ДӘРІ-ДӘРМЕК ДЕР КЕЗІНДЕ ЖЕТКІЗІЛЕДІ | «Айқын» газеті
Азаматтардың денсаулығына қамқорлық жасау – кез келген мемлекеттің негізгі функцияларының бірі. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылғы 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына кезекті Жолдауында Елбасы «Медициналық қызмет сапасы халықтың әлеуметтік көңіл күйінің аса маңызды компоненті болып саналады» деп атап өтті. Бұған, әрине, қазақстандықтарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету де жатады.
Қазақстанның дәрі-дәрмек саясаты, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету және әлемде кеңінен қолданылатын заманауи тәжірибелері мен ұсыныстарына негізделген. Тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін мемлекеттік бюджетке салмақ салмай тұрғындарды қамту аясын ұлғайтуға мүмкіндік беретін шаралар қолданылуда. – Бұл дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді орталықтандыру, дәрі-дәрмектерге шығындарды оңтайландыру және бағаны реттеуді енгізу. ДСҰ сараптамаларына сәйкес, пациенттерді қанағаттандыруға қол жеткізудің маңызды факторы – процестердің ашықтығы және дәрілік заттар айналымы мәселелеріне қатысты шешімдер қабылдау кезінде жұртшылықты қатыстыру.
Қазір әлемде белгіленген фармацевтикалық тәжірибеге тұтастай көшуге, инновациялар және технологиялар трансфертінің дамуына байланысты дженериктер мен биосимилярларды қолдану кеңінен таралып жатыр. Кейбір елдерде генерикалық алмастыруға көшу міндетті болып табылады. Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесіне олардың ішіндегі неғұрлым экономикалық тиімділерін ғана енгізу үшін мониторинг және жүйелік талдау, инновациялар және заманауи зерттеулер жүргізілуі тиіс. Әлемдік озық тәжірибелер Қазақстанның дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесінде кеңінен қолданылады. Емделуге мұқтаж қазақстандықтарды тегін медициналық көмектің кепілді көлемімен барынша қамту үшін елімізде үлкен жұмыстар жүргізіліп жатыр. Пациенттерді тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге бөлінетін жоспарлы қаржыландыру ауқымы артып келеді. Сонымен қатар амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді қаржыландыру да жоспарлы түрде артып келеді. Мысалы, 2008 жылы осы бап бойынша 19,8 млрд теңге бөлінсе, 2010 жылы бұл сома 27,5 млрд теңгеге өсті, 2012 жылы ол 48,1 млрд теңгені құрады, 2014 жылы – 64,3 млрд теңге, 2016 жылы – 92,2 млрд теңге, 2017 жылы – 101,6 млрд теңге, ал 2018 жылы 101,9 млрд теңге болды.
2018 жылдан бастап амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесіне бірыңғай дистрибуциялық орталықтандырылу жүргізілді. Ең алдымен, сатып алуды орталықтандыру, барлық өңірлердегі дәрі-дәрмекке қажеттілік көлемін шоғырландыру есебінен бюджет қаражатын үнемдеуді қамтамасыз етті. Медициналық дәрі-дәрмектерді бірыңғай дистрибуция жүйесі арқылы сатып алудағы жалпы үнем шамамен 26 млрд теңгені үнемдеуге мүмкіндік берді. Оның ішінде 23 млрд теңге дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді орталықтандыру нәтижесінде анықталған дәрі-дәрмек тапшылығын жабу үшін қосымша сатып алуға жіберілді.
Айта кетейік, орталықтандырылған амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге көшу біршама күрделі болды. Мұнда барлық қажетті НҚА келісімдерінен ұзақ өту және реформаларды қабылдамау салдарынан сатып алуды жүргізу кешіктірілді. Бірақ тәжірибе көрсеткендей, орталықтандыру бюджеттік қаражатты үнемдеу сияқты елеулі нәтижелерді ғана емес, сондай-ақ бірқатар проблемаларды анықтады. Дәрілік заттарды жергілікті жерлерге жеткізу барысындағы үзілістердің себептерін сараптаған кезде барлық препараттар сатып алынып, медициналық ұйымдарға жоспарлы жеткізілгеннен кейін жергілікті жерлерде дәрі-дәрмектерді таратуды жоспарлауға қатысты проблемалар анықталды.
2018 жылы амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету шеңберінде Бірыңғай дистрибьютор жеткізген медициналық бұйымдар мен дәрілік заттардың тұтыну деңгейіне жүргізілген талдауға сәйкес, 2018 жылдың басынан бері медициналық және дәріханалық ұйымдардың қоймаларында қалатын (жеткізілген дәрілердің 25%-дан астамы) дәрі-дәрмектердің шоғырлануы байқалады. Мысалы, бүгінгі күні 95,7 млрд теңге сомасына жөнелтілген тауарға 87,2 млрд теңге сомасындағы рецепт берілген, оның ішінде қамтамасыз етілген рецепт сомасы 81,1 млрд теңгені құрады. Қалдық ДЗ мен ММБ 6,6 млрд теңгені құрайды.
