Данияр Сәбитов – Қазақстан жаңалықтары

0
143

Данияр Сәбитов — Қазақстандағы ЛГБТ қоғамдастығының белсенді мүшесі, дәстүрлі емес жыныстық көзқарастағы адамдарға арналған kok.team сайтының редакторы. Ол Stan.kz тілшісіне отыз жасында гей екенін мойындауға не түрткі болғанын, елімізде ЛГБТ қанша адамды құрайтынын, олардың қалай өмір сүретінін, қазіргі жағдайын айтып беріп, гей мен лесбиянкалар туралы ең бұрыс стереотиптерді атады.

Отыз жасыңызда каминг-аут жасап, гей екеніңізді көпшілікке жариялаудың себебі неде? 

Көптеген жағдайлар тоғысып, жан дүниемде өзгерістер орын алды. Біріншіден, белсенді ретінде жетілдім. Ешкімге білдіртпей, жасырын жасайтын жақсылығымның пайдасы мен абырой-беделімнің көмегімен жүзеге асырып жүрген ісімнің пайдасы екі түрлі екен. Осыны ұқтым. Жасырынып, болмысымызды көрсетуден қорқып жүргенше, адамдарға ашық болған дұрысырақ деген шешімге келдім. Қазақстандықтар ЛГБТ мүшелерінің өздері секілді мектеп пен жұмысқа баратын қарапайым адамдар екенін түсінуі керек. Гей, лесбиянка деп айтып жүрген адамдары туысқандары болып шығуы мүмкін. Екіншіден, каминг-аут жасамай тұрып, бір жыл бұрын анам қайтыс болды.

Анам мен туралы ешнәрсе білмей кетті, екеуміз көптеген дүниелерді бірге талқылай алмай қалдық. Негізінде, ата-анамен құпияны бөлісу барлық ЛГБТ үшін күрделі, қиын мәселелердің бірі. Олар жанына ең жақын адамдардан айырылып қалуға, көңілін қалдыруға қорқады. Үшіншіден, Чехияда  оқып жүріп, мұндағы өмірді, адамдардың ЛГБТ-ға қалай қарайтынын көрген соң, қауіпсіздікте өмір сүре алатынымды түсіндім. Төртіншіден, ішкі дүнием тыныштық тауып, жетілгеннен кейін сол уақытта камингаут жасап, өзім туралы айтуды дұрыс деп таптым.

Каминг-аут жасағаннан кейін не өзгерді?

«Фейсбукте» өзімнің гей екенімді мойындағанда, әрине, «өртеп жіберейік», «асып тастайық» деп жазғандар болды. Бірақ сол жазбамнан кейін жеңілдеп қалдым. Менімен интернетте достасқысы келетін адамдар кім екенімді түсінеді, жақсы қарым-қатынас орнату немесе мүлдем араласпау олардың өз еркі. Әйтсе де ойлана келе, отандастарымыздың  ЛГБТ-ға барынша ашық болғаны маңызды екенін түсіндім. Қазақстанда гомофобияның деңгейі өте жоғары болған соң, өзінің болмысын қабылдай алмай, қорқып жүрген лесбиянка, гей, бисексуал, трансгендерлер көп. Дегенмен олар да қазақстандықтарға сенім арта алатынын түсінуі керек.

Баласының гомосексуалды болуын мүлдем қаламайтын ата-анаға не айта аласыз? 

Балаға өмір сыйлайтын ата-ана, бірақ олар ұл-қыздарына жекеменшік дүниелеріне қарағандай қарамауы тиіс. Әр адам дара тұлға және оның өмірі өзіне ғана тиесілі. Маған «Не істеуім керек? Қызым, ұлым құпиясын ашты. Ол гомосексуалды ортада өмір сүріп жатыр ма деп қорқамын» деп жазатын аналар бар.

Қазақстандағы ЛГБТ-ның өмірін сырт көзбен көрген әйел әрине өз баласының гомосексуал болғанын қаламайды. Түсінікті жағдай.

Бірақ баланың туылғанда гомосексуалды болуы да, болмауы да ата-анасына байланысты емес. Сөзіме дәлел ретінде өзімнің оқиғаммен бөлісейін. Мен отыз мың тұрғыны бар Текелі қаласында өстім. Балалық шағым тоқсаныншы жылдары сол жерде өтті. Біздің үйде теледидардан бар-жоғы үш-ақ арнаны көрсететін: «Евразия», «Хабар», «Қазақстан». Сосын видеокассеталар болатын. Кішкентай кезімнен гетеросексуалды адамдардың айналасында өсіп, қыз бен жігіттің махаббаты жайлы кітаптар оқыдым.

