Дариға Назарбаева «Дикий Арманды» қорғап, түрмеден құтқарды — экс-депутат

0

Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы, парламенттің экс-депутаты Дариға Назарбаева қылмыстық авторитетті («Дикий Арман» лақап атымен аталған) Арман Жұмагелдиевті қорғап, өзі түрмеден құтқарды. Бұл туралы мемлекет қайраткері — Жоғарғы Кеңес пен Мәжілістің бірнеше шақырылымының депутаты Амалбек Тшан «Қазақстан демократтары» YouTube арнасына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы. 

Шымкент әкімі болған Амалбек Тшанның сөзінше, Дикий Арман оның жиенін соққыға жыққан.

«Дикий Арман асып бара жатқан ешкім емес. Қасына он-он бес адам жинап алып жүрген адам өзінше батыр болады ғой. 2005-жылдары депутат болып жүрген кезде Дикий Арманның іс-әрекетіне куә болғанмын.

Жиенім, туған қарындасымның баласының автобазары болатын. Соны басқаратын. Сол жерге (Дикий Арман — еск.) көлігін сатайын деп барған. (Жиені — еск.) өзі дәу жігіт. Соны бұлар 4-5 адам жабылып, әбден ұрып, өлердей сабап тастаған. Ол кезде депутатпын. Прокуратураға беріп, сөйтіп сол кезде қаматқанбыз», — деді ол сұхбатында.

Амалбек Тшан осы жайтқа кейін Дариға Назарбаева араласып, Дикий Арман бостандыққа шыққанын жеткізді.

«Артынша Дикий Арманды Дариға Назарбаеваның тікелей араласуымен шығарып алды. Парламентте де бұл мәселені көтергенмін. Парламентте Дикий Арман билікпен сыбайлас болып, осындай тірліктер істеп жатқанының бәрін айттым. Артынша оны босатты. Оның хаты бар. Менде хатының көшірмесі әлі күнге дейін бар.

…Бәрі болған оқиға. Сол кездегі биліктің әбден көзін шел басып кеткен. 2005-2006 жылдары басталған, одан бері қанша заман өтті?!» — деді мемлекет қайраткері.

Ол парламентте «Дикий Арманға» және оның билікпен байланысына қатысты мәселе көтергенін атап өтті.

«Егер «Дикий Арман» сияқты қарақшылар билікпен байланысы болса, біз қандай халықпыз? Билік мұндай қарақшылардың соңынан қалса, ақыры қайда барамыз?». – деді мемлекет қайраткері.

Спикер оппозициялық жиындардың бірінде жасалған арандатушылықты еске алды.

«Жақын жерде 15-ке жуық адам жиналып, қолдарына тастарды алып, лақтырды. Сонда да олар көрді. Полицейлер жақын жерде тұрды. Олар барлығын қоршап алып, цирк сияқты қылмыстың қалай жасалғанын қызыға тамашалады. Содан кейін билік соған барды. Мұны бәрі біледі. Оны да жұтып қойдық. Солай болу керек сияқты. Менде Дариға Назарбаеваның хатының көшірмесі бар. Қаласаңыз, көшірмесін бөлісе аламын. Сол кезде билік соқыр болып, лайға батып, осындай бейәдеп адамдармен араласып кеткендей әсер қалдырады. Халық мұның бәрін көріп, төзіп отырды», — деді Тшан.

Еске салайық, Арман Жұмагелдиевке қаңтар оқиғасындағы Алматыдағы тәртіпсіздіктер кезінде қасында тұрған 24 адамды ұрлады деген айып тағылды. 2022 жылдың 2 қыркүйегінде Астанада Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бесінші департаментінің бұрынғы басшысы Руслан Ысқақов ұсталды. Хабарланғандай, Арманның ұйымдасқан қылмыстық тобын ҰҚК қызметкерлері қадағалаған — бұл ақпарат 2023 жылдың 5 қаңтарында ресми түрде расталған.

2024 жылдың 8 ақпанында Ішкі істер министрлігі қаңтар оқиғасына қатысты «Дикий Арман» ұйымдасқан қылмыстық тобының күдікті мүшелері ұсталғанын хабарлады.