«Дәрігерлердің көңілін көтергенше, айлығын көтермей ме?»: Актер Қайрат Әділгерей салют атқандарды сынға алды

0

Елорда күніне орай 6 шілдеде атылған отшашу әлі де қоғамның қызу талқысында. Коронавирус дерті дендеген заманда мерекелік салют ұйымдастырған ұжымның қылығы танымал актер Қайрат Әділгерейдің де қытығына тиген.

«Салют – шынымен де шектен шығу. Астанадан дос балам хабарласты, әкесі қайтыс болыпты. 6 шілде күні түсте қайтыс болған, кешке мәйітхандан алып үлгермепті. Адам көп 7 шілде аласыңдар депті. Сөйтіп қайғырып отырсақ терезеден салютті көрген кезде не жыларымызды, не ашуланарымызды білмей, тек салюттің дауысын тыңдап отырдық дейді. Ауыр, қандай ауыр!» — деді актер инстаграмдағы тікелей эфирде.

«Отшашу – медицина қызметкерлеріне көрсеткен құрметіміз әрі індет кезінде тынбай төккен мамандардың көңілін көтергіміз келді!» Атышулы салютті жаққан Нұр-Сұлтан қаласындағы мәдениет бөліміндегілердің жауабы осындай болған еді. Бұл түсініктемеге Қайрат Әділгерейдің айтар уәжі бар.      

«Дәрігерлердің көңілін көтергенше, айлығын көтермей ме, халықтың иммунитетін көтермей ме екен. Ол салют атылмаса болмайды депті. Ол сонда айран ба, сүт пе ашып кететін. Құдды бір сол күні атылмаса ашып кететіндей», — дейді ашуланған Қайрат Әділгерей.

Ашуға булыққан актер билік басындағыларды да сынап алды. Қайраттың айтуынша, қазіргі Қазақстанның жағдайын жоғарыдағылар емес, қарапайым халықтың өзі көтеріп отыр.

«Мешітті халық өздері салып жатыр, ауру балаларды өзіміз емдеп жатырмыз, үйі жоқтарға бүкіл халық ақша жинап өзіміз үй алып беріп жатырмыз. Коронавируспен ауырып жатыр еді, оны өзіміз емдеп, енді аппаратты халық өзіміз алып жатырмыз. Бұйырса, осы коронавирус біткеннен кейін астанадағы Қабанбай батыр көшесін оңдау үшін Қытайдан ақша сұраймыз деді ғой. Соны сұратпау керек, керегі жоқ. Өзіміз ақша жинап оңдап береміз», — дейді әзілкеш мысқылдап.

Айта кетейік, таяуда ғана Баян Мақсатқызы да Қазақстанның бүгінгі ахуалына көңілі толмай айтып, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа әлеуметті желі арқылы бірнеше ашық хат жолдаған еді.

stan.kz