Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді оңтайландырудың оң нәтижелері

0
213

Осыған байланысты еліміздегі дәрі-дәрмек рыногының негізгі ойын­шы­сы «СК-Фармация» ЖШС Басқарма төрағасының міндетін ат­қарушы Берік ШӘРІПТІ әңгімеге тартқан едік.

– Берік Шәріпұлы, Мемлекет басшысы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына арнаған Жол­дауында «Медициналық қыз­мет сапасы халықтың әлеуметтік көңіл-күйінің аса маңызды ком­поненті болып саналады» деп атап көрсетті. Осы орайда хал­қы­мыздың әл-ауқатын, өмір са­­па­сын арттырудағы медицина са­­ласының рөлі хақында не ай­тасыз?

– Даму сатысында белгілі бір жетістіктерге жеткен әрбір мемлекет өзінің алдағы стратегиялық міндеттерінің аясында әлеуметтік даму бағытына басымдық береді. Бүгінде әлемдегі ең дамыған 30 елдің құрамына кіруді басты міндет ретінде белгілеп отырған Қазақстан Республикасы да бұл игілікті бағыттан бас тартпақ емес. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқа­тының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында «Мұндай жағдайды сын-қатерлерге төтеп берудің және мемлекеттің табысқа жетуінің кепілі елдің басты байлығы – адамның даму мәселесі болып отыр» деп атап көрсеткен болатын.

Еліміз азаматтарының жоғары сапалы өмірін қамтамасыз ету барысында денсаулық сақтау саласын тұрақты және жүйелі түрде дамытудың маңызы зор. Елі­­­міздің Ата Заңындағы негізгі қағи­даттардың бірі әрбір азамат­тың денсаулығын сақтауға құ­қық беру болып табылады. Сон­дықтан қоғамымыздың ең басты құндылықтарының және бай­лық­тарының бірі – халқымыздың денсаулығы.

Сапалы медициналық қыз­мет дегеніміз, ең бірінші, білік­тілігі жоғары медициналық қызмет­керлер, қолжетімді, әсіресе ауыл­дық жерлердегі медициналық кө­мек, тұрғындарды сапалы дәрі-дәрмекпен дер кезінде қамтамасыз ету. Бұл ретте адамдардың жоға­ры денсаулық дәрежесіне қол жет­кізуде сапалы да қолжетімді дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің маңызы зор. Елімізде тұрғындарды кепілді тегін медициналық кө­мек­пен толық қамтамасыз ету мақ­са­тында кешенді жұмыстар атқарылуда. Емделушілерді тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету шең­берінде шеттен дәрі-дәрмек әкелу мәселесін қаржыландыруға басымдық берілуде.

– Халық денсаулығын жақ­сарту барысында атқарылып жатқан кешенді жұмыстар ая­сында тұрғындарды дәрі-дәрмек­пен қамтамасыз етудің маңызы зор. Еліміздегі дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің бірыңғай дистрибьюторы «СК-Фармация» ЖШС-нің басшысы ретінде осы мақ­сатта атқарылып жатқан жұмыс­тарға тоқталып өтсеңіз.

– Дәрі-дәрмектерге жаппай қол­жетімділікті арттыру мақсатында медициналық дәрі-дәрмектерді сатып алу тәртібін оңтайландыру және оларды денсаулық сақтау ұйымдарына жеткізу мәселелерін реттеуде кешенді жұмыстар жүзеге асырылуда. Мәселен, 2018 жылдан бастап бірыңғай дистрибуция жүйесінде амбулаторлық дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етуді орталықтандыру жұмысы жүзеге асырылды. Ең алдымен, сатып алу жүйесін бір орталыққа бағыттау барлық өңірдің дәрі-дәрмекке деген сұранысын шоғырландыру есебінен бюджет қаржысын үнем­деуге, сатып алу тетіктерінің тиім­ділігін арттыруға, кейбір дәрі-дәрмектің бағасын төмендетуге мүм­кіндік берді. Сонымен бірге дәрі-дәрмекті сатып алу мен есепке алу қызметінен бас тартып, тегін босатылатын дәрі-дәрмектерді тұрғындарға дәрігерлер жазып берген рецепт арқылы емханалардағы дәріханалар арқылы босатуға қол жеткізілді.

Міне, осындай шаралардың нәтижесінде үнемделген қаржы қосымша дәрі-дәрмек сатып алуға жұмсалды. Медициналық дәрі-дәрмектерді бірыңғай дистрибуция желісі арқылы сатып алудан үнемделген қаржы көлемі 26 миллиард теңгені құрады. Дәрі-дәр­мекпен қамтамасыз етуді орталықтандыру нәтижесінде қандай дәрілерге сұраныс толық жабылмай отырғаны анықталып, үнемделген қаржының 23,5 миллиард теңгесі осы олқылықты тол­тыруға бағытталды. Дәрі-дәр­мек­термен қамтамасыз ету жүйе­сін жақсарту мақсатында атқа­рылған осындай жұмыстардың нәти­жесінде 2018 жылы 3,5 миллион қазақстандық тегін дәрі-дәр­мекпен қамтылды. Бұл 2016 жылмен салыстырғанда 5,7 пайызға артық.