Жыл басында Денсаулық сақтау министрлігі амбулаториялық науқастарды кепілдік дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге сырттан тексеру туралы бастама көтерді. Тексеру нәтижесі дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің ақпараттық жүйесінде дәрі-дәрмек алушылар ретінде белгіленген барлық емделушілердің шын мәнінде қамтамасыз етілгенін көрсетті. Тексеру 51 медициналық ұйымға жүргізілді, 9 059 пациентке телефон шалу жүзеге асырылды. 7 707 пациентпен хабарласып, олардың ішінен 7 310 адам дәрі-дәрмектерді алатынын, 117 пациент белгіленген жүйедегі препараттарды жартылай алатынын растады, ал 163 адам дәрілерді алмағанын айтқан. Болашақта осындай жағдайларды болдырмау үшін Денсаулық сақтау министрлігі, ӘМСҚ, «СК-Фармация» республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығының бірлескен жобасы шеңберінде, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету ақпараттық жүйесінде биылғы жылдың қараша-желтоқсан айларында тегін дәрі-дәрмек алушылар ретінде көрсетілген пациенттерге SMS хабарлама тарату жобасы іске асырылды. Жалпы хабарлама тарату деректер базасына кірген 3 млн телефон нөмірлерін қамтиды. Хабарламада рецепт нөмірі және дәріні беретін күн туралы ақпарат болады. Егер пациент бұл дәрі-дәрмектерді алмаған болса, оған SMS хабарлама жауап ретінде «0» жіберуге немесе «СК-Фармация» байланыс орталығына 1439 нөмірі бойынша қоңырау шалуға болады. Қоңырау шалу және SMS тегін. Әрбір қоңырау бойынша ақпарат пен SMS талданады, содан кейін қорытынды ақпарат тиісті шешімдер қабылдау үшін Денсаулық сақтау министрлігіне жіберіледі.
Жалпы, «СК-Фармация» өз қызметінде халықпен бірлесіп жұмыс істеуге үлкен мән береді. Себебі бірыңғай дистрибьютор жұмысының көрсеткіші – бірінші кезекте халықтың тегін дәрілік қамтамасыз етілуін қанағаттандыру. Қазір компанияда халықты тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселелері бойынша жұмыс істейтін 1439 байланыс орталығы іске қосылды. Қазақстанның барлық пациентіне 1439 нөмірі бойынша кез келген қалалық телефоннан тегін қоңырау шалуына болады. Байланыс орталығының операторлары тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберінде диспансерлік және амбулаториялық емделу бойынша есепте тұратын пациенттер үшін тегін таратылатын қажетті дәрі-дәрмектерді жеткізудің жоспарланған күндері көлемі және мерзімі туралы ақпарат ұсынады. Түскен қоңырауларды талдау дәрі-дәрмектердің уақытылы жеткізілмеуінің себептерін анықтауға және мұндай жағдайларға алдағы уақытта жол бермеу үшін тиісті шараларды қабылдауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар қазіргі уақытта медициналық ұйымдарда қанша дәрі-дәрмектер қалғанын анықтайтын интерактивті электронды жоба іске қосылуға дайын. Анықтама интерактивті карта форматында жұмыс істейді. Онда пациенттер медициналық ұйымдардың дәрілік заттарға өтінімдері бойынша: өтінім берілген дәрі-дәрмектердің атаулары мен көлемі, олардың қазіргі кездегі қолда бары, сондай-ақ алдағы уақытта жеткізілу мерзімі сияқты барлық ақпаратты онлайн режимде өздері көре алады. Дәрі-дәрмектерді сатып алудың, демек компания қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету үшін маңызды қадам – сатып алудың электрондық форматына көшу. Ол әкімшілік кедергілерді жоюға, сатып алу рәсімдерінің ашықтығы мен объективтілігін қамтамасыз етуге, ең бастысы қазақстандықтардың бұл салаға деген сенімін нығайтуға мүмкіндік береді.
Жалпы алғанда, халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жұмыстары 2019 жылдың қаңтарында аяқталу деңгейіне жетпек. Медициналық ұйымдардан тізім бойынша алдын ала келіп түскен өтініш сомасы 203,5 млрд теңгені құрады. Бүгінге дейін бірыңғай дистрибьютор екі ірі тендердің нәтижелерін қорытындылады. Олардың нәтижелері бойынша 348 дәрі түрлері сатып алынған, ал үнемдеу көлемі 13,5 млрд астам теңгені құрады.
Дәрілердің 503 түрі отандық өндірушілерден сатып алынады, үнем 1,5 млрд теңгені құрайды. Дайындаушы шетелдік зауыттар дәрі-дәрмектердің басқа ешқайда шығарылмайтын 110 түрін Қазақстанға тікелей жеткізеді. ВИЧ, туберкулез және гепатит С науқастар үшін дайындалатын тағы 24 препарат халықаралық ұйымдардан келеді.
Сатып алынған препараттар бірыңғай дистрибьютордың қоймаларына қазірдің өзінде жеткізіліп жатыр, енді 2019 жылдың қаңтарынан медициналық ұйымдарға жөнелтіле бастайды.
Бағдат ШАКЕРОВ
Дереккөз: Айқын