ДАРА | «Айқын» газеті
«Алпысқа келгеннен ақыл сұра» дейді атам қазақ. Біздің Дәуітәлі досымыздан алпысына келмей-ақ кемі алпыс адамның ақыл сұрағанына кәміл сенеміз. Енді осы сөзімізді жөңкіліп келген ойдың жетегімен біраз жерге дейін бөкен желіске салып, дәлелдеп көрейін.
Адам өмiрге неге құштар болады? Адам бұл өмiрдi неге өлiп-өшiп сүйедi? Адамдар айналып келгенде, неге бiр-бiрiн қия алмайды? Осының бәрiне Дәуiтәлiмен өмiрiн бiрге өткiзiп келе жатқандар, не болмаса сыртынан жақсы бiлетiндер шын көз жеткiзедi.
Көңiл жүйрiк пе, көк дөнен жүйрiк пе? Тағы да қайталап айтсақ, Дәуiтәлiнi жақсы бiлетiндер және сыртынан бiлетiндердiң бұған көз жеткiзетiнiне және құмбылмыз.
Дәуiтәлi Омашұлы – Қазақстан Республикасы Парламентi Мәжiлiсi аппаратының Редакциялау және аударма бөлiмiнiң меңгерушiсi.
Бiз бiлетiн Дәуiтәлi – әншi, көркемөнердiң үлкен жүректi жанкүйерi.
Айқайлап айтпай-ақ, ақырын-ақырын өткен күнге көз жiберейiк.
КазГУ-град. №5 жатақхана. Бұл жатақханада кiм аяулы жастық күндерiн өткiзбедi. Бүгiнде қазақ руханиятының шыққан бiр биiгi болса, 1981 жылдары КазГУ-ды, оның iшiнде журфакты бiтiргендердiң еңбегi еш деп ешкiм де айта алмайтыны және хақ.
Сол бiр жылдары КазГУ-дың қалашығы, онда да осы бiр жатақхана әлсiн-әлсiн рухани дүмпу күйiн кешiп жататын. Жетi iшектi гитараны бiз көбiне осы Дәуiтәлiнiң қолынан көретiн едiк. «Прима» темекiсiн езуiне қыстырып алып, жұмсақ жымиып, тұла бойын кiл бiр Алматының ақ жауынындай ақ сезiмдер жаулап алатын бозбала жiгiт бойжеткен бiткеннiң жүрегiн жаулайтын.
Ендiгi жерде мақаламыздың басындағы адамдар өмiрге неге ғашық деген әңгiменiң сырына дендей түсемiз.
Ән
Заманында журналистиканы партиялық кәсiп дегендер көп болды. Рас. «Заманына қарай амалы», солай болған шығар. Бiрақ бiз журналистиканы өнер деп түсiндiк. Арагiдiк мақала жазып, «Бұл бiр ҚазГУ-дың қалашығының әр ағашы жырмен тербелiп тұратын әдемi кезең едi. Қалашықтың кез келген жерiнде өлең оқуға болады. Осы күнi бiреу-мiреуге: «Талдың арасына барып, өлең оқиын деп едiм, жүр, тыңдашы» десең, шошып кетер. Ол кезде бәрi басқаша едi. Кез келген жерде тыңдайтын құлақ бар», – деп Бауыржан Омаров айтпақшы, журфактың бесiншi жатақханасындағы әлем ешқандай әлемге ұқсамайтын. ҚазГУ-градтағы бар жатақхана журфактың жатақханасындай ғұмыр кешсек деп армандайтын, бәлкiм, сол арманмен өмiрден өткен болар.
Журфактың жатақханасы ол заманда Алматыдағы рухани құтхананың бiрi әрi бiрегейi едi. Көптеген жоғары оқу орындарының студенттерi, өнерге ғашық жандары бұл жатақханаға көбiне өнердiң қызыл өртiне өртену үшiн келетiн. Осы жатақханаға келгiштеп жүрiп ақын, әншi боп кеткендер бар. Қазақтың небiр жақсылары мен жайсаңдары осы жатақханадан шықпайтын. Бiрақ осы жатақханаға сол «жын-перiлердiң» ешқайсысы жоламай кеткен күнде де бiзге Дәуiтәлiнiң бiр өзi бiр театр болатын. Бiздi Дәуiтәлi жалықтырмайтын. Бiз ауылды сағынсақ, ауылдың ақ самалдай аңқыған көңiлiн сағынсақ Дәуiтәлiнi тыңдайтынбыз. Дәуiтәлi жетi iшектi әлгi сыған аспабымен ән салғанда бiз дүние сұлулығының соншалықты сырға толы екендiгiне бас шайқайтынбыз. Ол ән салғанда жатақхана қыздарының жүрегi үзiлiп кете жаздайтын. Дүние нұрланып сала беретiн. Кейде ашқұрсақ жүрсек те, рухани аш болмадық.
