Дәрі беріп, ұрып-соққан: Алматылық бойжеткенді туыс әпкесі ұрлап әкетіп, пәтерін атына жазуға мәжбүрлеген – Қазақстан жаңалықтары

0
84

Алматылық бойжеткенді бұрынғы қамқоршысы ұрлап әкетіп, жалғыз баспанасын өз аттарына жазып беруді талап еткен. Бірнеше тәулік бойы қапаста қамалып отырған жерінен полиция құтқарыпты.

Алайда, қазірдің өзінде қоқан-лоқы көрсетуін жалғастырып келеді екен. Тіпті, өзіне жәбір көрсеткендер қылмыстық істе куәгерге айналған көрінеді. Олардың арасында құзырлы органдардың қызметкерлері де бар көрінеді, деп хабарлайды Евразия.

Бойжеткен қаңтардың 21-і күні кешкісін құрбысын күтіп алу үшін далаға шығыпты. Сол кезде бірнеше адам оны бас салып, ұрып-соғып, көлікке отырғызып алып кеткен.

Жәмилә 6 жасында анасынан,12 жасында әжесінен айрылып, жетімдер үйіне өткізілген. Ал әкесін мүлдем көрмеген. Апасы үйі мен екі жер телімін немересіне мұраға қалдырған. Бірақ, оны туысы өз атына аулдарып алыпты. Ал 2014 жылы жетім қызға мемлекеттен жаңа баспана берілгенде жағдайы тіптен қиындап кеткен.

«Нотариусқа барып, сенім хат жаздыртқысы келді. Менің пәтерімді сол жерде иелену үшін», – деді Жәмилә.

Бойжеткенді қолын қайырып, көлікке күштеп отырғызып жатқанын құрбысы көріп қалып, полицияға шағым түсірген. «Алғабас» шағын ауданын жоғалған қызды тәртіп сақшылары үш күннен кейін Алматы облысының Есік қаласынан тауыпты. Оны дәрі беріп, қапаста қамауда ұстаған. Полицияға бірнеше рет шағым түсіргенімен іс бір рет жабылып, қайта қозғалған. Күдіктілер әлі де қорқытуын жалғастырып келеді екен.

«Ертең барып Алатау аудандық полиция бөлімшесінен өзіңнің арызыңды аласың және кешке таман мен саған келемін. Сені алып кетемін, нотариусқа барып, сенім хатты жазып барлығын бітіріп тастайық. Егер де сен бұны істемесең мен сенің құрбыларыңды, көріп отырсың ғой маған ештеме болмайтынын деп сөйтіп қорқытты», – дейді жәбірленуші.

Қазір әбден үрейленіп қалған Жәмилә құрбысымен бірге тұрады. Үйіне заттарын алуға ғана барады екен. Іс жабылып кете ме деген күдігі де жоқ емес.

«КНБ-ның, МВД-ның қызметкерлері бар, тағы да әйел бар. Солардың жауапқа тартылғанын қалаймын. Олар бұл істе куәгер сияқты болып келе жатыр», – деді Жәмилә.

Ал полицейлер қазір күдіктілердің барлығы анықталып, ұсталғандарын жеткізді. Қылмыстық кодекстің екі бірдей бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары қолға алыныпты.

«Бұл іске қатысы бар тұлғалардың барлығы анықталып, ұсталды. Ең басты тұлға да анықталды. Бұл қылмысты ұйымдастырушы азаматша. Осы азаматтардың әрқайсысының ролі тергеумен міндетті түрде анықталып, олар істеген әрекеттеріне қарай жазаларын алатын болады», – дейді полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Заңгерлер бұл аса ауыр қылмыс санатына жататынын айтады. Егер күдіктілердің қылмыстары дәлелденетін болса, адам ұрлап, бопсалағандар 12 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылып, дүние-мүліктері тәркіленеді екен.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

stan.kz