Дәрігер жұртты донор болуға қатысты ұстанымын тірі кезінде білдіріп кетуге үндеді
НҰР-СҰЛТАН, 7 маусым – Sputnik, Нұргүл Абай. Ағза ауыстыру адам өмірін құтқаратыны даусыз. Бүгінге дейін Қазақстанда орган ауыстыру бойынша 1800-ге жуық операция жасалған, оның 368-і – мәйіттік донорлардың арқасында. Дегенмен қоғамда кейбір дәрігерлер тірі пациентті «әлеуетті мәйіттік донор» ретінде қарастырып, оны емдеуге мүдделі болмауы мүмкін деген қауіп бар. Республикалық транспланттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметті үйлестіру орталығының басшысы Әділ Жұмағалиев Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұқбатында көпті мазалаған сұрақтарға жауап берді.
Күту парағында қанша адам тұр
Жұмағалиевтің айтуынша, бүгінде елімізде ағза ауыстыру бойынша кезекте 3323 адам тұр. Оның ішінде 2909 адам бүйрек, 247-сі – бауыр, 156-сы жүрекке, ал бір отандасымыз өкпеге мұқтаж. Күту парағындағы пациенттердің 92-сі – бала.
«Қазақстан бойынша бірыңғай күту парағын құрғанымызға екі жылдан асты. Ағза ауыстыру отасы еліміздің төрт қаласында – Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе және Шымкентте жасалады. Маңызды операция жасайтын транспланттау орталықтары міндетті түрде тексерістен өтеді. Қазір мұндай орталықтардың саны – сегіз, бәрі мемлекеттік», — деді ол.
Ал ағза алатын аурухана республикада небәрі 37 ғана. Органды кез келген ауруханада алуға болмайды. Арнайы медициналық жабдығы, білікті кадрлары бар донорлық орталықтарда алынады. Ол жерде трансплант үйлестірушілер жұмыс істейді.
«Адам комада жатқан кезде, Глазго шкаласы арқылы команың дәрежесін анықтайды. Егер үш балл алса, ол ең төменгі, мидың өлгені белгіленеді. Өлім констатациясы деген процесс. Алты сағаттан 72 сағатқа дейін жүргізіледі. Бірнеше дәрігер консилиум өткізіп, әр екі сағат сайын науқасты тексереді. Неше түрлі рефлекстерді бақылайды, шымшып көреді, құлағына су құяды, көздерін қарайды. Оған қоса, медициналық әдістемелерді қолданып, рентген түсіреді, сосын электр энцефалография жасайды. Осыдан кейін ғана адамның миы өлді деген қорытындыға келіп, отбасына хабар береді», — деп түсіндірді орталық басшысы.
Қазір күту парағында ең көп – Түркістан облысы, Шымкент, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларының тұрғындары.
Мәйіттік донор дауы
Қазіргі қолданыстағы заң бойынша кез келген қазақстандық мәйіттік донорға қатысты ұстанымын үш құжат толтырып тіркей алады.
Біріншісі, «мен мәйіттік донор болудан бас тартамын». Екіншісі, «мен қайтыс болғаннан кейін ағзамды алуға келісімімді беремін». Үшіншісі, «мен берген келісімімді қайтарып аламын».
Адам мәйіттік донорға қатысты көзқарасы қанша рет өзгерсе, сонша рет өз ұстанымын жазбаша түрде өзгерте алады. Дәрігерлер соның соңғысын басшылыққа алады, дейді Жұмағалиев.
Тағы оқыңыз: «Жылап жібере жаздадым» Досқалиев жанына қатты батқан қайғылы оқиға туралы айтты
«Адамның миы өліп, ағза мүшелері алуға жарамды болса, біз, ең алдымен, базадан оның көзі тірісінде мәйіттік донор турасындағы позициясы қандай болғанын тексереміз. Бұл құпия ақпарат, заңмен қорғалған, оны тек трансплант үйлестірушілер ғана көре алады. Егер ол бас тарттым десе, онда ешбір органы алынбайды, туыстарымен де сөйлеспейміз. Келісім бердім десе, туыстарына сол қағазды көрсетеміз. Ал егер адам донор болудан бас тартатыны туралы тірі кезінде өтініш жазып қалдырып кетпесе, онда өлгеннен кейін дәрігерлер оның органдары мен тіндерін алуға құқылы. Бұл үшін заңда «келісім презумпциясы» деген бар. Бірақ, жаңа Кодекске сәйкес, біз бұдан былай марқұмның жақын туыстарының рұқсатын алуға міндетті боламыз», — деді ол.
Жаңа «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекс жобасы қазір сенаттың қарауында жатыр. Оған сәйкес, енді қайтыс болған адам көзі тірісінде донор болуға келісетінін немесе келіспейтінін білдірмесе, онда оның органын алу үшін жұбайының немесе жақын туыстарының жазбаша рұқсаты қажет.
«Осы күнге дейін біз туыстарының рұқсатын алуға міндетті болмасақ та, олармен үнемі сөйлесіп келдік. Өйткені этикалық норма деген бар. Дәрігерлер де адам баласы, отбасына тіс жармастан қалай алады?! Ақхалаттылар этикалық норманы аттап кетпей, бір жағынан, өзін қорғау үшін де, туыстарымен сөйлесіп, келісімін алатын», — дейді орталық басшысы.
Ағза саудасы
Қазір интернетте «бір бүйрегімді сатамын, бауырды саудаға саламын» дейтін жарнамаларды жиі кездестіруге болады. Заңмен қатаң тыйым салынғанына қарамастан, адам ағзасының саудасы қызып тұр. Дегенмен, Жұмағалиев бұл пікірмен келіспейді.
