Дәрі-дәрмек бағасын реттеу туралы заңға қол қойылды
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанда дәрі-дәрмек бағасын реттейтін заңға қол қойды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Мемлекет басшысы халықты дәрілік қамту жүйесін жетілдіруге бағытталған “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” Қазақстан Республикасының заңына қол қойды, – делінген хабарламада.
Еске салайық, 2019 жылдан бастап елімізде дәрі-дәрмек бағасын реттеу жүйесі енгізілетіні бұған дейін хабарланған еді. ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың айтуынша, ведомство халықтан түскен 3000-нан астам шағымға талдау жүргізді. Шағымның көбі дәрілік заттарды сатып алуды жоспарлаудың тиімсіз жүйесі мен дәрілік қамтамасыз ету рәсімдерінің ашық болмауы туралы. Министрдің айтуынша, 2016-2017 жылдары 11 өңірде жалпы сомасы 4,3 миллиард теңге болатын дәрілік зат сатылмай қалған.
Елжан Біртанов 2020 жылға қарай рецепт бойынша берілетін препараттар дәрілік қамтамасыз етудің ақпараттық жүйесі арқылы жөнелтілетінін де хабарлаған еді.
Дереккөз: Baribar.kz