Дариға Назарбаева білім басқармаларын жабуды ұсынды
ҚР Парламенті Сенатының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Дариға Назарбаева елімізде білім басқармаларын жабуды ұсынды.
Оның айтуынша, бұл мекемелердің қажеті болмайды, себебі Қазақстан мектептері жан басына шаққандағы қаржыландыруға көшіп жатыр. Бұл әр мектепте демеушілердің немесе донорлардың есебінен бюджеттен тыс қаражат жиналатын жеке қор ашуға мүмкіндік береді.
Мәселе тек мектептерді өз бетімен өмір сүруге дайындауға ғана қатысты. Мұндай жүйе барда облыстық, аудандық және қалалық білім басқармаларының керегі болмайды. Бұл – шешуші мәселе, себебі қазір мектеп қаржыландыруға қол жеткізеді, бірақ қаражат аталған ұйымдарда кептеліп жатады, олар мәселені өздері шешеді – бүгін немесе ертең береміз дейді немесе мектептерден үнемдеп, оқулықтарға немесе жөндеуге қаржы бөлмей қалуы мүмкін және “Ештеңе етпейді, ата-аналарға айтып, ақша жинап аласыздар” деуі мүмкін. Ол жерде көп заңбұзушылық болып жатады, сондықтан мәселе осы ұйымдардың қаншалықты қажет екені туралы. Мен оларды жабуды қолдаймын, оның үстіне бұл ретте жақсы халықаралық тәжірибе бар, – деді Дариға Назарбаева Сенат отырысының сыртында.
Сенат депутатының айтуынша, білім басқармаларының жабылуы Білім және ғылым министрлігіне стандарттар мен ережелерді жасауды барлық білім беру процесін тікелей қадағалауға мүмкіндік береді. Дариға Назарбаева қоғамда талқыланып жатқан педагогтар мәртебесіне қатысты заң жобасы жөнінде де пікір білдірді. Депутат бұл мәселені мұғалімдер жалақысын арттырмай, басқа да әлеуметтік жеңілдіктер жасамай шешуге болмайтынын айтты. Бірақ, оның айтуынша, ең әуелі қазақстандықтардың мұғалімдерге деген көзқарасын өзгерту керек.
Ата-аналардың мұғалімдерге қатынасын өзгерту қажет, себебі ата-аналар мәселенің байыбына бармай жатып мектепке мұғалімдермен ұайқайласуға жүгіріп келеді. Барлық ақпараттық машинамызды мұғалімдердің пайдасына қарай бұруымыз керек. Педагогтар болмаса, ертең балаларымызды кім оқытады? – деді Дариға Назарбаева.
Сенатор мұғалімдерге сыйлық сыйлаудың дұрыс-бұрыстығы жөнінде пікірін айтты.
Мұғалімдерге, дәрігерге сыйлық беруге болады, министрлерге беруге болмайды, – деді Дариға Назарбаева.
Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен қазір елімізде “Педагог мәртебесі туралы” заңның жобасы дайындалып жатыр. Білім және ғылым министрлігі маңызды құжат тұжырымдамасын жасауға педагогтарды, білім саласына қатысы бар басқа да мүдделі азаматтарды шақырып отыр. Ұсыныстарды bilimdiel.project@mail.ru, pressa.edu@gmail.com электрондық мекенжайларына жолдауға болады.
Дереккөз: Baribar.kz