Дархан Дайырбектің соңғы рөлі: Коронавирусқа сенбейтін блогер болған…
Марқұмның соңғы түскен туындысы «Алматы» арнасынан көрсетіліп жатқан «Карантин» телесериалы.
Танымал актер Дархан Дайырбек өмірден озды.
Ол 1968 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Еңбек жолын Ғабит Мүсірепов атындағы Балалар мен жасөспірімдер театрынан бастайды. Марқұмның соңғы түскен туындысы «Алматы» арнасынан көрсетіліп жатқан «Карантин» телесериалы. Онда ол аты жаман вирусқа сенбейтін блогердің рөлін сомдайды.
«Дархан аға актер ретінде айтар болсақ, өте талантты актер еді. Себебі ол кісінің әрбір сомдаған рөлі, әрбір қатысқан жобасы қалың көрерменнің көзайымына айналды. Ол кісі өзінің басқаларға ұқсамайтын ерекшелігімен есімізде қалды», – деді «Карантин» телесериалының продюсері Қанат Қайырғазинов.
«Терісқақпай» театрының әртісі ретінде де көрерменнің ыстық ықыласына бөленген Дархан Дайырбек «Әкім», «Құдалар», «Тамада ісі», «Қазақша тонау» фильмдері арқылы қазақ көрерменінің есінде қалған. Сондай-ақ, «Бастық боламын», «Бақытсыздар бағы», «Елдің баласы», «Күй-ғұмыр» сериалдарына да түскен. Өнердегі үзеңгілестері Дархан ақ көңіл, жайсаң жан еді деп еске алды.
«Қулық, сұмдық деген жоқ. Ойнаса ойнағаны жарасқандай, әзіл-қалжыңы жарасқан азамат. Қуланып бірдеңе жасаса, өзінің ақ көңіл көзінен көрініп тұрады. Кімге болса, көмек қолын созуға даяр еді қашанда», – деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, актер Жомарт Зейнәбіл.
Алматы.тв