«Дариға Назарбаева екеуін таныстырдым»: Мұхтар Жәкішов Рахат Әлиевпен бала кезден дос болғанын айтты

0

Қазақстандық кәсіпкер, Қазатомпромның бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішев “Гиперборей” Youtube-арнасына берген сұхбатында Назарбаевтың экс-күйеу баласы Рахат Әлиевпен қарым-қатынасы туралы айтып берді.

Мұхтар Жәкішевтің айтуынша, Рахат Әлиев екеуі бір жарым-екі жастарынан бері таныс. Себебі олар отбасыларымен араласқан. Екі кәсіпкерді балалық шақ байланыстыратынын айтты.

“Рахат – есімді білгелі әрдайым қасымда болған жан. Бала күнгі досым. Екеуміз студенттік шақ аяқталғанша айырылмас жолдастар болдық, күнде кездесетінбіз. Әкем қатаң тәрбиемен өсірді, ол тек Рахаттың үйіне ғана қонуға жіберетін, Рахатты да дәл солай, тек біздің үйде қонуға рұқсат беретін”, – дейді Жәкішев.

Жәкішев Алматыда ҚазМУ-да 1982 жылға дейін оқыған. Содан соң ол Мәскеу инженерлік-физикалық институтының арнайы физика факультетіне оқуға түскен, ал Әлиев Алматы қаласында қалды. Қашықтық екеуінің достығына әсер еткен көрінеді.

“Көбісінің көз алдында ол сұсты, қолында билігі бар, салмақты адам болып көрінеді. Ал менің көз алдымда әлі мектеп кездегі Рахат тұр. Ол кезде ол мүлдем басқа еді. Төбелес те, түрлі ситуациялар да басымыздан өтті. Ол мені қиын кезеңде тастамайтынына сенімді едім. “Өмірі қырсық шалып жүреді, тыныш жүрмейсің” деп ренжігенімен, мен үшін соңына дейін баратын”, –деді кәсіпкер.

Жәкішев Рахат Әлиев пен Дариға Назарбаеваның қосылуына себепші болғанын айтты.

Айтуынша, Әлиевтің әкесінің жүрегіне ота жасату үшін Мәскеуге келген. Ал Рахат Әлиев әкесінің жанында жүріпті.

“Сол уақытта менің емтихандарым басталды. Рахаттың әкесі ауруханаға жатқаннан кейін ол біздің жатақханаға келді. Әлбетте, қыдырғысы келеді, кешке көшеге шыққысы келеді, ал мен дайындалуым керек. Сол үшін Рахатпен бірге қыдыра алатын адам тауып бергім келді”, – дейді ол.

Дариға Назарбаева сол тұста Мәскеу мемлекеттік университетінің тарих факультетінде оқып жүрген. Жәкішев оның қай жерде тұратынын біліп, Әлиев екеуін таныстырған.

“Екеуін тастап, кетіп қалдым. Концертке барамыз деп шештік. Сол кезде де емтиханыма дайындалайын деп, тағы қашып кеттім. Осылайша екеуі тіл табысып, 1983 жылы отау құрды”, – дейді Қазатомпромның бұрынғы басшысы.

Сөзінше, есейгенде екеуі араласуын тоқтатпаса да, мансап жолы достықтарын суыта бастады. Ол Әлиевтің өзгере бастағанын, сын қабылдай алмай кеткенін айтты.

“Жиын, мерекелік шаралар, туған күндерде ғана жиналатынбыз. Оның жанында өзгелер құрдай жорғалап, қарсы келе алмаған кезде мен жан досы ретінде сынға алатын едім. Ол мұндай сынды жақтырмай, “бұл әзіл ғой” деп қоятын. Бірақ ондай әзіл мен үшін орынсыз. Бір күні туған күнінен ертерек қайтып бара жатсам, бір жігіт “аға, кетпеңізші, сіз кетсеңіз, қазір бізге қисынсыз нәрселер жасатады” дейді. Ол жігіттерді саптық жүріспен жүргізіп, қолдарын бүгін-жазғызып қояды екен”, – деп айтып берді Мұхтар Жәкішев.

Рахат Әлиевпен достығы кейін де оның саяси белсенділігіне әсер еткен дейді ол. ДВК ұйымына ол сол себепті мүше болмаған.

“ДВК ұйымына мені Рахатпен дос болғаным үшін шақырмады. Өйткені оған қарсылықтар көп. Ал мен сол мүшеде жүргенім, Рахатқа қарсы шыққаным этикалық жағынан дұрыс емес”, – дейді кәсіпкер.

Екеуінің достығы айыптау барысында да сөз болған екен.

“Айыптау барысында “Әлиев салық полициясы болған кезде Степногорск комбинатына әдейі тексеріс жібермеді. Себебі екеуі дос” деп айтты. Бірақ ол кезде комбинат маған емес, Гайдамакқа тиесілі болған”, – деді ол.