Дариға Назарбаева биліктің ұшар басына бір қадам жетпей тұр

0

Картоп өсірушілермен, бау-бақша, май және балық шаруашылығы өкілдерімен кездесу. Урюпинск балалар үйінің тәрбиеленушілеріне арналған фестивальге қатысу. Жергілікті өкілді органдардың құрылғанына 25 жыл толуына орай өткен конференцияда сөз сөйлеу. Кездесулерге қатысу, қонақ қабылдау, сапарға шығу, мәлімдеме жасау, бастама көтеру – биыл наурызда сенат төрағасы қызметіне келген Дариға Назарбаеваның әр қадамы ресми ақпарат құралдары мен парламенттің жоғарғы палатасының сайтында жарияланып отырды. Мұндай белсенділік елеусіз қалмай, елде ондаған жылдар бойы айтылып келе жатқан «Қазақстан билігі династиялық жолмен беріледі» және «Дариға Назарбаеваны №1 қызметке дайындап жатыр» деген болжамдарға жол ашты.

— Назарбаева ханым жылдың екінші жартысында барынша белсенді болды. Мен мұны өз образын «түзету» ниетімен байланыстырамын. Ол Нұрсұлтан Назарбаев отставкаға кеткеннен кейін қызу талқылаудың ортасында қалып, өзіне қарсы пікірлерге тап болды. [Талқылау кезіндегі] аргументтердің басым бөлігі оның қызметі мен ақпарат құралдарында айтқан сөздерімен байланысты. Кеңесшілер негізгі мәселе – нашар образда деген шешімге келгенге ұқсайды. Демек, мұны өзгерту керек, — дейді саясаттанушы, Орталық Азиядағы демократияны дамыту қорының директоры Толғанай Үмбетәлиева.

Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы парламенттің жоғарғы палатасына 2016 жылы өткен. Оны депутат етіп сол кезде президент қызметінде отырған әкесі тағайындаған. Бұл Өзбекстан президенті Ислам Каримовтың қазасынан кейін болған еді. Назарбаевтың қызын сенат депутаты етіп тағайындауын «болашаққа қамданып жатыр» деп бағалағандар да табылды. Конституцияға сәйкес, президент қайтыс болған немесе қызметінен бас тартқан жағдайда оның қызмет өкілеті мерзімі аяқталғанша сенат төрағасына өтеді. Бұл механизм биыл сынақтан өтті: 2019 жылдың наурызына дейін сенат төрағасы болған Қасым-Жомарт Тоқаев Назарбаевтың отставкасынан кейін Қазақстан президенті қызметіне ауысты. Ал босаған сенат төрағасының орнын Тоқаевтың ұсынысымен, президенттіктен кетсе де мемлекеттік аппараттың маңызды тетіктерін уысынан шығармаған, елдегі барлық негізгі лауазымдарға тағайындауды талқылауға қатысатын Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы болып отырған Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаева басты.

Алдын-ала айтылған болжамдар шындыққа айналып, Тоқаев жеңіске жеткен президент сайлауынан кейін екі ай өткен соң, тамыздың 12-сі күні, президент Тоқаев Дариға Назарбаеваны сенат депутаты етіп қайта тағайындады. Қыркүйек айында парламенттегі әріптестері Назарбаеваның кандидатурасын тағы да бірауыздан қолдап, оны сенат спикері етіп қайта сайлады.

ШЕТЕЛГЕ САПАР ЖӘНЕ ЕЛ ІШІНДЕГІ БЕЛСЕНДІЛІК

Келесі төрт айда Дариға Назарбаева бірқатар шетелдік мемлекет қайраткерімен кездесті. Ол Ресейге ресми сапармен барып, премьер-министр Дмитрий Медведевтің қабылдауында болды. Сенат сайтының хабарлауынша, Назарбаева кездесу барысында Ресейдің Қазақстаннан Украинаға көмір тасымалдауына байланысты енгізген шектеулері елдегі көмір өндіруші кәсіпорындардың жұмысына тежеу болып отырғанын айтып, мәселе көтерген. Ресей премьерінің сайты Медведев пен Назарбаеваның қандай тақырыптарда келіссөздер жүргізгенін хабарлаған жоқ, тек кездесудің суретін жариялады. Ресейдің Кремльді жақтайтын ақпарат құралдары Дариға Назарбаеваның Мәскеу түбіндегі Горки ауылындағы жағдайға қызығушылықпен қарап, «Мұнда қандай әдемі!» дегенін жазды. Дариға Назарбаева қазан айындағы бұл сапарында Ресей президенті Владимир Путинмен кездескен жоқ.

