«Дәрігерлер кімді аман алып қаламыз деп таңдайтын жағдайға жетті»: Еуропадағы қазақстандықтар коронавирусқа қатысты жағдаймен бөлісті – Қазақстан жаңалықтары

0
23

Бүкіл әлемді шарпыған коронавирус қазір 182 406 адамда анықталған. 79 433 адам аман-есен белгісіз кеселден айыққан. Әлі емі табылмаған вирус 7154 адамда асқынуларға алып келіп, салдарынан олар көз жұмған. Stan.kz тілшісі Еуропада тұратын немесе қызмет бабымен жүрген бірнеше жерлесімізге хабарласып, ол жақтағы жағдайды білді.

«Жуырда Италиядағыдай бізге де қатаң шаралар қолданатын тәрізді. Өйткені демалыс күндері халық сыртқа ағылып шығып, саябақтарда, мейрамханаларда жүрді. Ешкім сақтық шараларын сақтамады. Әу баста билік халықты үйде отыруға шақырып еді, сары жилеттер құқықымз бұзылып жатыр деп манифесттерге шықты. Бірақ билік түсінбейді екенсіңдер, онда мәжбүрлі түрде адам көп шоғырланатын шараларға тыйым саламыз деген шешім қабылдады. Барлық қызметкерлерді үйлеріне жіберіп жатыр. Шұғыл желілер жауап бермейді. Ел билігі тек жағдайыңыз күрт нашарласа ғана хабарласуды сұрайды. Ауруханалар толы, дәрігерлер кімді емдейтінін таңдайтындай жағдайға жетті. Жағдайы нашар қарт пен жас бірге түссе, жастарды құтқаруға тырысады», – дейді Францияда тұратын жерлесіміз.

Сауда саласында жұмыс істейтін жерлесіміздің айтуынша, бұрын сауда орындарында туристерден, әсіресе, қытайлықтардан ине шаншар жер болмайтын. Қазір дүкендердің бәрі бос, сатып алушылар – жоқтың қасы. Индира Францияда медицина аса қатты дамымағанын айтады, әдетте ауырып келген адамды тексеріп үйіне қайтарып жібере салады, дәріні көп жазып бермейді екен.

Ел президенті Эммануль Макрон сөз сөйлеп, барлық мектеп, балабақшалар мен университеттер жабылатынын хабарлады.

Десе де, күн санап коронавирусты жұқтырғандар көбейіп жатыр. Ең қызығы, Қытайдан келетін ұшақ жолаушыларын ғана тексеруден өткізуде, ал басқа елдер арқылы келген қытайлық азаматтар назардан тыс қалып жатыр.

Соңғы мәліметтерге сүйенсек, бүгіннен бастап Франция азаматтарына далаға қажеттіліксіз шығуға тыйым салынды. Шектеулер 15 күнге созылады. Ел президенті полиция қызметкерлеріне тәртіпке бағынбағандарға айыппұл салуға пәрмен берді. Айта кетсек, Францияда коронавирустан қайтыс болғандардың ең жоғары көрсеткіші тіркелді. 15 наурыздағы

Қазір Чехия астанасы Прагада жүрген журналист Өркен Жоямергенұлының айтуынша, әдетте туристерге толы Чехияда да бейсауат жүріске тыйым салынды. Елде Төтенше жағдай жарияланып, көшеге қыдырып шығуға шектеу қойылған.

«Бұған дейін Төтенше жағдай жарияланғанына 5 күн өтсе де, жұрттың бәрі тығылып, үйлерінде жата алмап еді. Енді шектеу тіпті күшейді. Соңғы бір күнде коронавирусқа шалдыққан 64 адам анықталды. Чехияда барлығы 253 кісі вирус жұқтырыпты», – дейді Өркен.

Прага дүкендеріндегі бос сөрелер. Фотосуреттер Өркен Жоямергенұлының Фейсбуктегі парақшасынан алынған

Германияның Саксония аймағында орналасқан Баутцен қаласында тұратын тағы бір жерлесіміз Аляның айтуынша, қоғамдық барлық орындар жабық, адамдардың арасында үрей бар, бір-бірін көргенде қол алып амандаспайды екен. Дүкендерде де дүрбелең байқалады, сөрелеріндегі барлық тауарды халық алып кетіп жатыр. Қазір ауруға шалдыққандар саны Германияда 1477 адамға жеткен, 6 адам қайтыс болып, 21 үйлеріне жазылып шығарылған.

Естеріңізге сала кетсек, Қазақстанда коронавирусты жұқтырғандар саны 27 адамға жетті. Нұр-Сұлтанда инфекцияның 14 жаңа жағдайы анықталды. Елордадағы науқастардың жалпы саны 16 адамға жетті. Алматыда инфекцияның 11 жағдайы тіркелді. Олардың арасында Алматыға Берлин – Минск – Алматы рейсімен келген екі жасар қыз бар. Осылайша, қазіргі уақытта Қазақстанда инфекцияның 27 жағдайы тіркелді.

Қазақстанда коронавирустың таралуына байланысты президент бір айға төтенше жағдай жариялады.

Дайындаған: Жанар Жансейіт

stan.kz