Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді оңтайландырудың оң нәтижелері
Осыған байланысты еліміздегі дәрі-дәрмек рыногының негізгі ойыншысы «СК-Фармация» ЖШС Басқарма төрағасының міндетін атқарушы Берік ШӘРІПТІ әңгімеге тартқан едік.
– Берік Шәріпұлы, Мемлекет басшысы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Медициналық қызмет сапасы халықтың әлеуметтік көңіл-күйінің аса маңызды компоненті болып саналады» деп атап көрсетті. Осы орайда халқымыздың әл-ауқатын, өмір сапасын арттырудағы медицина саласының рөлі хақында не айтасыз?
– Даму сатысында белгілі бір жетістіктерге жеткен әрбір мемлекет өзінің алдағы стратегиялық міндеттерінің аясында әлеуметтік даму бағытына басымдық береді. Бүгінде әлемдегі ең дамыған 30 елдің құрамына кіруді басты міндет ретінде белгілеп отырған Қазақстан Республикасы да бұл игілікті бағыттан бас тартпақ емес. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында «Мұндай жағдайды сын-қатерлерге төтеп берудің және мемлекеттің табысқа жетуінің кепілі елдің басты байлығы – адамның даму мәселесі болып отыр» деп атап көрсеткен болатын.
Еліміз азаматтарының жоғары сапалы өмірін қамтамасыз ету барысында денсаулық сақтау саласын тұрақты және жүйелі түрде дамытудың маңызы зор. Еліміздің Ата Заңындағы негізгі қағидаттардың бірі әрбір азаматтың денсаулығын сақтауға құқық беру болып табылады. Сондықтан қоғамымыздың ең басты құндылықтарының және байлықтарының бірі – халқымыздың денсаулығы.
Сапалы медициналық қызмет дегеніміз, ең бірінші, біліктілігі жоғары медициналық қызметкерлер, қолжетімді, әсіресе ауылдық жерлердегі медициналық көмек, тұрғындарды сапалы дәрі-дәрмекпен дер кезінде қамтамасыз ету. Бұл ретте адамдардың жоғары денсаулық дәрежесіне қол жеткізуде сапалы да қолжетімді дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің маңызы зор. Елімізде тұрғындарды кепілді тегін медициналық көмекпен толық қамтамасыз ету мақсатында кешенді жұмыстар атқарылуда. Емделушілерді тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету шеңберінде шеттен дәрі-дәрмек әкелу мәселесін қаржыландыруға басымдық берілуде.
– Халық денсаулығын жақсарту барысында атқарылып жатқан кешенді жұмыстар аясында тұрғындарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің маңызы зор. Еліміздегі дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің бірыңғай дистрибьюторы «СК-Фармация» ЖШС-нің басшысы ретінде осы мақсатта атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтсеңіз.
– Дәрі-дәрмектерге жаппай қолжетімділікті арттыру мақсатында медициналық дәрі-дәрмектерді сатып алу тәртібін оңтайландыру және оларды денсаулық сақтау ұйымдарына жеткізу мәселелерін реттеуде кешенді жұмыстар жүзеге асырылуда. Мәселен, 2018 жылдан бастап бірыңғай дистрибуция жүйесінде амбулаторлық дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етуді орталықтандыру жұмысы жүзеге асырылды. Ең алдымен, сатып алу жүйесін бір орталыққа бағыттау барлық өңірдің дәрі-дәрмекке деген сұранысын шоғырландыру есебінен бюджет қаржысын үнемдеуге, сатып алу тетіктерінің тиімділігін арттыруға, кейбір дәрі-дәрмектің бағасын төмендетуге мүмкіндік берді. Сонымен бірге дәрі-дәрмекті сатып алу мен есепке алу қызметінен бас тартып, тегін босатылатын дәрі-дәрмектерді тұрғындарға дәрігерлер жазып берген рецепт арқылы емханалардағы дәріханалар арқылы босатуға қол жеткізілді.
