Дариға «әкеме тиіспеңдер» деді. Ринат мұны тыңдамады — Жүрсін Ерман
Ақын Жүрсін Ерман айтыскер шәкірті Жандарбек Бұлғақовқа берген сұхбатындаайтыстың тағдырына кімдердің ықпалы болғанын әңгімелеп, ел аузындағы аңыздарды қайсы шын, қайсы өтірік екенін ажыратып берді, — деп хабарлайды Kznews.Kaz Dalanews.kz сайтына сілтеме жасап.
«Өзің де куәсің, айтысты қайта-қайта жауып тастап жатты ғой. «Айтысты Түркияға апарамыз» деп министр Құл-Мұхаммедтің алдына бардық. Құл-Мұхаммед алдымызға жайып салды. «Міне, айтыстың тоқтатыңдар» деген Назарбаевтың нұсқауы жатыр. Қалай барасыңдар Түркияға?» деді. Одан да өттік», — дейді Жүрсін Ерман.
Оның сөзінше, Дариға Назарбаева айтысқа зиянын тигізбеген.
«Баяғыда жекпе-жек айтыс деген болды ғой. Соны ашайын деп Дариға Назарбаеваға бардым. Хабар агенттігінің төрағасы еді.
«Сөз жоқ аша бер, бірақ мынаған (саусағын шошайтып — еск.) тиіспесеңдер болды» деді. Мынауы түсінікті ғой енді. Әкесін айтып отыр. Қайдан тиіспейді?! Ринаттар «үш жүздің тағдырынан үш қыздың болашағы қиын болып тұр» деді.
Бірақ Дариға мықты екен. Ешқандай жазалау, ескерту жасау болған жоқ. Бірақ тосқауыл қоюшылар көп болды. Шыдадық. Шыдамағанда қайда барасың?!» — деді ақын.
Жүрсін Ерман Алматы қаласының билігінде отырғандар айтыс өтуіне тосқауыл болғанын ашық айтты.
«Алматы қаласының әкімінің орынбасары болды. Сейдуманов деген. Дворецті жаптырып тастады. Екі күннен кейін айтыс болайын деп жатыр. Дворецті бергізбей, «тоқтатасың» деді. «Қайдан шығардың?» деп едім. «Құл-Мұхаммедке барып, соған айт» деді. Астанаға ұшып бардым. Құл-Мұхаммед бір жиналыста отыр екен, алып шығып сөйлестім. «Жоқ, аша берсін, рұқсат» деді.
Қайтып келсем Сейдуманов көнбейді. «Айтысты жауып тастаған соң халық шулап кетеді» дедім. «Шулап кетсе атамын» деді. «Онда мықты екенсің» дедім. 7-8 жыл болып кетті. Осыдан кейін не айтуға болады?!» — деп әңгімеледі айтыстың тірі абызы.
Жандарбек Бұлғақов сұхбат барысында Жүрсін Ерманнан ел аузында жүрген бір әңгіме қаншалық шын екенін сұраған. Оның сөзінше, Балғынбек Имашев пен Мелс Қосымбаевтың жекпе жек айтысында 30 минуттық демалыста Жүрсін Ерманға Дариға Назарбаева хабарласқан деген де сөздер бар екен.
«Айтыста аңыз көп. Сол аңыздың біреуі. Еш уақытта мұндай қоңырау шалынған жоқ, Дариға тиіскен жоқ. Қалай өтті, солай өтті», — деп жауап берді Жүрсін Ерман.
Сонымен қатар, Дінмұхамед Қонаевтың 100 жылдығына орай өткен айтыста «сахнада шай құйып жүрген қыздар Ұлттық қауіпсіздік қызметінің қыздары болды» деген сөз қауесет екенін жеткізді.
«Бұл да бос сөз. Сахнада шай құятын қыздарды өзіміз таңдап шақыратынбыз. Кішкене бойы, басы түзу (қыздарға — еск.) ұлттық киім кигізетінбіз. Қонаевтың мүшел тойына байланысты екі рет өткіздік. Екеуі де қиын жағдайда өтті. Балуан Шалуақ сарайында өткіздік.
Сарайдың сыртына 72 шаршы метрге Қонаевтың суретін салып қойдық. «Қонаевтай ер қайда?» деп. Соны Алматы қаласының билігінде отырғандар алдырды», — деді Жүрсін Ерман.