Леонид Ильич қалай сатирик атанды?
Жамбыл облысы, Меркi ауданы Ойтал ауылында өмiрге келген Дәуiтәлi бiр сәт қазақты қойып, қырғыздың әндерiн сызылтқанда, қыздар түгiлi жiгiттердiң өзi мына тұрған қырғыз асып кеткiсi келетiн. Кiм ән салмай жатыр, бұл сiрә, айтылған әннiң әсерiнiң жүректен жүрекке жеткенi болар.
Әкесi Омаш таңды таңға ұрған айтулы жыршы болған Дәуiтәлiге өнер қайдан қонды деген сауалды қоя алмассыз. Бiрақ оның үнiндегi соншалықты адам жүрегiн тербейтiн бiр нәзiк сезiмнiң өзгеде көп кездесе бермейтiнi рас ендi. Журналистика деген жасыл жайлауға ат байлағанның бәрiнiң тегiн емес екенi белгiлi. Бiрақ өнермен бiрге келiп, осынау әлемге ат шалдыру әркiмнiң пешенесiне жазыла бермесе керек. Осынау өнерге ұмтылған бәрiмiзден Дәуiтәлiнiң дариға дауысы қалай болғанда да ерекшеленiп тұратын.
Қысқасы Дәуiтәлiнiң алдағы қайраткерлiк өмiрiне темiрқазық болған да осы әлемi едi. Айналып келгенде Дәуiтәлiнiң ән әлемiндегi болмысын өмiрден ертерек кеткен аса дарынды ақын Өтепберген Ақыпбековтiң мына бiр өлеңiмен тұжырымдасақ, бiздiң күнi бойғы әңгiмемiздiң босқа айтылмағаны болып шығар.
Талайдан өте туған Өтепберген былай дептi:
«…Қарағым-ай!…»
Қақ айырылып дүние қара қылдай,
Әуездi әнмен қалғиды қара қурай.
Төрткүл әлем тылсымдай тына қалған,
Тасырларға ғасырды таба қылмай.
«…Қарағым-ай!…»
Тамағыңа бозторғай ұя салған.
Саусағыңа сиқырлы сия тамған…
Көзiлдiрiк кигiзiп көлбеңдетiп,
Тұлғасындай Тұрардың құя салған…
…Анаңыздан айналдық туа салған…
Қасиеттi Меркенiң топырағы,
Жiбек жолмен жалғаған Отырарды.
Алып-ұшқан көңiлде –
Жанып ұшқан,
Ұлылықтың қоздаған оты бар-ды…
КазГУ, КазТАГ – артқа сап қанша жолды,
Мойынына оралтар талса қолды:
Өмiрдегi қосағың, сүйенiшiң –
Жiбек емес, жiп емес Парша болды.
ГҮЛНҰР, ГҮЛЖАН, ДАНАЛАР –
балқаймағың
ДӘУIР, ҰЛЖАН – қос әуен таңдайдағы.
Бес құлының бүгiнде бес тармақты
Жұлдыз болып жанып тұр маңдайдағы.
Iштей оқып, iзденiп, сырттай оқып,
Жеген жоқсың өмiрден құйттай опық.
Жан шуақты жақсылық нұрын шашсын!
Жаманшылық кетсiншi бұлттай өтiп.
«…Қарағым-ай!…»
Ашық болсын әрқашан қабағың-ай…
Күн күлiмдеп, қуансын қадамыңа – Ай.
Сырлы әуен жаныңа серпiн берсiн,
Сақ дәуiргi батырдың садағындай…
«…Қарағым-ай!…»
Ұшқыр болсын жебедей қаламың-ай!…
Дәуiтәлiнiң бар болмысы бәлкiм осы жырға сыйып тұрған да болар. Болмыс дегеннен шығады. Бiрде Дәуiтәлiнiң Илья Жақановпен әңгiмелескен сәтiне куә болғаным бар. Әрине, ең алдымен Жақановпен сөйлесу үшiн кiсiге жан-жақты бiлiм, биiк талғам қажет болар-ау. Тереңдеп кеткен әңгiменiң бiр тұсында: «Сiздiң әндерiңiз кiлең бiр мөлдiр, ғажап сюжетке, суретке құрылады, кәдiмгi тұтастығын сақтаған толыққанды туынды, кiтап оқыған тәрiздi боласың», – деп едi, Iлекең елең етiп «Әй, мен мына жiгiттi бұған дейiн қалай бiлмеймiн, мынау терең ғой», – дегенi бар.