Міне, осындай шаралардың нәтижесінде үнемделген қаржы қосымша дәрі-дәрмек сатып алуға жұмсалды. Медициналық дәрі-дәрмектерді бірыңғай дистрибуция желісі арқылы сатып алудан үнемделген қаржы көлемі 26 миллиард теңгені құрады. Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді орталықтандыру нәтижесінде қандай дәрілерге сұраныс толық жабылмай отырғаны анықталып, үнемделген қаржының 23,5 миллиард теңгесі осы олқылықты толтыруға бағытталды. Дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету жүйесін жақсарту мақсатында атқарылған осындай жұмыстардың нәтижесінде 2018 жылы 3,5 миллион қазақстандық тегін дәрі-дәрмекпен қамтылды. Бұл 2016 жылмен салыстырғанда 5,7 пайызға артық.
Сатып алуды орталықтандыру еліміздің барлық өңіріндегі тұрғындардың дәрі-дәрмекке деген сұранысын бірдей деңгейде қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Бұрын еліміздің әрбір өңірінде дәрі-дәрмектерді сатып алу жеке-жеке жүргізілді. Осының салдарынан бір сырқат түрімен ауыратын емделушілерге әртүрлі деңгейде қаржы жұмсалды. Дәрі-дәрмектің сатып алу құны да әртүрлі болды. Амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді орталықтандыру бұл мәселені реттеуге жағдай туғызды. Осы орайда белгіленген кешенді жұмыс Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің барлық өңірлердегі денсаулық сақтау басқармаларының және бірыңғай дистрибьютор – «СК-Фармация» ЖШС-нің бірлескен шараларының нәтижесінде жүзеге асырылды. Тұрғындарды тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесін кеңейту мақсатында қазақстандықтардың сапалы медициналық көмекке қолжетімділігі артты.
– Мемлекет басшысының «Цифрлы Қазақстан» бастамасы бойынша экономикамыздың барлық саласында цифрлы технологияларға басымдық беріліп отырғандығы белгілі. Цифрландыру үдерістері денсаулық сақтау саласында қандай дәрежеде жүргізілуде?
– Денсаулық сақтау саласын жаңғыртудың басты бағыттарының бірі ретінде Елбасы еліміздегі денсаулық сақтау мекемелерінің барлығында цифрландыру технологиясын енгізуді күн тәртібіне қойды. Барынша қарқынды дамыған технология, интернет және смартфон жүйелерінің дамуы денсаулық сақтау саласының да жұмысын жаңаша жаңғыртуды қажет етті. Әрине, бұл – уақыт талабы. Сондықтан еліміздің экономикасындағы технологиялық қайта құруларды жаңғыртумен бірге, денсаулық сақтау саласында да цифрландырудың заманауи технологияларын қолдану күн тәртібіне қойылды.
Елбасы өзінің биылғы Жолдауында «2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық емхана мен аурухана медициналық құжаттарды қағазсыз, цифрлық нұсқада жүргізуге көшуге тиіс. Бұл 2020 жылға қарай бүкіл тұрғындардың электронды денсаулық паспорттарын жасауға, кезектерді, бюрократияны жоюға, қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік береді», деп атап көрсетті. Күн тәртібіне қойылған осы маңызды міндеттерді атқару мақсатында еліміздің денсаулық сақтау саласының жұмысында жан-жақты қайта құрулар жүзеге асырылды. Денсаулық сақтау саласын цифрландыру шеңберінде Бірыңғай дистрибьютор Электрондық коммерция орталығымен бірлесе отырып, елімізде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету саласында электронды сатып алу тәртібін енгізу жөніндегі жобаны жүзеге асыруда. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2018 жылғы 5 шілдедегі №420 бұйрығына сәйкес кепілді тегін медициналық көмек көлемінің шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі шеңберінде Бірыңғай дистрибьютор дәрі-дәрмектерді және медициналық құрал-жабдықтарды сатып алуда қанатқақты жоба ретінде 2018 жылдың соңына дейін электронды сатып алу Веб-порталдарын пайдалануды жүзеге асыруға тиіс.
Тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мақсатындағы тендерлік үрдістерде ашықтықты, тиімділікті қамтамасыз етіп, әкімшілік кедергілерге тосқауыл қою электронды сатып алудың басты басымдықтары болып табылады. Бұл шаралар электронды әдіспен дәрі-дәрмектер сатып алу шараларына қазақстандықтардың сенімділігін арттырды. Сатып алудың электронды форматы тендер жүргізетін комиссия мүшелері мен дәрі-дәрмек жеткізушілердің арасындағы бір-бірімен байланысты болдырмайды. Бұл өз кезегінде жең ұшынан жалғасатын сыбайластықты жоюға жағдай жасайды. Электронды жүйе арқылы сатып алу жүргізілген кезде ешқандай қағаз құжаттар болмайды. Электронды жүйе арқылы Веб-порталдарда аукцион өткізген кезде барлық жұмыстың тиімділігі мен ашықтығы артады.