Сатып алуды орталықтандыру еліміздің барлық өңіріндегі тұр­ғын­дардың дәрі-дәрмекке деген сұранысын бірдей деңгейде қам­тамасыз етуге мүмкіндік берді. Бұ­рын еліміздің әрбір өңірінде дәрі-дәр­мектерді сатып алу жеке-жеке жүргізілді. Осының салдарынан бір сырқат түрімен ауыратын емделушілерге әртүрлі деңгейде қаржы жұмсалды. Дәрі-дәрмектің сатып алу құны да әртүрлі болды. Амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді орталықтандыру бұл мәселені реттеуге жағдай туғызды. Осы орайда белгіленген кешенді жұмыс Қазақстан Рес­пуб­ликасы Денсаулық сақтау ми­­нистрлігінің барлық өңір­лер­дегі денсаулық сақтау басқар­ма­ларының және бірыңғай дистрибьютор – «СК-Фармация» ЖШС-нің бірлескен шараларының нәтижесінде жүзеге асырылды. Тұрғындарды тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесін кеңейту мақсатында қазақстандықтардың сапалы медициналық көмекке қолжетімділігі артты.

– Мемлекет басшысының «Цифрлы Қазақстан» бастамасы бойынша экономикамыздың бар­лық саласында цифрлы техно­ло­гияларға басымдық беріліп отыр­ғандығы белгілі. Цифр­ландыру үдерістері денсаулық сақ­­тау саласында қандай дәре­же­де жүргізілуде?

– Денсаулық сақтау саласын жаңғыртудың басты бағыттарының бірі ретінде Елбасы еліміздегі денсаулық сақтау мекемелерінің барлығында цифрландыру технологиясын енгізуді күн тәртібіне қойды. Барынша қарқынды дамы­ған технология, интернет және смартфон жүйелерінің дамуы денсаулық сақтау саласының да жұмысын жаңаша жаңғыртуды қажет етті. Әрине, бұл – уақыт талабы. Сондықтан еліміздің эконо­микасындағы технологиялық қайта құруларды жаңғыртумен бірге, денсаулық сақтау саласында да цифрландырудың заманауи технологияларын қолдану күн тәртібіне қойылды.

Елбасы өзінің биылғы Жол­дауын­да «2019 жылдың 1 қаңта­рынан бастап барлық емхана мен аурухана медициналық құжаттарды қағазсыз, цифрлық нұсқада жүр­гізуге көшуге тиіс. Бұл 2020 жылға қарай бүкіл тұрғындардың электронды денсаулық паспорттарын жасауға, кезектерді, бюрократия­ны жоюға, қызмет көрсету сапа­сын арттыруға мүмкіндік бе­реді», деп атап көрсетті. Күн тәр­ті­біне қойылған осы маңызды міндеттерді атқару мақсатында елі­міздің денсаулық сақтау саласы­ның жұмысында жан-жақты қайта құрулар жүзеге асырылды. Ден­саулық сақтау саласын цифрландыру шеңберінде Бірыңғай дистрибьютор Электрондық коммер­ция орталығымен бірлесе оты­рып, елімізде дәрі-дәрмекпен қам­тамасыз ету саласында электронды сатып алу тәртібін енгізу жөніндегі жобаны жүзеге асыруда. Қазақстан Республикасы Ден­саулық сақ­тау министрінің 2018 жылғы 5 шіл­дедегі №420 бұйрығына сәй­кес кепілді тегін медициналық көмек көлемінің шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі шеңберінде Бірыңғай дистрибьютор дәрі-дәрмектерді және медициналық құрал-жабдықтарды сатып алуда қанатқақты жоба ретінде 2018 жылдың соңына дейін электронды сатып алу Веб-порталдарын пайдалануды жүзеге асыруға тиіс.

Тегін дәрі-дәрмекпен қамта­масыз ету мақсатындағы тендерлік үрдістерде ашықтықты, тиімділікті қамтамасыз етіп, әкімшілік ке­дер­­гілерге тосқауыл қою элек­трон­ды сатып алудың басты басым­дық­тары болып табылады. Бұл ша­ралар электронды әдіспен дәрі-дәрмектер сатып алу шара­ла­рына қазақстандықтардың сенім­ділігін арттырды. Сатып алудың электронды форматы тендер жүр­гізетін комиссия мүшелері мен дәрі-дәрмек жеткізушілердің арасындағы бір-бірімен байланысты болдырмайды. Бұл өз кезегінде жең ұшынан жалғасатын сыбайластықты жоюға жағдай жасайды. Электронды жүйе арқылы сатып алу жүргізілген кезде ешқан­дай қағаз құжаттар болмайды. Электронды жүйе арқылы Веб-порталдарда аукцион өткізген кезде барлық жұмыстың тиімділігі мен ашықтығы артады.