Егер адамның өмір сүретін ортасы оның сексуалды бағдарлығына әсер етсе, мен гетеросексуал болып өсуім керек еді. Туысқандарымның барлығы – гетеросексуал, бірақ мен мектепте жүргенде-ақ өзімнің гей екенімді түсінгенмін. Осыдан  бала қандай ортада өмір сүрмесін, қандай кітап оқымасын, бәрібір ориентациясына ешнәрсе әсер етпейтінін түсінеміз. Бұл өмірде бала үшін ана мен әкенің орнын басатын ешкім жоқ. Ата-ана баласына бақыт тілесе, ұлым не қызым гомосексуалды деп сөкпей барынша түсіністік танытса екен деймін. Себебі, ол ЛГБТ үшін өте маңызды.

Мысалы, мен анамды қатты жақсы көрсем де, оған сырымды аша алмай жүрдім, ал анам болса менің не жасырып жүргенімді білген екен. Екеумізге бір-бірімізбен ашық сөйлесуге батылдық жетпеген болар. Ол кісі дүниеден озып кетті, екеуміз көп дүниені талқылап үлгермедік. Менің жағдайымда аяныштысы осы. Сондықтан ата-ана мен бала бір-бірімен барынша ашық болғаны дұрыс деп санаймын.

Қазір Қазақстандағы ЛГБТ қоғамдастығында қанша адам бар?

АҚШ-та жүргізілген зерттеу жұмыстарынан, кез-келген қоғамда  ЛГБТ-ның үш пайыздан он пайызды құрайтыны анықталды. 10 пайыз деген бізде 1,5 миллион Қазақстан азаматы. Осыдан ЛГБТ жайлы сөз қозғағанда оны ұйым ретінде сипаттаудың оңай емес екенін түсінеміз. Бір термин біріктірген адамдар бір-бірін танымауы да мүмкін.

Гей-клубтарды аңдып, ол жерден шыққан адамдарды ұрып кетіп жататыны жайлы хабар тарайды…

Алматының, Нұр-Сұлтанның клубтарындағы жағдайлардан хабардармын. Клубқа демалуға келген адамдардың сыртқа шығып, үйлеріне қайтуын таң атқанға дейін әдейі күтетіндер бар. Сөйтіп, олар клубтан шыққан мас, әлсіз адамдарды жай ғана қызық болсын деп ұрып, соққыға жығып кетеді. Қазіргі уақытта біз ЛГБТ-ға қатысты жасалған қылмыстарға бақылау жұмыстарын жүргізіп жатырмыз және бізге жігіттер алданып қалғанын жиі жазып тұрады. Кездесуге шақырып, пышақпен қорқытып, ақшаларын тартып алады екен. Тағы да бір мынандай жағдай болған. Бір жігітті біреулер алдап шақырып, телефонын тартып алған. Сосын гей екенін мәжбүрлеп айтқызып, камераға жазып алған. Жай ғана ермек үшін арсыз қадамға барған адам түбінде сот алдында жауап берді.

Біздегі гейлер ЛГБТ-ға жақсы қарайтын мемлекеттерге көшіп кетеді, ал осында тұратындары не істеуі керек? 

Бірнеше стратегия бар. Мысалы ауылдағы бір жігіт үй ішіне, жақындарына гей екенін айта алмайды. Әлгі жігіт амалының жоғынан бір қызға үйлену керекпін деген шешімге келеді. Бұл бірінші стратегия. Көптеген жігіттер ерекшеленбейін деумен қыздармен шаңырақ көтеріп, өмір бойы әйелдерін алдап шығады. Кейбіреулері әйелдерінен шындықты жасырмай, алғашқы кезде-ақ бәрін айтып береді.

Сайттағы форумға: «Менің құрбым НЗМ (Назарбаев  зияткерлік мектебі) оқушысы. Қоғам жыныстық бағдарына байланысты қабылдамаған соң, ол өз-өзіне қол жұмсады», — деген хабарлама түсті. Өмірмен қош айтысып, суицидке бару, есірткіге беріліп, нашақор болып кету деген бар. Сонымен қатар, адамдардың пікіріне мән бермей, еркін өмір сүру. Көпшіліктің осы нұсқаны таңдайтынына қуанамын. Олар өз-өздеріне қиянат жасауды ойламайды.

Гомосексуалдыққа қатысты ең жиі еститін бұрыс тұжырымдарды айтып берсеңіз.

Гомосексуалдылықты емдеуге болады. 1991 жылы дүниежүзілік денсаулық сақтау басқармасы гомосексуалдылықты аурулардың қатарынан алып тастады. Себебі, сексуалды бағдарлық ауру емес. Өкінішке орай, қазіргі уақытта мұны барлығы түсіне бермейді. Дінмен байланыстырып, ішіне жын кіріп кеткен деумен ЛГБТ-ны емдеуге, тырысады.

Ата-анасы қызының бисексуалды немесе лесбиянка екенін білгенде, оның жыныстық бағдарын дұрыстау үшін ер адамды жалдап, оны зорлауға рұқсат береді. Әке-шешесі «Қызыма жақсы жігіт жолықпады, сондықтан ол мұның не екенін білмейді, шатасып кетті» деп ойлайды. Мұның нәтижесінде тек үлкен психологиялық зақым ғана пайда болады. Ата-ана ойлағандай, одан ешқандай пайда келмейді. Бұл әдіспен бірде-бір лесбиянка жазылмаған және психиатр, психотерапевт, психологтардың да ЛГБТ мүшесін емдеп жазғаны туралы толыққанды зерттеулері жоқ.