«Ол мүмкін емес. Біріншіден, сатып алған ғана емес, сатқан адам да жазаға тартылады. Мүмкін емес дегенім, дәрігерлер де адам. Отбасы, жақындары бар. Ертең біреудің ағзасын басқаға саламын деп барынан айырылатынын жақсы біледі. Сондықтан есі дұрыс, заңға бағынатын, өз ісіне адал адам мұндайға бармайды. Бірақ заңды белшесінен басатын адам болса, кешірерсіз, ондайлар кез келген салада бар. Оның бәріне біз қалай жауап береміз?! Оларды анықтап, қатаң жазаға тарту құқық қорғау органдарының жұмысы», -дейді Жұмағалиев.
Ол әлеуметтік желіде «қара базар» туралы жазып, өзінің жаңсақ пікірін өзгелерге таңатындар «күту парағындағы» адамдардың үмітін үзеді деп санайды.
«Әр адам донор бола алмайды»
Жұмағалиев қайтыс болған әр адам донор болуға жарамайтынын атап өтті.
«Бізде адамдардың 35-40 процентінде инфекция бар. Қазақстанда инфекциясы бар адамның ағзасын алуға тыйым салынған. Сондықтан біз қазір, бір жағынан, туыстарының рұқсатын ала алмай, екінші жағынан, инфекцияның кесірінен мәйіттік донорларды жоғалтып отырмыз», — деп қапаланды орталық басшысы.
Тағы оқыңыз: Қаны сирек кездеседі: қазақ жігіті қытайларға қалай көмектесіп жүр
Айтуынша, 2017 жылы 24 мәйіттік донор анықталса, 2018 және 2019 жылдары небәрі тоғыз донор тіркелген.
«Тоғыз донордан бар-жоғы 46 ағза алдық. Ал біздің күту парағымызда 3 мыңнан астам адам тұр», — дейді ол.
Туысқандарының бас тартуына ақпараттық-түсіндіру жұмысының жүргізілмеуі себеп дейді. Екіншіден, жергілікті атқарушы органдар да бұл жұмыстан шет қалған.
Жұмағалиев 65 жастан асқандардың ағзасы ауыстыруға жарамайтынын айтты.
Әр ағзаның өз мерзімі бар. Мәселен, ауыстырған бүйрек орташа есеппен 20-25 жыл жұмыс істейді. Тіпті 45 жыл қызмет еткені де болған.
Бүйрегін алмастырғаннан кейін, сәби сүйген аналар да бар көрінеді. Енді бірі спорттық сайыстарға қатысып, чемпион атанған.
Ағзаның уақыты біткен кезде, ол адам күту парағына қайта кезекке тұрады.
Жұмағалиев қазіргі таңда Қазақстан трансплантацияның дамуы жағынан ТМД елдері ішінде үшінші орында екенін атап өтті.
«Бүгінге дейін 1800-ге жуық операция жасалды. Оның ішінде 368-і қайтыс болған адамдардың ағзасы. Біздің күту парағында тұрған отандастарымыз басқа елдің трансплантация саласына тәуелді болмауы керек. Оталар өз елімізде жасалуы тиіс. Стамбул декларациясында әр елдің үкіметі трансплантацияны дамытуға ақша аямауы керек делінген. Неге? Өйткені трансплантациясы дамыған елдің адамдары ешқайда бармайды. Яғни, транслантациялық туризм болмайды. Трансплантациялық туризм неге әкеп соғады? Органдарды сатып алуға, бай елдердің азаматтары кедей мемлекеттердің адамдарын пайдаланып кетеді. Соған жол бермеу үшін трансплантацияны өзімізде дамытуымыз қажет», — деп санайды ол.
Дамыту үшін халық арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту керек, дейді Жұмағалиев.
«Мен сендерді түсінбеппін, кешіріңдер»
Республикалық орталықтың басшысы трансплант үйлестірушілерден естіген әңгімесін еске түсірді.
«Адам өзгенің қайғысын өз басына түскенде ғана түсінеді ғой. Мына бір оқиға есіме оралып отыр. Бір трансплант үйлестіруші қайтыс болған адамның жақынынан мәйіттен ағза алуға рұқсат сұрайды. Қайғыдан қара жамылған апамыз «не деп тұрсыздар, болмайды» деп ашуланып, қатты сөйлеп тастаған екен. Келісім сұрау үйлестірушінің жұмысы, үндемей бұрылып кетіп қалған. Біраз уақыт өткеннен кейін, әлгі апаның қызы «күту парағына» ілініпті. Сол кезде ол кісі өзі келіп, «мен сол жолы сендерді түсінбеппін, кешіріңдер, егер сол кезде түсінгенімде, рұқсатымды берер едім» деген екен. Міне, осындай жағдайлар болып тұрады», — деді ол.
Тағы оқыңыз: Өлім аузында жатқан бала бірнеше адамның өмірін құтқарып қалды
Әңгіме соңында Жұмағалиев қазақстандықтарға өтініш айтты.
«Қазақстандықтардан сұрайтыным – мәйіттік донор болуға қатысты ұстанымыңызды тірі кезінде білдіріп кетіңіз. Бұл жақындарыңызды қиын шешім қабылдаудан құтқарады. Туған-туысқандарға марқұмның ағзасын алуға рұқсат беру өте қиын. Келісімін берген кісілерге ескерткіш қойсақ та, артық етпейді», — дейді орталық басшысы.
sputniknews.kz