Цифрландыру технология­сын дамыту жұмыстарының шең­берінде Бірыңғай дистрибьютор Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығымен бірлесе отырып, ақпараттық жүйені оңтайландыру жұмысын жүзеге асыруда. Бұл өз кезегінде Бірыңғай дистрибьютордың Бірыңғай фар­мацевтік ақпараттық жүйесінде және Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің ақпараттық жүйесінде емханалар мен ауруханалар жұмысының ақпараттық жүйесін біріктіруге мүмкіндік береді. Ақпараттық жүйелерді біріктіру ауруханаларда және емханаларда қанша кө­лемде дәрі-дәрмек қалғандығын, ай сайын қанша көлемде дәрі-дәрмектер жұмсалатындығын ба­қы­лап отыруға жағдай жасайды. Осының нәтижесінде еліміз бойынша қанша дәрі-дәрмек қорының бар екендігіне орталықтандырылған есеп жүргізу мүмкіндігі қалып­тас­ты. Рецепт арқылы дәрі-дәр­мектер босатуға бақылау жасалып, артық шығындарға тосқауыл қойылды.

– Берік Шәріпұлы, емделу­шілер тегін дәрі-дәрмекпен қам­та­масыз етудің жағдайын, қай­дан және қандай дәрі-дәрмек­терді алуға болатынын қалай біледі?

– Үстіміздегі жылдың 1 қараша­сынан бастап еліміздегі барлық медициналық мекемелерде тегін амбулаториялық қамтамасыз ету үшін қаншалықты дәрі-дәрмек түскенін білу мәселелерімен танысу үшін байланыс орталығының бірыңғай 1439 қысқа нөмірі жұмыс істей бастады. Емделушілер үшін бүкіл Қазақстан бойынша қалалық нөмірлер арқылы телефон шалу тегін. Осы байланыс жүйесі арқы­лы емделушілер қажетті дәрі-дәрмектің неге жеткізілмей жатқан­дығын, оның себеп-салдарларын және өздерінің медициналық мекемелеріне бұл препараттар қашан жеткізілетіндігі туралы толық ақпарат ала алатын болады. Бай­ланыс орталығының операторлары тұрғындардан түскен әрбір сауалға толық және анық жауап беруге міндетті. Дәрі-дәрмектердің дер кезінде жеткізілмеу себептерін анықтау Бірыңғай дистрибьютор үшін алдағы жұмыс тәртібін дұрыс жолға қою үшін нақты көмек болып табылады.

Келесі жылдан бастап Бірыңғай дистрибьютордың ақпараттық са­рап­тау жүйесінің бірыңғай элек­трондық анықтама жүйесі іске қосылады. Бұл өз кезегінде дәрі-дәр­мекпен қамтамасыз етуді бол­жауға, жоспарлауға қажетті деректерді жинауға көмектеседі. Анықтама онлайн-режімде емделушілерге дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің барлық ақпаратын: медициналық мекеме қандай дәрі-дәрмектерге сұраныс жасағанын, қандай көлем­де және қашан дәрі-дәрмектер жөнелтілгендігін, дәл қазір қан­шалықты көлемде дәрі-дәрмек бар екендігін, сонымен бірге препараттардың келесі тобы қашан жеткізілетіндігін біліп отыруға жағдай жасайды. Бұл жоба кепілді мемлекеттік тегін медициналық көмек көрсету көлемі бойынша емделушілерді тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесінде толық ашықтықты қалыптастыруға жағ­дай жасамақ. Қорыта айтқанда, еліміздің денсаулық сақтау сала­сының қызметкерлері алдында Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұр­мыс сапасын арттыру» атты Жол­дауынан туындаған мін­дет­терді жүзеге асыру мақ­сатында ке­­лелі міндеттер тұр. Са­палы меди­­циналық көмек және үзіліссіз дәрі-дәрмекпен қамта­масыз ету жү­йесі – Қазақстан аза­мат­тарының өмір сапасын арт­ты­рудың басты тұғырларының бірі. Елімізді дәрі-дәрмекпен қамта­масыз етудің бірыңғай дистрибьюторы ретінде «СК-Фармация» ЖШС-нің ұжымы да бұл міндет­терді жақсы түсінеді және оны жүзе­ге асыру үшін қолдан келген­нің бәрі жасайды.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»