Цифрландыру технологиясын дамыту жұмыстарының шеңберінде Бірыңғай дистрибьютор Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығымен бірлесе отырып, ақпараттық жүйені оңтайландыру жұмысын жүзеге асыруда. Бұл өз кезегінде Бірыңғай дистрибьютордың Бірыңғай фармацевтік ақпараттық жүйесінде және Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің ақпараттық жүйесінде емханалар мен ауруханалар жұмысының ақпараттық жүйесін біріктіруге мүмкіндік береді. Ақпараттық жүйелерді біріктіру ауруханаларда және емханаларда қанша көлемде дәрі-дәрмек қалғандығын, ай сайын қанша көлемде дәрі-дәрмектер жұмсалатындығын бақылап отыруға жағдай жасайды. Осының нәтижесінде еліміз бойынша қанша дәрі-дәрмек қорының бар екендігіне орталықтандырылған есеп жүргізу мүмкіндігі қалыптасты. Рецепт арқылы дәрі-дәрмектер босатуға бақылау жасалып, артық шығындарға тосқауыл қойылды.
– Берік Шәріпұлы, емделушілер тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің жағдайын, қайдан және қандай дәрі-дәрмектерді алуға болатынын қалай біледі?
– Үстіміздегі жылдың 1 қарашасынан бастап еліміздегі барлық медициналық мекемелерде тегін амбулаториялық қамтамасыз ету үшін қаншалықты дәрі-дәрмек түскенін білу мәселелерімен танысу үшін байланыс орталығының бірыңғай 1439 қысқа нөмірі жұмыс істей бастады. Емделушілер үшін бүкіл Қазақстан бойынша қалалық нөмірлер арқылы телефон шалу тегін. Осы байланыс жүйесі арқылы емделушілер қажетті дәрі-дәрмектің неге жеткізілмей жатқандығын, оның себеп-салдарларын және өздерінің медициналық мекемелеріне бұл препараттар қашан жеткізілетіндігі туралы толық ақпарат ала алатын болады. Байланыс орталығының операторлары тұрғындардан түскен әрбір сауалға толық және анық жауап беруге міндетті. Дәрі-дәрмектердің дер кезінде жеткізілмеу себептерін анықтау Бірыңғай дистрибьютор үшін алдағы жұмыс тәртібін дұрыс жолға қою үшін нақты көмек болып табылады.
Келесі жылдан бастап Бірыңғай дистрибьютордың ақпараттық сараптау жүйесінің бірыңғай электрондық анықтама жүйесі іске қосылады. Бұл өз кезегінде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді болжауға, жоспарлауға қажетті деректерді жинауға көмектеседі. Анықтама онлайн-режімде емделушілерге дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің барлық ақпаратын: медициналық мекеме қандай дәрі-дәрмектерге сұраныс жасағанын, қандай көлемде және қашан дәрі-дәрмектер жөнелтілгендігін, дәл қазір қаншалықты көлемде дәрі-дәрмек бар екендігін, сонымен бірге препараттардың келесі тобы қашан жеткізілетіндігін біліп отыруға жағдай жасайды. Бұл жоба кепілді мемлекеттік тегін медициналық көмек көрсету көлемі бойынша емделушілерді тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесінде толық ашықтықты қалыптастыруға жағдай жасамақ. Қорыта айтқанда, еліміздің денсаулық сақтау саласының қызметкерлері алдында Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауынан туындаған міндеттерді жүзеге асыру мақсатында келелі міндеттер тұр. Сапалы медициналық көмек және үзіліссіз дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесі – Қазақстан азаматтарының өмір сапасын арттырудың басты тұғырларының бірі. Елімізді дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің бірыңғай дистрибьюторы ретінде «СК-Фармация» ЖШС-нің ұжымы да бұл міндеттерді жақсы түсінеді және оны жүзеге асыру үшін қолдан келгеннің бәрі жасайды.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»