Дәрігерлер үйіне жіберген: Bek Air ұшқышының неден өлгені айтылды — Қазақстан жаңалықтары

0

Алматыда ұшақ апатынан аман қалған екінші ұшқыш қайтыс болды. 54 жастағы Мейіржан Молдақұлов үйінде жүргенде халі күрт нашарлаған екен. Содан жедел жәрдем шақыртқан. Алайда дәрігерлер оны құтқарып қала алмады. Ішкі істер министрлігі ұшқыштың қазасында ешқандай қылмыс белгілері жоқ деп мәлімдеді. Ал «Бек Эйр» компаниясына қатысты дау одан сайын ушыға түсті. Қайтарылмай жатқан билет ақшасы мен апатқа қатысты тергеудің баяу жүруі мәжіліс депутаттарына ұнамады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап. 

ұшқыш

Мейіржан Молдақұлов басынан, жамбасы мен омыртқасынан ауыр жарақат алса да, аман қалған. Тіпті бірнеше отадан соң оңалып, дәрігерлер ұшқышты үйіне жіберуге бірауыздан шешім қабылдаған. Ауруханадан жазылып шыққан азаматтың арада апта өтпей жатып қайтыс болғанына енді дәрігерлер де таңданысын жасырмай отыр.  

«Бірнеше дәрігерлердің кеңесінен кейін ғана ол амбулаториялық емге шығарылған болатын. Амбулаторлық емге шығаруға ол кісіде толық мүмкіндік болды. Енді қандай жағдайлардың әсер еткенін білмейміз. Жүрегінен нақты ақау байқаған жоқпыз. Жалпы, ол кісінің психологиясында кейбір нелер бар екенін байқаған болатынбыз. Оны біз айта алмаймыз, кіммен сөйлескені туралы телефонмен, кімге ренжігені туралы, бұны егер тексеретін болса, жағдай анықталатын шығар», — деді Алматы облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің бастығы Тілеухан Әбілдаев.

Ұшқыштың өзі жазылғанымен, жан жарасы қалған екен. Айтуларынша, жедел жәрдем үйіне жеткенде жүрегі тоқтап қалған. Болжам бойынша, марқұм өкпе тамырларының тормбоэмбалиясынан көз жұмған. Ұшқыштың аяқасты өліміне қатысты түрлі болжам тараған еді. Дегенмен ішкі істер министрінің орынбасары марқұмның өлімінде «қылмыстың ізі жоқ» деп тоқ етерін айтты.

«Ұшқыштың өліміне әуе апатынан алған жарақаттарының немесе қандайда бір қылмыстық факторлардың қатысы жоқ. Мәселе – денсаулығында. Қалай болғанда да, сот-медициналық сараптама тағайындалды. Нақты себебін мамандардан еститін боламыз», — деді ҚР ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев.

Жалпы, «Бек Эйрге» қатысты дау бүгін тағы ушыға түсті. Апаттан соң арада бақандай бір ай өтсе де, зардап шегушілерге ешбір көмек көрсетілмепті. Одан қалды, ақшасы төленіп қойған билеттердің ақысын әлі күнге дейін қайтармай жүргені бүгін мәжілісте көтерілді.     

«Зардап шегушілерге әлі күнге дейін өтемақы төленбеген. Азаматтар Bek Air өкілдері ауруханаға, тіпті жерлеуге де келмегенін айтып азаматтар шағымданып жатыр. Билеттердің ақысы төленбеген. Бас прокурорға осыған қатысты депутаттық сауал жолдаймын. Азаматтардың мәселесін компания дереу шешіп берсін», — деді Мәжіліс депутаты Азат Перуашев. 

Перуашев тергеу ісінің де созылып кеткеніне наразы. Бұл сауалға қатысты да Ішкі істер министрлігінде жауап табыла кетті.     

«Ондай іс ешқашан тез бітпейді. Ол кәдімгі жол көлік оқиғасы да бір, екі, үш айға созылып кетеді. Оның себебі, арнайы сараптамалар керек. Ал ұшақ құлағанда, сараптама қиындайды. Қазір сараптамалар жүргізіліп жатыр», — деді ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев.

«Бек Эйрге» тиесілі ұшақ Алматы маңындағы Гүлдала ауылында құлаған. апаттан 12 адам көз жұмды. Атышулы істегі жалғыз куәгер – екінші ұшқыш та бақилық болды.  

stan.kz