Дариға Назарбаеваның күйеуі Қашағанды мемлекетке қайтарды

0

Қашағанда газ өңдеу зауытын салып жатқан «GPC Investment» ЖШС мемлекет меншігіне өтеді, деп хабарлады премьер-министрдің баспасөз қызметі.

«Тау Береке Групп» ЖШС-нің «GPC Investment» ЖШС жарғылық капиталындағы акцияларының 100 пайызын сыйға тарту шарты бойынша республикалық меншікке беру туралы ұсынысы қабылдансын», – делінген Үкімет қаулысында.

GPC Investment компаниясы «Қашаған кен орнындағы шикізат негізінде қуаттылығы 1,15 млрд текше метр газ өңдеу зауытының құрылысы» жобасының операторы екені атап өтілді.

«Жеке инвестор жобаны жүзеге асыруды жалғастырудан бас тартуына байланысты GPC Investment компаниясы «QazaqGaz» ҰК» АҚ балансына өтеді. Бұл өз кезегінде ішкі нарықты халықты қолжетімді бағадағы тауарлық және сұйытылған газбен қамтамасыз етуді арттыруға, сондай-ақ зауыт құрылысы жобасын дер кезінде жүзеге асыруға мүмкіндік береді», – делінген хабарламада.

Айта кетсек, газ өңдеу зауытының құрылысымен Дариға Назарбаеваның күйеуі Қайрат Шәріпбаевтың адамы айналысқан.

Еске салайық, Шәріпбаев QazaqGaz басшысы лауазымын Қазақстандағы қаңтар оқиғасынан кейін босатқан болатын.