ДӘСТҮРЛІ ӨНЕРДІҢ НАСИХАТЫ НЕГЕ КЕМШІН?

0
98

Әбдіжаппардың әні мен Төреғалидің тентектігі дегенде ұлардай шулап кететін ағайын, неге дәстүрлі әншілердің шығармашылығына үңілмейді? Қаузай берсек, себеп көп. Сірә, заманның тынысы, адам санасының жеңіл дүниеге бой үйретуі, жоғары шенділер арасында жанашырлық пен турашылдықтың жоғалуы – бәрі-бәрі әсер етсе керек. Қастерлі мұрамыздың, таным-табиғатымыздың сол көне әндерде, ескі дәстүрде жатқанын бәріміздің де ішіміз сезеді. Бірақ соны қолдауға, қолпаштауға, насихаттауға келгенде тәуекеліміз кемшін түседі. Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында дәстүрлі өнердің мәртебесін арттыру мәселесі де көтерілген. Әрине, бұдан соң дала фольклоры мен музыкасына тың серпін берілетіні де анық секілді. Осы орайда дәстүрлі өнер үшін шыр-пыры шығып, еңбек етіп жүрген екі азаматымызға хабарласып, пікір сұраған едік. Бірі дәстүрлі өнер мен өнерпаздар кездесіп жүрген түйткілдерді тайсалмай айтса, екіншісі жетістіктер мен дәстүрлі әннің руханиятқа тигізер әсерін сипаттады.