Қыркүйек айында, Қазақстанда Қытайға қарсы наразылық акциялары өтіп жатқан кезде, Дариға Назарбаева Еуразия мемлекеттері парламенттерінің кеңесінде Қытай парламентінің басшысы Ли Чжаньшумен келіссөздер жүргізді. Қазақстанның ресми ақпарат құралдары бұл туралы «тараптар Қазақстан-Қытай қарым-қатынасының ойдағылай дамып жатқанына ризашылық білдірді» деп жазды. Бірнеше күннен кейін Қытайдың Xinhua ақпарат агенттігі жариялаған хабарға сәйкес, Ли Чжаньшу Қазақстан парламенті палаталарының басшыларымен кездесу барысында Қытай мен Қазақстан арасындағы инвестицияларды қорғау, кедендік рәсімдеу, жұмыс істеуге рұқсат алу және қолайлы инвестициялық орта қалыптастыру туралы келісімінің жаңартылған нұсқасын тезірек ратификациялау керегін айтқан.

Қазақстанның ақпарат құралдары Назарбаеваның Арменияға сапары және премьер-министр Николь Пашинянмен кездесуі туралы да жазды.

— Қандай лауазымда болғанына қарамастан, Дариға Назарбаеваның қызметі туралы көп жазылып келді. Ол елді Нұрсұлтан Назарбаев басқарған соңғы жылдары қатаң сақталған «көзге көп түспеу» ережесін ұстанған жоқ, — дейді Қазақстанда парламентаризмді дамыту қорының директоры Виктор Ковтуновский. Ол бұрынғы президенттің үлкен қызының PR науқанынан өзгешелік байқамағанын айтады.

Назарбаеваның белсенділігі ел ішінде де аңғарылды. Ол спикер қызметінде жүріп, өңірлерге жұмыс сапарымен барды, қауіпсіздік пен қорғаныс қабылетіне байланысты мәселелерді көтерді. Дариға Назарбаеваның қыркүйек айының соңында киносыншылардың бірі қымбат «сайлауалды ролик» деп бағалаған «Томирис» көркем фильмінің көрсетіліміне баруы да жұрт назарын аударды. Ол киноға «Қазтрансгаз» ұлттық компаниясының басшысы, бірқатар ақпарат құралдары «Назарбаеваның күйеуі» деп атайтын Қайрат Шәріпбаевпен бірге келді.

«Альтернатива» өзекті зерттеулер орталығының директоры, саясаттанушы Андрей Чеботарев биыл жалғыз Дариға Назарбаеваның ғана емес, билік басындағы басқа адамдардың да белсенділігі артқанын айтады.

— 2019 жылдың екінші жартысында елде қызық процестер байқалды. Дариға Назарбаева мен оның Мәжілістегі әріптесі Нұрлан Нығматулин көбірек белсенділік танытса, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бастығы Кәрім Мәсімов президент пен оның әкімшілігінен бойын аулақ ұстауға тырысты (ол әлі күнге Тоқаевтың алдына кірмеген күш құрылымының жалғыз басшысы). Мұның бәрі Нұрсұлтан Назарбаевтың «ұжымдық мұрагерінің» өзіндік моделін қалыптастыруға деген талпынысты көрсетеді. Яғни, мұнда ресми және бейресми әдістерді пайдаланып, елді бірлесіп басқару туралы сөз болып отыр. Биліктің мұндай моделінде Дариға Назарбаеваға басты болмаса да, маңызды рөл берілген. Мұндай модель негізінен «елбасының» қамқорлығымен және қолдауымен ғана жұмыс істей алады, сондықтан оның болашағы бұлыңғыр, — дейді Андрей Чеботарев.

Желтоқсанның соңында журналистермен кездескен Назарбаева гендерлік дискриминация тақырыбында парламенттілік тыңдау өткізуге уәде берді. 56 жастағы Дариға Назарбаева қоғамда 45 жастағы әйелдерді «қарт» санайтынын айтып, шағынды.

