Дәрімен арықтауға бола ма?

0

Қазір әлеуметтік желіде арықтататын немесе салмақ қосуға көмектесетін дәрілердің жарнамасы толып тұр. Жасыратыны жоқ, мұндай дәрілерді сату үлкен бизнеске айналған. «Ішсеңіз бір-екі аптада артық салмақтан айрыласыз» деп елді сендіріп, қарық болып жүргендер қаншама.

Артық салмақ пен семіздік жаһандық денсаулық мәселесі болып табылады. Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының мәліметінше қазақстандықтардың 20 пайызынан астамы семіздікке шалдыққан. Оңай жолмен арықтаймын деп, қоспаның зиян тұстарын ескере бермейтіндер де бар. Өйткені аз уақыттың ішінде адам дәріге тәуелді боп қалатын көрінеді.

– Бір айда 15-20 келі салмақ тастау дұрыс емес. Бүгін болмаса да біраз уақыттан кейін кері әсерін тигізеді. Ішек қабынуларына да алып келуі әбден мүмкін. Біздің ағзамыздағы ұйқы безі тамақ қорытатын ферменттер жасап шығарады. Бұл дәрілерді тұтыну ұйқы безінің қабынуына, шаштың түсуі мен тырнақтың  сынғыш болуына да алып келеді, – дейді диетолог Гүлмира Дымық.

Денедегі артық салмақ қимыл-қозғалыстың аздығынан, тапжылмай телефон, компьютерге байланудың салдары. Мамандардың айтуынша, бұл ауру түрі ойлау қабілетін төмендетіп, өмірге ұрпақ әкелуді тежейді. Арықтататын дәріні тұтынып, зардап шеккендердің бірі – Гүлнара Атабаева. Артық салмақтан оңа арылғысы келген келіншек өзінің қателігін басқалар қайталамаса екен дейді.

– Артық салмақпен күресіп жүргеніме 15 жылдан асты. Күнделікті қозғалысым мен тыныс алуым қиындай бастаған соң салмақ тастауды ұйғардым. Біз жалпы нәтижеге бірден жеткенді жақсы көреміз ғой. Күрескенді ұнатпаймыз. Солай мен де 15 жыл жинаған артық салмағымнан 1 айда айырылғым келді. Сөйтіп құрбыларымның нұсқауымен, дәріні тұтынып көрдім. Сатып алған келіншек күнделікті ас мәзірін құрып берді. Алғашқы күндерден-ақ салмақ тастай бастадым. Дәріні толық 1 ай қабылдадым. Бастапқы салмағымнан 8 келі тастаған соң, ары қарай жалғастыра бердім. Не керек, соңында 17 келі тастадым. Алайда, дәріні тұтынуды тоқтатқаннан кейін 1 ай өтпестен тастаған салмағымды қайта жинап, тіпті үстінен қосып алдым. Кейін қан қысымым бір қалыпта тұрмайтын болды. Сол кезде ғана бұл дәрілердің уақытша нәтиже беріп, денсаулыққа зиян келтіретінін түсіндім, – дейді Гүлнара Атабаева.

Артық салмақ жаһандық проблемаға айналғалы қашан? Мамандар зат алмасу процесінің баяулайтындығынан семіздікке көбінесе 40 пен 60 жас аралығындағы ересектер жиі ұшырайды деп отыр. Шамадан тыс семіздік өмір сүру ұзақтығын орта есеппен 7 жылға қысқартатыны да ғылымда дәлелденген. Дәрігерлер арықтаудың ең тиімді әрі қауіпсіз жолы дұрыс тамақтану екенін айтады. Қауіпті препараттар артық салмақтан айырылуға көмектеспейтінін ескертті. Сол себепті өз денсаулығымызды күтіп, салауатты өмір салтын ұстануға тырысайық!

фото: kp.ru