Ұлттың жаны өлмесін десек, дәстүрлі өнерге мойын бұру ке­рек». Белгілі дәстүрлі әнші, өнер­танушы Ерлан Төлеутай осылай дейді. Әрине, қазақтың ескі әні мен өнерін көне заманнан аршып алып, қазірге алып келу әсте оңай шаруа емес. Қиын екен деп қашқақтап жүруге тағы болмайды. Қатпар-қатпар қойнауда жатқан тарих, ғасырлар бедерінде ескіріп қала берген есті әндер қазіргі ұрпақ тарапынан болатын үлкен тәуекелді күтіп жатыр. Кешіктіре берер болсақ, олардың да сағым­дай бұлдырап қала берері хақ. Көшпелі мәдениеттен қалған өзі екі мұра бар еді. Бірі халық ауыз әдебиеті болса, екіншісі – музыка. Бабалар аманат еткен осы құн­дылықтардың қадіріне жете алмай отырғанымыз өте өкінішті дейді өнертанушы. Айтуынша, дәстүрлі өнердің дамымай жатқанына бірнеше фактор қатар әсер етуде.
– Музыкамыз XX ғасыр зұл­мат­тарынан да аман өтті. Қазір қоғам өзгерді, басқа формациялар дендеп енді. Сөйтті де халық өзінің төл өнерін түсіне алмайтын дәрежеге түсіп кетті. Оның үстіне тобырлық мәдениет те, түрлі заманауи стильдер де халықты арбап алды. Дәстүрлі әншілердің қоғамдағы қадірі тым төмендеп кетті. Ескіден қалған маңызды мұраны арқалап, домбырасын асынып жүгіріп жүрген санаулы-ақ өнерпаз бар. Себебі, киелі өнер дегеннің өзі кез келген адамға қона бермейді ғой. Қазір қоғам сол өнерпаздарға құл секілді қарайды. Түрлі мемлекеттік деңгейдегі концерт, мерекелік шараларға шақырылмайды. Шықса тек жаттанды екі-үш әнші ғана шығады. Телеарналарды жаулап алған продюсерлер қолына дом­быра ұстаған қазақ баласын жан­дарына жолатпайды. Елбасының пәрменінен кейін ғана орында­рынан қозғалғандай болады, соның өзінде бірде-бір әншіге олар қаламақы төлемейді. Мәсе­лен, бір жерге шақырылсақ, арып-ашып өз ақшамызды жұмсап ба­рамыз. Өнерпаз қошемет көрмесе, қаржылай қолдауды сезінбесе, өнер қайтіп дамиды? Ал тобырлық мәдениеттің «тарландарында» есеп жоқ, олар көп. Компьютерлік технологияның арқасында әнші болған олар «Талант туады, тобыр күшіктейді» деп ақын Серік Ақ­сұңқарұлы айтпақшы, күн сайын күшіктеп жатыр. Күн сайын жаңа бір «жұлдыз», ай сайын бір «ай­маңдай» әнші «өнер көгімізде» жар­қырайды дегендей. Осылайша, тобырлық мәдениет өнерді кие­сінен айырды. Тобырлық мәде­ниет­тің «өнерпаздарында» өнер­дің киесі деген биік ұғым, ән-­күй­дің құдіреті деген асқақ сезім болмайды. Олар үшін өнер – бар болғаны пұл табудың көзі. Бар ынтасы фоно­грамманың кү­шімен ақша табудың жолына түскен псевдоөнерпаздар ештеңеден тайынбайды және арланбайды, – дейді ашынған ағамыз.
Ерлан ағамен әңгімелесу барысында, түсінгеніміз – кезінде Алматыдағы «Қазақ радиосының» ғимаратында әлемдегі теңдессіз дыбыс жазу студиясы жұмыс істеп тұрған. Кезінде деп әспеттегеніміз болмаса, айтып отырғанымыз XX ғасырдың соңғы ширегіндегі уақыт мөлшері. Сол уақыттарда Қайрат Байбосынов, Жүсіпбек Елебеков секілді қазақ дәстүрлі әнінің қаймақтары сол студияға барып ән жаздырады екен. Атал­ған студиядағы мамандар да аса кәсіби деңгейде жұмыс атқарған. Елге белгілі әншілер мен әндерді жинақтау арқылы сол заманда «Қазақ радиосы» таңдаулы әндер топтасатын «Алтын қорды» то­лық­тырып отырған. Қазір бұл үрдіс жойылды. Әлгі тамаша сту­дияның да кімнің меншігіне өтіп кеткенін білмейміз дейді әнші ағамыз.
– Қазір «Қазақ радиосының» маңайынан жүре алмайсыз. Таң­даулы адамдар ғана жүреді. Бұл – ащы болса да шындық. Дәстүрлі әншілер ары кетсе университет, оқу орындарында сабақ береді. Алатын жалақысы да мар­­дым­сыз. Халық оларды жары­тып тойға да шақырмайды. ­Се­бебі, той биз­несті түгел­дей дерлік пысық ­про­дюсерлер, той агент­­тіктері жаулап алды.
Елбасы ұлттық өнер­дің дәрежесін кө­теру, на­сихаттау жа­йында қай­та-қайта айтып жатыр. Бірақ мә­дениет ошақ­тары ком­мерция­ланып, ақша табу объек­ті­сіне ай­налып кеткен­дік­тен, бұл ұлт­тық өнердің насиха­тына кәдім­гідей кедергі боп тұр. Қазір бар­лық өнер ғимарат­тарын қаржы табуға мәжбүрлеп, мін­деттеп қойған. Театр, филар­мо­ния, кон­церт сарайлары өзде­рі­нің жұрт­қа өнер шашатын, хал­қы­мыздың эстетикалық тал­ға­мын түзейтін, қалыптас­ты­ратын өнер орда­лары екендігін ұмытып, ми­нистрлік пен әкім­діктер қазы­насына қаржы құятын малтабар мекемелерге айналуда. Сон­дықтан Елбасының «Бола­шаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдар­ламасын жүзеге асырамыз десек, алдымен мәдениет меке­ме­лерін «сауын сиыр» қылғанды тоқтату керек. Өйткені олар – идео­ло­гиялық ме­кемелер. Ал идео­ло­гия­ны ком­мер­цияланды­руға бол­майды, – дейді Ерлан Төлеутай.
«Адырна» ұлттық-этногра­фиялық бірлестігінің басшысы Арман Әубәкірдің сөзінше, қазіргі жастардың дәстүрлі өнер хақын­дағы таным-түсінігі тым төмен. Көбісі Балуан Шолақтың спортшы екенін ғана біледі екен. Ал әнші, композитор екенінен хабарсыз. Шыны керек, Арман соңғы 10 жыл көлемінде халық компози­торларын дәріптеуге арналған дәстүрлі ән кештерін ұйым­дас­тырумен айналысып келеді.
«Бұл – бізге тәуелсіздіктің берген бір сыйы» дейді ол. Жоғарыда осы саладағы кемшіліктерді біраз тізбелеп алған соң, Арманмен сұхбат құру барысында бірқатар жетістіктердің де төбе көрсетіп келе жатқанын аңғардық.
– Ұлттық дәстүрді, ұлттық өнерді насихаттау – айтар ауызға жеңіл болғанымен, іске келгенде аса ауыр, жауапкершілігі зіл батпан шаруа. Көне мұрамызды тірілту, шаң басқан ескі әндердің алтындай жарқырап ел алдында айтылуы – ғанибет дүние. Елба­сымыздың бұл тарапта пікір біл­діріп, нақты ұсыныстар жолда­уы – біздің жай-күйімізді дөп басқандай. Танымал тұлғалардың да төрт-бес әні ғана танымал. Көпшілігі нотада қалған, аймақ­тарда бірер кісілер ғана біледі не болмаса архивте жатып қалған. Біз сол әндерді тірілтіп, үлкен сахнаға алып шықтық. Кеше он бірінші концертімізді Естайдың шығар­машылығына арнап өткіздік. Ән кешінде 18 ән орындалды. Бұл – үлкен жетістік. Әйтпесе, ол кісінің осы күнге дейін төрт-бес әні ғана орындалып келген. Бұл кешті өткізу жолында Жоламан Құжи­манов, Еркін Шүкіманов, тағы да басқа беделді ағаларымыз өнер көрсетіп, қолдау танытты. Осы орайда Елбасының мақала жазып, ұлттық өнерге назар аударғаны қуаныш сыйлайды, – дейді «Адырна» жетекшісі.
Ұлттық-этнографиялық бір­лестік пен дәстүрлі әншілер біріге өткізіп жүрген кештердің ерек­шелігі – лекция концерт фор­матында жүргізілуі. Мұндай фор­маттың арқасында көрермен тек ән тыңдап қана қоймай, ком­позитор және оның шығарма­шылығы туралы терең мағлұмат та алады. Бұл біздің ішкі танымы­мызды көркейтіп, бабалар қал­дырған ғибратты өнерге деген аңсар сезімді арттыра түспек. Елбасымыздың өзі ежелгі халық ауыз әдебиетіне, қисса, дастан, эпостарға мән беруіміз керек екенін айтып өткен еді.
– Осы жолы оқу орындарымен келісе отырып, Естайдың ән ке­шіне жастарды жинадық. Сондай арнайы шақыртумен, оқу орны басшылығының бағыт сілтеуімен келгеніне қарамастан, жастар кешті соңына дейін тапжылмай тамашалады. Ортасынан шығып кеткен жоқ. Шын мәнінде, сүй­сінді. Мұны көріп, біз де таңғал­дық. Риза болдық. Көп жастары­мыз ұлттық өнеріміздің бар еке­нінен, оның кереметтігінен ха­барсыз. Естайдың ән кешінен соң, «осындай да ән болады екен ғой, құдіреті не деген ғажайып» деп шынайы ықыласын білдіріп жат­ты. Әлбетте, олар мұндай се­зім­дерін өзге достарымен де бөліседі. Сөйтіп, бір-біріне ықпал жасайды деп үміттенеміз, – дейді Арман Әубәкір.
Мақаламызға пікір білдіру­шілер «осыған дейінгі жұмыс­тарымыз құзырлы органдар, мәдениет министрлігі тарапынан ескерусіз қалып келсе, енді Елбасы мақаласынан кейін жоғары деңгейде көңіл бөлінетін шығар» деп үміттенеді.