Терең екенi рас. Оған бiлiмпаздық қосылса қайтерсiз. Дәуiтәлi зерек студент болды. Сол кездегi зеректiктi қу тiршiлiктiң қым-қуыт әрекеттерi орап кетпегенде Дәуiтәлi ендiгi ғылым докторы болып отыратынына да еш шүбә жоқ. Осы ойымызға негiз болатын бiр ғана мысал келтiрейiн. Дәуiтәлiнiң дипломының тақырыбы «Л.И.Брежнев – сатирик» едi. Жетекшiсi анау-мынау емес, «мық шеге» Қожакеевтiң өзi. Ал ендi қара жер хабар бермесiн, Брежнев атаңызды қалай сатирик деуге болады, көз алдыңызға елестете аласыз ба? Сiз жер мен көктен материал тауып көрiңiз. Бiрақ Дәуiтәлi сол атамыздан сатирик жасап шығарды. Бұған тағы да анау-мынау емес, Қожакеевтiң өзi таңғалды. Шериаздан Елеукенов бастаған мемлекеттiк емтихан комиссиясы «өте жақсы» бағалады.
Ол мiнбер iздеген жоқ
Мiне сол студент кезден басталған, тұлпарлығы тай кезiнен бiлiнген Дәуiтәлiнiң бойындағы шеберлiк, тереңдiк, iзденiмпаздық қазiргi өмiрде де, өнерде де талай биiктерге көтерiп келедi.
Еңбек жолын Қазақстан Компартиясы Орталық комитетiнiң «Қазақстан» саяси әдебиеттер баспасында редактор, аға редактор болып бастаған ол Қазақ КСР Министрлер кеңесi жанындағы Қазақ Ақпарат агенттiгiнде жалғастырды. Ол бұдан кейiн жоғары билiк баспалдақтарынан өттi. Алдымен Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесiнiң аппаратында, одан кейiн Қазақстан Республикасы Парламентiнiң аппаратында консультант, аға консультант, сектор меңгерушiсi, бөлiм меңгерушiсiнiң орынбасары болды. Бүгiнде Парламент Мәжiлiсiнiң аппаратында Редакциялау және аударма бөлiмiнiң меңгерушiсi. Сонымен қатар Үкiметтiң жанындағы Мемлекеттiк терминология комиссиясының мүшесi.
Бiр қарағанда осының бәрi – көзге көрiнбейтiн жұмыс, кәдiмгi қара нардың жұмысы. Бiр данышпан «аударма – әдебиеттiң атасы» деген екен. Сол кiсi айтпақшы, аудармашы болу да – әркiмнiң маңдайына жазыла бермейтiн өнер. Әйтсе де, Дәуiтәлiнiң қалам ұшы тиген қайсыбiр дүниелер қатып-семген ресмилiгiнен лезде ажырап, қазақы ұғыммен бiте қайнасып, құлпырып шыға келедi. Кей-кейде ресми орындардағы кейбiр азаматтарға ұлтжандылық, қазақылық қасиеттер жетiспей жатқанда, Дәуiтәлiдей азаматтардың шын мәнiнде аз екенiне намыстанасың. Ресми қатып-семген тiрлiктiң тамырына бiрауық қазақы қан жүгiртiп тұратын жiгiттер көбейе берсе дейсiң ғой.
«Жақсы басшы – жарты бақыт» деген. Дәуітәлі Омашұлы осы кезге дейін бірнеше Мәжіліс төрағасымен қызметтес болды. Олардың әрқайсысының өз орны, мектебі бар, бір-бір биік тұлға болғаны сөзсіз. Және олардан үйренгені де аз емес. Қайсыбір жылы Орал Мұхамеджанов төраға болғанда ерекше қуанғаны әлі есімде. Кезінде қазақтың ірі зиялылары құрмет тұтқан, өнер, әдебиетке бір табан емес, бірнеше табан жақын, Пушкиннің «Евгений Онегинінің» бірнеше тарауларын жатқа соғатын Орекең туралы: «Ойпырмай, бұл кісі терең білімпаздығы, әңгімешілдігі, шешендігімен қоса әнші екен», – деп қуанышын жасыра алмап еді. «Рухани биік кісі – ұлтының ұйытқысы» деп Қадыр айтпақшы, ұдайы рухани кемелдікке ұмтылыс үстінде жүретін азаматтың бұл да бір адами бақытын жасыра алмағандығы еді.
