Дәрігерлер ұшақ апатынан зардап шеккендердің жағдайы туралы айтты

0

Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері 27 желтоқсанда Алматы маңында ұшақ апатынан зардап шеккендердің жағдайы туралы айтты. Қазір ауруханада 49 науқас жатыр.

— Түні бойы халі ауыр науқастардың жағдайын тұрақтандыруға қол жеткіздік. Қазір жеті науқастың жағдайы ауыр, бірақ тұрақты. Ауруханада 19 операция жасалды, қалалық ауруханада екі балаға ота жасалды. Алматы қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасы бес науқасты ауруханадан шығаруға дайындап жатыр. Мүмкін дүйсенбі күні тағы да шығаратын шығар, — деді Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Тілеухан Әбілдаев 28 желтоқсанда түс кезінде өткен баспасөз жиынында.

Мамандардың айтуынша, екінші ұшқыштың жағдайы ауыр, оған бел омыртқасына күрделі операция жасалған.

Бұған дейін апаттан зардап шеккен төрт адамның ес-түссіз жатқаны хабарланған еді. Дәрігерлердің айтуынша, қазіргі кезде төртеуі де есін жиған.

Баспасөз жиыны кезінде ұшақ апатынан зардап шеккен бір үйдің төрт баласының жағдайы туралы да айтылды. Апат кезінде олардың әкесі көз жұмған. Дәрігерлердің айтуынша, балалардың жағдайы тұрақты. Оларға әкесі туралы хабарды мамандармен ақылдасып барып, естіртеді.

27 желтоқсанда таңертең Bek Air авиакомпаниясының Fokker-100 ұшағы Алматы әуежайына жақын жерге құлады. Ұшақ бортында 93 жолаушы және бес экипаж мүшесі болған. 12 адам қаза болған.

Қаза болғандар арасында Informburo.kz сайтының редакторы Дана Круглова, ішкі істер органы зейнеткері генерал Рүстем Қайдаров, астаналық дәрігер Арман Исин және экипаж командирі Марат Мұрабаев бар.

Қазақстанда 28 желтоқсан жалпыұлттық аза тұту күні ретінде жарияланған. Сенбі күні бірқатар қалаларда белсенділер қаза болғандардың рухына құран бағыштап, гүл шоқтарын қойды.

27 желтоқсанда күндіз премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр ұшақ апатының себептері туралы болжам айтты. Оның айтуынша, ұшақ ұшқыштың қателігінен немесе техникалық ақаудан құлауы мүмкін. Оның айтуынша, апат алдында ұшақтың артқы бөлігі ұшып-қону жолағына екі рет тиген.

Премьер-министр Асқар Мамин апаттан қаза болғандардың отбасына әрқайсысына төрт миллион теңгедан (шамамен 10,5 мың доллар) төленетінін айтты. Bek Air компаниясының лицензиясы тоқтатылды.

Azattyq