Home Жаңалықтар Дарынды балаларды облыс әкімі құттықтады

Дарынды балаларды облыс әкімі құттықтады

0
113

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың ақтөбелік дарынды балаларға арналған жаңажылдық шыршасы өтті. Жекпе-жек сарайында өткен мерекелік кешке облыстың 213 дарынды оқушысы қатысты.

Балалар сарайдың кең залында орнатылған жасыл шырша маңында би билеп, ән шырқады. Ертегілер еліне саяхат жасап, «Алиса ғажайыптар елінде» атты жаңажылдық қойылымның куәсі болды. Дәстүр бойынша жаңажылдық шыршаның шамдары жағылған соң облыс әкімі Бердібек Сапарбаев балаларды келе жатқан жаңа жыл мерекесімен құттықтап, ақ тілегін жеткізді.

— Айналайын, балалар, Жаңа жыл — сіздердің асыға күтетін мерекелеріңіздің бірі. Бүгінгі жаңажылдық шыршаның ерекшелігі — бұған біздің Ақтөбенің ең жақсы оқитын оқушыларымен қатар, халықаралық, республикалық конкурстардың жеңімпаздары қатысып отыр. Сіздер — біздің болашағымызсыздар. Біз сіздердің қатарларыңыздан кем болмай, білімді, тәрбиелі, мәдениетті болып өскендеріңізді қалаймыз.

Ақтөбеде соңғы 10 жылда 5000-ға жуық бала көптеген олимпиадалардың жеңімпазы атанды. Сендер солардың жалғасысыңдар. Бүгінгі таңда өңірде салынып жатқан мектеп, спорт нысандары, мәдени орындардың барлығы тек сіздер үшін. Біз сіздердің заман талабына сай жаңа технологияларды, жаңа бағдарламаларды игеріп, болашақта елімізді дамыған 30 елдің қатарына енуі үшін өз үлестерін қоссын деген ниетте жұмыс жасап жатырмыз. Мен сіздердің барлығыңызды облыс басшылығының атынан келе жатқан Жаңа жылдарыңмен құттықтаймын. Жақсы оқыңдар! Ата-аналарыңды, ұстаздарыңды тыңдаңдар. Спортпен, өнермен шұғылданыңдар. Сол кезде жерлес ағаларың Димаш Құдайберген секілді еліміздің атын әлемге танытасыңдар, — деді облыс әкімі.

Шара барысында облыс әкімінің атынан балаларға сыйлықтар тарту

етілді. Тәттілермен қатар, түрлі ойыншықтар, ақыл-ойды дамытуға арналған конструкторлар таратылды. Мерекелік шараға қатысушылардың бірі — Шалқар қаласының №5 мектеп-лицейінің 6-сынып оқушысы Найман Хамит.

— Облыс әкімінің шыршасына алғаш қатысуым. Бүгінгі мерекелік шараға қатысу кімге болса да үлкен мәртебе деп білемін. Өте қуаныштымын. Көңіл күйім де тамаша. Әрине, бұл оқудағы жетістіктерімнің арқасы. Болашақта еліміздің атын әлемге танытар дәрігер болғым келеді. Ол үшін бүгіннен бастап оқу керек, — дейді Найман.

Облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаеваның айтуынша,өңірде жаңа жылдық шыршалар 24 желтоқсаннан басталған және ол 31 желтоқсанға дейін жалғасады.Сондай-ақ облыстың бас ұстазы биыл облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен 31 желтоқсан күні сағат 10.00-де «Балаларға қуаныш сыйла!» атты кең ауқымды акциясы өтетіндігін айтты. Акция аясында ерекше білім беруді қажет ететін 3626 балаға бір мезетте мемлекеттік мекеме өкілдері, Аяз ата мен Ақшақар арнайы барып сыйлықтар табыс етеді

«Қамшы» сілтейді