алдында монстрация қойылымын өткізбек болған бірнеше жас азаматты полиция әкетті. Бұл туралы бірнеше желі қолданушысы желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

монстрация

Сурет: facebook.com/izbassarova

Олардың бірі — «Қаhарман» қозғалысының мүшесі Әлия Ізбасарованың айтуынша, өздері жоспарлаған шараға суреттер мен басқа да заттарын әзірлеп апарған жастардан ойын-сауық кешені алдына барған полиция мен әкімдік өкілі «митингіні доғаруды» талап еткен. Бұл жерге митинг емес, әзіл-сықақ шарасын өткізуге жиналғанын түсіндірмек болған жастарды полиция автобусына салып, «Хан шатыр» маңынан алып кеткен.

«Біз тек әзіл-сықақ мазмұнында әзірленген плакаттарымызды шығарып, біраздан соң тараймыз деп ойлағанбыз. Бірақ әкімдік өкілі мен полиция ескертуінен кейін кетуге жинала бастадық. Полиция өкілдері бізді аялдамаға дейін «шығарып саламыз» деп айтты да, автобусқа салып полиция бөліміне әкетті. Кейін әрқайсымызға хаттама толтырған соң босатты», — дейді Әлия Ізбасарова.

Оның сөзінше, жастар шара өткізуге әзіл-сықақ жазылған плакаттардан бөлек екі сиырдың костюмі мен «Екі сиыр елді құтқаруға дайын» деген орысша жазуы бар баннер дайындап апарған. «Плакатымызды да, басқа заттарымызды да түгел полиция алып қойды» дейді Анастасия Гузева.

Асқар Абаев, Анастасия Гузева, Лейла Қалабаева, Жанбота Әлжанова, Әйгерім Мұхамеджанова, Әлия Ізбасарова, Айжан Қасымова, Елизавета Цой мен Дана Бегазинованы Нұр-Сұлтандағы Есіл аудандық полиция басқармасына қарасты 18-бөлімшеге жеткізіп, олардан түсініктеме алған. Оларға әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 443-бабы бойынша «Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысатын адамның заңды талабына бағынбағаны» туралы әкімшілік хаттама толтырған.

Полиция бөлімшесінде белсенділердің бірі Жанбота Әлжанованың денсаулығы нашарлаған соң, оны жедел жәрдем көлігімен ауруханаға алып кеткен.

Полиция бөлімшесінде дәлізде отырған прокурор Айдан Омаров «Ханшатыр» кешені жанынан жеткізілгендердің барлығы үйлеріне қайтып кеткенін айтты. Ал кезекші полиция қызметкері Абай Батырқұлов қыздарды босатып қоя бергендерін, бөлімше ішінде тек бір жігіттің қалғанын хабарлап, бұдан басқа ақпарат беруден бас тартты.

Белсенділердің адвокаты Ольга Эннің сөзінше, полиция өкілдері оған «учаскеге жеткізілгендерге хаттама көшірмесі ұсынылғанын, бірақ олардың алудан бас тартқанын» айтқан.

«Әрине, ешкімге ештеңе ұсынбағаны белгілі. Бұлар сол хаттамаға сәйкес айыппұл төлейді, бірақ біз міндетті түрде шағымданатын боламыз», — деді заңгер.

«Қаhарман» қозғалысының белсенділері 24 тамызда Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшаларына «Ханшатыр» ойын-сауық кешені жанындағы Nur Sultan жазуы алдында әзіл-сықақ шарасын (монстрация) өткізетіндерін хабарлап, жұртшылықты оны тамашалауға және өз үлестерін қосуға шақырған. Олар шара барысында Қазақстанның бұрынғы президенті, биліктегі «Нұр Отан» партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 21 тамызда Нұр-Сұлтанда өткен партия жиынында мемлекеттен жәрдем сұраған тұрғындарды «үкіметке қол жаяды» деп сөгіп, «микрокредит алып екі сиыр сатып ал да, өзіңді асыра» деп айтқан сөзіне байланысты әзіл-сықақ көрініс қоюды жоспарлаған.

Stan.kz ақпарат агенттігі Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментінен осы жағдайға байланысты сұратым хатқа ресми жауап күтіп отыр. 

stan.kz