Оған дейін, қарашаның 27-і күні Назарбаева Петропавлдағы ерекше актерлар театрының «Сенімен қанымыз бір» қойылымын тамашалап, жас әртістермен кездескен. Дариға Назарбаеваның алты жыл бұрын мүмкіндігі шектеулі балаларды «кемтар» деп атағанын қазір екінің бірі еске ала бермейді. 2013 жылы парламенттегі әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі комитет отырысында Назарбаева жасөспірімдерді тәрбиелеу тақырыбында сөйлеп отырып, «Балаларды балалар үйіне мүгедек балаларға арналған интернаттарға экскурсияға апарып, ерте жастан басталған жыныстық өмірдің салдары қандай болатынын көрсету керек. Кемтарлардың балаларын, мүгедектерді көрсету қажет» деген.

— Оның әртүрлі саладағы белсенділігі мен мәлімдемелерін қызық деуге болмайды. Олар қоғам назарын позитивті жолмен аудара алмайды. Одан бөлек, қате басқан саяси қадамдар мен сөздері де болды. Мәселен, оның әкімдермен ойнап, сенатқа шақыруы. Менің ойымша, бұл саяси тұрғыдан дұрыс емес. Сенат – жоғарғы өкілді орган, әкімдер атқарушы билікке жатады. Министрліктер, үкімет, ең бастысы мемлекет басшысы бар. Бірақ сенат төрағасы ретінде ол саяси, әкімшілік ережелерді қаперіне алмады. Оның үстіне сенат төрағасы айналып өткен этика ережелері бар. Бұл оны саяси ойыншы ретінде жақсы қырынан көрсетпейді, — дейді Толғанай Үмбетәлиева.

ДАРИҒА НАЗАРБАЕВА ЖӘНЕ № 1 ҚЫЗМЕТ

Дариға Назарбаева президент болуы мүмкін деген пікірлер әкесі мемлекет басшысы болған жылдардың өзінде айтылған. Бірақ Нұрсұлтан Назарбаев билік «мұрагерлік жолмен» берілуі мүмкін деген сөзді жоққа шығарып, Дариға Назарбаева президент болуға ниеті жоғын айтқан.

Дариға Назарбаеваның Қазақстан президенті болуы мүмкін бе? Азаттық сөйлескен сарапшылар ондай болуы ықтимал екендігіне күмәнмен қарайды.

— Транзиттің мұндай түрі мүмкін болса, неге қазір президент қызметінде Дариға Назарбаева емес, Қасым-Жомарт Тоқаев отыр? Маған Дариға Назарбаева біраз уақыт бұрын үлкен саясатқа қызығушылығын жоғалтып, онда тек әкесінің қалауымен ғана мәжбүрлі түрде қалғандай көрінеді. Сенат төрағасы қызметінде ол екінші президенттің құзыретін шектеу арқылы маңызды рөл атқарады. Дариғаға қазіргі дуалистік басқару жүйесінде маңызды рөл берілген. Бұл жүйенің неге айналып бара жатқанын айту қиын. Жағдайдың екі ықтимал сценариі бар: бұрынғы авторитарлы президенттік модельге оралу немесе парламенттік басқару жүйесіне ұқсас басқа жүйеге өту.

Толғанай Үмбетәлиева «жоғарыдағылар» мен «төмендегілер» Назарбаеваны мемлекет басында көруге дайын емес деп есептейді.

— Элита Тоқаевты Дариға Назарбаеваға ауыстыру арқылы тәуекелге бара ма? Оған күмәнім бар. Бұрынғы президенттің өзі мұндай тәуекелге бармайды деп ойлаймын. Оған сынның астында қызы емес, өзі қалатын бүкіл ел аумағындағы наразылық керек емес. Қауіп өте жоғары. Бизнес элитаның ешқайсысы Назарбаеваны қолдауға ықыласты емес. Ойын ережесін ұстанбайтын ол тұрақты әрі сенімді серіктес емес, — дейді Үмбетәлиева.

Андрей Чеботаревтың пікірінше, Назарбаева билікте қалады және болашақта позициясы күшеюі мүмкін. Сарапшы билік «ұжымдық мұрагер» моделін күшейту үшін 2020 жылы кезектен тыс парламент сайлауын өткізуі мүмкін деп топшылайды. Сонда жаңа конфигурацияда Дариға Назарбаеваға ерекше рөл беріледі.