Бүгiнде Дәуiтәлi Омашұлын мемлекетшiлдiгi, ұлтжандылығы, рухани бiтiм-болмысы қайраткерлiк биiкке көтердi. Ол бұл биiкке бiреулер тәрiздi жанталасып, жер тепкiлеп, жасанды мiнез жамап алып, мiнбер iздеп, айқайламай-ақ, үнсiз ғана еңбек етiп жеттi. «Құрмет» ордені, «Ерен еңбегi үшiн» және бес мерекелік медалі және Еуразиялық экономикалық қоғамдастығы Парламентаралық Ассамблеясының құрмет грамотасы, «ҚР Мәдениет қайраткерi», «Баспа және полиграфия саласының қайраткерi» құрметтi атақтарын иеленуi осы ойымыздың бұлтартпас дәлелi.
Ұстазымыз Шерағаң: «Ең алдымен елге тигізер пайдаңды ойла, өз пайдаң соның ішінде», – деуші еді. Осы тұрғыдан келгенде, ол қай кезде де елден, туған жерден де кіндігін үзген емес. Сан-салалы қызметте жүрсе де туған өңірі, Ұлы Жібек жолы бойындағы әйгілі жеті кенттің бірі Меркенің тарихын зерттеу барысында Өзбекстан мұрағаттарына дейін барып ғылыми дерек-дәйектерге ден қойып, іргелі жұмыс жасады. Дәуітәлі Омашұлы сонымен қатар қазақтың Абай атындағы мемлекеттік педагогикалық университетінен заңгерлік мамандығын да алып шығып, журналистиканы заңгерлікпен ұштастырып, бүгінде мамандардың көмекші құралына айналған «Нормативтік құқықтық актілер және оларды мемлекеттік тілде әзірлеу» атты кітап жазды. Бұл – құжаттарды мемлекеттік тілде әзірлеудің көкейкесті мәселелерін өзге елдер тәжірибесіне сүйене отырып, терең таразылаған, жан-жақты сөз еткен тұңғыш еңбек.
«Ер – елдiң иесi, әйел – үйдiң киесi» дегендейін, Дәуiтәлiнiң құдай қосқан қосағы Баршагүл туралы бiр мақала түгiлi он мақала жазсаң да, аздық етер едi. Баршагүлдiң бiр өзiнiң бойынан қазақ әйелiнiң жиынтық образына жолыққан болар едiк. Баршагүл – нәпақасын түзден терiп жейтiн қазақтың марқасқа жiгiттерінiң мәңгiлiк арманы. Кешегi орыстың пәтерiнде дүниеге келген бес құлындары Гүлнұр, Гүлжан, Дана, Ұлжан, Дәуiрдiң бүгiнде өмiрден өз орнын тауып, ата-ана сенiмiн ақтап жүргендерi де өлшеусiз бақыт.
* * *
Мiне, Дәуiтәлi бойындағы өнерден тараған нұр оның отбасының да, елге жасаған еңбегінің де өрiсiн кеңейтiп келедi. Бүгiнде немерелерінің тәтті қылығымен оянатын Дәуiтәлi мен Баршагүлдiң аталық, әжелiк дәуренi де басталды. Сiрә бұл дәуренге ештеңе жетпес.
Бұл отбасынан әрқашан ән үзiлмейдi. Әйкүлдей дана анамыздың алтын құрсағынан тараған, бүгінде көш басында Намазалыдай ғұлама ғалымы бар шетінен әнші, күйші әулеттің қай-қайсысының да бойынан бекзаттықтың, зиялылықтың исі аңқып тұрар еді. Содан да болар өнердi ессiз сүйген Дәуiтәлi мен Баршагүл қыздары Гүлжанды музыкаға баулыды. А.Мұсаходжаеваның өнер академиясын бiтiрген Гүлжан рояльға отырғанда дүниежүзi классиктерiнiң құдіреттi туындылары үй iшiн нұрға бөлеп жiбередi.
Бұл шаңырақта қашанда құдіретті өнердің лебі есіп тұрады. Өнер қонған әулеттің ырысы да ортаймақ емес, берекесі мен мерекесі де таусылмақ емес. Бүгінде бір мерейлі белеске көтерілген өзі де, сөзі де сара, парасат-пайымы дара оның шаңырағын тәңір осы бақыт құшағынан ажыратпасын.
Қали СӘРСЕНБАЙ
Дереккөз: Айқын