Дәрігер Мыңжылқы Бердіқожаев: Пневмониядан қайтыс болғандардың 99 пайызында коронавирус болды

0

Маусым айының басынан бері Қазақстанда коронавируспен қатар пневмония да өршіп тұр. Ресми дерекке сай, елде маусымда 628 адам осы аурудан қайтыс болған. Қамшы тілшісі сөйлескен нейрохирург дәрігер Мыңжылқы Бердіқожаевтың сөзінше, пневмониядан қайтыс болып жатқан адамдардың 99 пайызының өліміне коронавирус себеп. 

– Пневмония деген қандай ауру?

– Классикалық пневмония – өкпе тіні мен бактериялардың жанасқаны кезінде болатын пневмония. Жиі тараған қоздырғышы – пневмококк. Бұл – антибиотиктермен емделетін ауру. Ең жиі ауыратындар – 5 жасқа дейінгі балалар және 65 жастан асқан қарт кісілер. Бұл – маусымдық ауру. Ағза әлсіреген кезде, көктем мен күзде қозады. Иммунитет әлсіреген кей жағдайда ВИЧ инфекциясымен ауырған кісілерде де уақытша пневмония кездесуі мүмкін.

Иммунитет төмендеп кеткен жағдайда немесе ем кеш жүргізілсе, адам пневмониядан қайтыс болуы мүмкін.

Қазір жүріп жатқан ауру – пневмонияның басқа түрі. Ол тамырдың қабырғасы зақымдалғаннан, қан тамырының ішінде қан ұйып қалғаннан – тромбоз болғаннан пайда болатын өкпенің өзгерісі. Бұл ауру классикалық пневмонияға жатпайды.

– Пневмонияның негізгі белгілері қандай? Науқас бұл аурумен ауырғанын қалай біле алады?

– Пневмонияның негізгі белгілері: дененің қатты қызуы, дем жетпеу және жөтел. Дем жетпеу – пульсоксиметрмен өлшеген кезде сатурацияның төмендеуі.  Ол қалыпты жағдайда 92-ден жоғары болуы керек. Егер 91-ден төмен түсетін болса, ағзаға оттегі жетпей жатыр деген сигналды білдіреді немесе ентікпе.  Егер адам қалыпты жағдайда минутына 20-ға дейін демалуы керек болса, онда 24-тен жоғары болған ентігуден адам тез шаршап қалады және күнделікті қозғалыстарын жасай алмайды.

– Пневмония неге өршіп тұр?

– Өршіген себебі – коронавирустың жедел таралып кетуіне байланысты. Бірінші жасалған карантиндік шаралар өзінің нәтижесін маусым айына дейін берді, кейін адамдардың бәрі көшеге шығып кеткен соң вирусты белсенді түрде жұқтыра бастады.

– Әдетте бұл аурудың өлім көрсеткіші қанша? 

– Қазір пневмониямен ауырғандар көбейіп кетті. Оның статистикасын денсаулық сақтау министрлігі айтуы керек. Дәл қазір адамдарды пневмонияның басқа түрінен өліп жатыр деп айту – қиындау. Өйткені классикалық пневмонияның кезінде температурасы жай көтеріліп, одан кейін антибиотик берсе емделіп кетеді. Ондай науқастар дем алу аппаратында жата қоймайды. Кислород қажет етпейді.

Ал қазір пневмония деген диагноз қойылып, екі-үш күн өткен соң өліп қалып жатқан адамдар көп. Сондықтан ол адамдардың 99 пайызында коронавирус болған деп ойлаймын.

– Пневмониямен ауырған науқас қандай ем қабылдауы керек?

– Пневмония белгілері және тыныс жеткіліксіздігі бар науқастар бірінші кезекте ауруханаға жедел-жәрдем арқылы жеткізілуі керек. Ауруханада орынның бар-жоғын біздің жергілікті билік және денсаулық сақтау басқармасы ретке келтіруі керек. Барлық ем стационар жағдайында дәрігерлердің тағайындауы мен бақылауы бойынша жасалады.

пваи

Нейрохирур дәрігер Мыңжылқы Бердіқожаев

– Соңғы кездері дене қызуы көтерілгенде парацетамол, аспирин дәрілерін бірден қабылдамау керектігі айтылып жүр. Бұл дұрыс па?

– Дене қызуы 38 градустан асқан кезде адамның жағдайы нашарлайды. Қазір негізінен жасы үлкен кісілер ауырып жатыр. Сондықтан парацетамол немесе антигриппин таблеткаларын қабылдаған дұрыс. Өйткені адам тез шаршап қалып, дене қызуы 39 градустан асып кететін болса, өміріне қауіп төнуі мүмкін. Сондықтан дене қызуын 38 жарымнан асырмаған дұрыс.

– Меркілік инфекционист дәрігер коронавируспен ауырғанында алувиа дәрісін ішкенін айтты. Бұл қаншалықты ұсынылатын дәрі?

– Қазір алувиа дәрісі және гидроксихлорохиннің коронавирус кезінде ешқандай пайдасы жоқ екені айтылып жатыр. Ол препараттардың ауыр коронавирусты емдей алмайтынын дәлелденіп жатыр. Сондықтан бұл препараттар коронавирустық пневмония кезінде ешқандай нәтиже бермейтінін көрсетіп отыр.

– Ауруханаға бармай, үйінде емделген науқас коронавирустың ауыр түріне шалдығып қалмай ма?

– Егер үй жағдайында емделіп жатқан науқастың 4-5-күн бойы дене қызуы түспей, ентігуі қатты күшейіп, оттегі қажет болатын болса, онда бұл науқас міндетті түрде ауруханаға барғаны дұрыс. Өйткені оттегінің көмегі керек болатын науқастарда пневмонияның ауыр түріне өтіп кету ықтималдығы өте жоғары. Сондықтан ондай науқастарды үй жағдайында емдемей, ауруханада бақылаған дұрыс.

«Қамшы»