— Келер жылы ақпанда өтетін «Нұр Отан» партиясының сьезінде Назарбаева ханым партия төрағасы болып сайлануы мүмкін. Бұл бір жағынан, қазір жұмыс істеп тұрған партиялардан тыс Тоқаевтың мемлекет басшысы ретіндегі мәртебесін сақтау үшін керек. Екінші жағынан, «елбасының» үлкен қызының позициясын күшейтуді көздейді. Ол қазір президент квотасы бойынша депутат болып отыр және оның құзыреті 2022 жылы аяқталады. «Нұр Отан» төрағасы болу арқылы ол сенат спикерінің позициясына кез келген тиісті мәслихаттың сайлауымен тағайындала алады. Басқа нұсқа да бар — парламент сайлауына дейін немесе кейін «елбасы» мен президенттің келісілген бастамасы бойынша жаңа конституциялық реформа жүріп, нәтижесінде парламент пен оның палаталары билік жүйесінде күшеюі мүмкін. Мұндай жағдайда Дариға Назарбаеваның құзыреті мен мүмкіндіктері кеңейеді. Орта мерзімді перспективада оның «ұжымдық мұрагерлік» моделіне қатысуы қамтамасыз етіледі, — дейді сарапшы.

Дариға Назарбаеваның әр қадамы қоғамда белсенді талқыланғанына қарамастан, оның отбасы туралы жеке сұрақтар жауапсыз қалып отыр. Ақпан айында ұлы Айсұлтан Назарбаев «Ресейдегі наркологиялық ауруханада ем қабылдап жатыр-мыс» деген сыбыс тараған кезде Дариға Назарбаева оның қайда жүргені туралы мәлімдеме жасаған жоқ. Бірнеше айдан кейін бұрынғы президенттің жиені Ұлыбритания астанасында бөтен біреудің пәтеріне кіріп, жергілікті полицияға шабуыл жасады. Қазан айында Лондон соты Айсұлтан Назарбаевқа 18 ай шартты жаза кесіп, есірткіге тәуелділіктен емделуге міндеттеді. Назарбаевтар отбасы Айсұлтанның басындағы жағдай мен Ұлыбритания сотының шешімі жайлы пікір берген жоқ.

Дариға Назарбаева бұрын өзінің отбасына байланысты күрделі жағдайлардан қызмет мансабына нұқсан келтірмей шығып кететін.

2006 жылы Дариға Назарбаева президент отбасымен байланысы бар басылымда оппозициялық саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлының қазасы туралы «Дежа вю» деген мақала жариялап, сол кездегі Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Нартай Дүтбаевты сынаған. Назарбаеваның сөзінше, Дүтбаев президентке кіріп, қылмысқа қатысы бар деген күдіктілер арасында президент отбасының мүшелерін, сенат спикері және Назарбаевтың жақын серігі Нұртай Әбіқаевты атаған (Әбіқаевтың қол астында жұмыс істеген сенат аппаратының жетекшісі Ерлан Өтембаев көп ұзамай «қылмысқа тапсырыс беруші» деп танылды). Көп ұзамай Дариға Назарбаева «Дежа вю» мақаласын ашу үстінде жазғанын айтты.

Жеті жылдан кейін Қазақстан билігі істі қайта қарап, «қылмысқа Рахат Әлиев тапсырыс берген» деп тапты. Ол кезде президенттің үлкен қызы Дариға Назарбаева туған елінде өзі басқарған банк менеджерлерін өлтіру, қылмыстық топ құру, мемлекеттік төңкеріс жасауға талпыныс және мемлекетке опасыздық жасау баптары бойынша айыпталып, сырттай 40 жылға түрме жазасына кесілген күйеуі Рахат Әлиевпен ажырасып кеткен болатын.

Шетелге қашқан Рахат Әлиевке 2007 жылы осындай ауыр айыптар тағылған кезде Дариға Назарбаева біраз уақыт қоғам назарына түспей кетті. Бірақ 2015 жылы өзіне тағылған айыптарды «саяси астары бар» деп мойындаудан бас тартқан Рахат Әлиевтің ұсталғанда және кейін ол Австрия түрмесінен өлі табылғанда сыр берген жоқ. Саяси сахнаға қайта оралған Дариға Назарбаева парламентке өтіп, мәжіліс төрағасының орынбасары болды. Әлиевтің қазасынан кейін Назарбаеваның тасы өрге домалады: 2015 жылы қыркүйекте ол премьер-министрдің орынбасары қызметіне тағайындалып, бір жылдан кейін сенатқа ауысты. Тағы үш жылдан кейін Дариға Назарбаева жоғарғы палатаны басқарды. Қазір ол елдегі № 1 қызметтен бір адым жерде тұр.

Azattyq