Дариға Назарбаева Қазақстан президенттігіне үміткер бола ма? Саясаттанушы өз пікірін айтты — Қазақстан жаңалықтары
Бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде кезектен тыс президент сайлауы өтетінін мәлімдеді. Ел арасында Қазақстанның келесі президенті сенат спикері Дариға Назарбаева болады деген пікір де жоқ емес. Алайда қазақстандық саясаттанушы Оразғали Селтеев Назарбаеваның мемлекет басшысы атануға тырыспайтынын айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Сурет: Sputnik / Максим Богодвид
Селтеевтің пікірінше, Дариға Назарбаеваның рөлі парламент қабылдайтын шешімдермен қатар өседі. Ал «Нұр Отан» партиясының атынан Қасым-Жомарт Тоқаев сайлауға түседі. Оны мемлекеттік аппарат қолдайтын болады, деп жазды саясаттанушы Telegram-арнасында.
Өз сөзінде саясаттанушы Назарбаеваның президенттікке үміткер болатыны туралы пікірді негізсіз деп санайтынын айтты. Себебі биліктің транзиті мен бекітілуінде оған басқа рөл берілген.
«Оған сенат төрағасы қызметі мемлекет басшысы лауазымын атқаратын адамның амбициясын және оқыс әрекеттерге баруын тежеу мақсатынды берілді», — дейді Селтеев.
Саясаттанушының пікірінше, Дариға Назарбаева жақын уақытта парламент қабырғасындағы өзінің ықпалын нығайтуға тырысады. Ал парламент сайлауы өткеннен кейін төменгі палатаның депутаттар корпусының басым бөлігі өз адамдарынан құралатын болады. Осы процестен кейін мәжілістің құзіреттілігін күшейту жалғасады, дейді Селтеев.
«Орталық билік органдарының арасында иерархиялық салмақты қайта бөлу жүріп, парламенттің пайдасына жүзеге асады. Ол үкіметпен және президент әкімшілігімен өзара әрекеттесіп, теңдей серіктес мәртебесіне жақындайды. Дариға Назарбаева өзінің жеке аппараттық және саяси салмағын қарқынды түрде арттыратын болады», — дейді Оразғали Селтеев.
Айта кетсек, бүгін, 9 сәуірде, Қасым-Жомарт Тоқаев кезектен тыс президент сайлауы өтетіні туралы мәлімдеді.
stan.kz