Ерлан Төлеутай:

– Елбасының мақа­ласын оқып шықтым. Ол жердегі мәселе өте орынды көтерілген. Рухани мұра­мызды жинақтап, жарқыратып көрсету – қа­жет­тілік. Бірақ ол тапсырманы орындау үшін дәстүрлі өнерге бұқаралық сипат беру керек. Оны жоғарыдағы ағалар түсініп, биік парасат, кәсіби тазалық тұрғысынан қарағаны жөн. Олай болмаған күнде төмендегі біз секілді адамдардың көрген күні – зобалаң. Ісіміз алға баспайды. Шаруамыз шатқаяқтап кете береді. Қыл аяғы Алматыда дәстүрлі ән кешін өткізу үшін қаптаған қағаз жасау қажеттілігі туындайды. Қала берді сахна табудың өзі азап. Қайда барсаң да өнер мекемелері қымбат жалға алу құнын сұрайды. Оны төлеуге біз секілді қарапайым адамдардың қалтасы көтермейді. Бірақ бізге, халыққа төл өнер керек. Шынын айтайын, үкіметке ризамын. Руханиятқа деп ақшаны аямай бөліп жатыр. Алайда сол қаржы төменге дейін түгел жетпейді. Кітап жазсақ та баспа ақша төлемейді, «ән кешін өткізіп еңбектендің-ау» деп бірде-бір концерттік бірлестік қаржы бермейді. Дәстүрлі әншілер де адам баласы ғой.

Абай АЙМАҒАМБЕТ

Дереккөз: Айқын