Гомосексуал мен педофил деген бір адам.  Екеуінің аражігін ажыратқысы келетін адам зерттеу жұмыстарын мұқият жүргізсе, педофилияны көбінесе балаға жақын туысқандары, яғни әкелері, көкелері, жанұяның достары жасайтынын біледі. Педофилия — психикалық ауру. Бұл ауруға шалдыққан адамдар өздерінің дерттерін жақсы біледі, психиатрлардың қарауында тұрады, өз-өздерінің әрекеттеріне үнемі есеп беріп жүруге тырысады. Сондай-ақ, педофилия гетеросексуалды қатынастарға жатады. Ал гомосексуалды қарым-қатынастар дегеніміз — екі гей ер адамның қатынастары. Педофилия, зоофилия мен гомосексуалды қатынастар жер мен көк секілді бөлек дүниелер.

Қыздардан жалыққан соң, ұлдарға көшіп, гей болып кетті. Жігіт төсекте қыздармен ләззат ала алмағаннан жігітпен көңіл қосады деген бұрыс түсінік. Менің гей-достарымның ешқайсысы қыздармен төсектес болудан жалыққан соң гей болып кеткен жоқ.

Гомосексуалдар бір-бірімен қалай танысады және қай жерде кездеседі?

Бұрын қиын болған. Кеңес үкіметінің кезінде Алматыда гейлер арнайы жерлер бар еді. Егер сол жерге бір гомосексуал келіп, бірнеше сағат бойы ұзақ жүрсе, өзі секілді ұзағынан жүрген адамды байқаса, бұл бекер емес деген сөз. Сондай-ақ Кеңес үкіметінің кезінде гомоталаптар жазылған хабарландырулар да болған.  Интернет пайда болғанға дейін газеттерге жігіт жігітті іздейді деген хабарландыру беру мүмкіндігі де қолданылды. Қазір интернеттің арқасында танысуға қатысты проблемалар туындамайды. Гей мен лесбиянкаларға арналған арнайы қосымшалар бар. Бірақ қазіргі уақытта «Инстаграм» мен «Фейсбукте» фейк аккаунт ашып танысу үлкен танымалдыққа ие екенін білемін. Жеке басым алғашқы кездесуді адам көп шоғырланған жерде өткізуге тырысамын. Танысқан адамымның ойында мені алдап, лақтырып кету туралы ой болса, көмекке шақырып, қашып кете алатындай жер болуы тиіс. Клубтардан бөлек, достардың үйінде көптеген адамдардың басы қосылғанда да ЛГБТ мүшелері бір-бірімен сол жерде кездесе алады.

Қазақтың тәрбиесін көрген қазақтілді ұл-қыздың гей, лесбиянка болуы мүмкін емес, біздегі ЛГБТ-ның барлығы орыс тілді азаматтар деген пікір бар.

Біздің түсінігімізде гомосексуализм деген жаман нәрсе және ол қазақтарға орыс халқы арқылы келген дүние. Өзге ұлттардың дәрежесі бізден төмен, сондықтан олардың гомосексуалды ұл-қыздары бар деген ұғым сіңіп кеткен. Әлеуметтік желілерде қазақтілді гомосексуалды адамдардан құралған топ бар. Бір рет сол топта қасиетті Рамазан айында күнә жасауға болмайтыны жазылып, топтың бір айға жабылатыны туралы жазба пайда болды. Солай жазған адамның, қарым-қатынастарын бір айға тоқтата тұру туралы шешім шығарған адамдардың не ойлайтынын түсіну қиын. Тек осы арқылы ЛГБТ арасында қазақтілділер, діндар адамдар жоқ дегенмен келіспейтінімді айтқым келеді.

Сыртқы келбетке қарап, мына кісі гей, лесбиянка деп анықтауға болады ма? 

Адамды сыртқы келбетінен гей не гей емес екенін танып білуге болады деген аңыз ЛГБТ-ның арасында да таралған. Көпшіліктің санасында табиғаты феминизмге жақын гомосексуалдарды көргеннен кейін, гейлердің барлығы қызтекелер деген бұрыс түсінік қалыптасқан. Нәзік жанды гей деп тұрғаныңыз негізінде натурал, ал жігіттің сұлтаны деп ойлаған адамыңыз гомосексуал болып шығуы мүмкін.

ЛГБТ-қоғамдастығының қазіргі кездегі басты талабы? 

Адамдарды гей, лесбиянка, трансгендер, бисексуал болғаны үшін өлтіруді доғаруды талап етеміз. Қазіргі уақытта біз мұның заң жүзінде күшке енуі үшін жұмыс жасап жатырмыз.

stan.kz