Данат — Қазақстан жаңалықтары | STAN.KZ
Қазақтың қамын жеп, әдебиет майданында сөз бен ой бостандығы үшін аянбай еңбектенген Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсіреповке қазіргі ұрпақтың айтар алғысы зор. Аты да, заты да ұмытылмайтын тұлғалар салған сара жолдан аларымыз, үйренеріміз көп. Stan.kz ақпарат агенттігінің тілшісі екі асылдың сынығы Данат Мұқановпен сұхбаттасып, жазушылардың ұрпағы қалай өмір сүріп жатқанын, немен айналысатынын, ұлы тұлғалардың балаларына нені өсиеттеп кеткенін анықтады.
Ұлт намысын аяққа таптатпай, абыройды асқақтатқан Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсіреповтің шөбересі Данат кішкентай күнінен білім мен ғылым қуған ортада өскен. Оның анасы Кәмила — Энгелина Мүсірепова мен Арыстан Мұқановтың қызы, ал әкесі Дәулет Қазақстандағы ең алғашқы онкологиялық институттың негізін қалаған дәрігердің ұлы. Ойы ұшқыр, қаламы үшкір тұлғалардың шөбересі коммерциялық қызметте жұмыс істейді. Жазушылар секілді кітап жазбаса да тегіне кір келтірмей өмір сүруге тырысады.
«Екі жазушының ұрпағы екенімді саусақпен санарлық адам ғана біледі. Жалпы, біз әулетімізбен қазаққа танымал тұлғалардың туыстары екенмізді жариялаған емеспіз. Оның үстіне, Ғабит пен Сәбит аталарым тегімізді пайдаланып, ойдағыны жүзеге асыруға өте қарсы болатын. Балаларының санасына “қарапайымдылықты жоғалтпа, сабырлық таныта біл, барлығына ашық әрі мейірімді бол” деген сөздерді құйып отыратын. Содан болар Мұқанов пен Мүсіреповтің ұрпағы екенбіз деп ерекшеленуді, даралануды білмедік. Екі атам елге еңбегі сіңген тұлғалар болса да, дандайсып, өзіңді өзгелерден жоғары қою деген қанымда жоқ, Қазіргі күннің өзінде қарапайымдылықтан айнымай жүруге, өз-өзімізге адал болуға тырысамын. Ата-анамыз, әке-шешеміз ұстанған қағидалар ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келе жатқан тәрбиенің негізіне айналған. Қанмен берілген қарапайымдылық тұрмысымызда айқын байқалады”, — дейді асылдың сынығы.
Данат Сәбит атасының өсиетін тыңдап өспесе де, жазушының әйелі Мәриямның айтқан сөзін жерге тастамай, кеңестері мен нақыл сөздерін өмірлік ұстанымына айналдырған екен. “Әрбір ұлы адамның артында ұлы әйел тұр” деген сөздер Мәриям Мұқановаға арнап айтылғандай. Жазушымен бірге бір шаңырақ астында 47 жыл өмір сүріп, алты құрсақ көтерген кейуана Данаттың көптеген сұрақтарына жауап беріп, өмірлік қөзқарасының қалыптасуына түрткі болған.
“Сәбит Мұқановтың әйелі Мәриям ұзақ өмір сүріп, осыдан тоғыз жыл бұрын, яғни 2009 жылы 101 жасында көз жұмды. Апаммен бірге өмір жайлы көп әңгімелесуші едік. Есейе келе ол кісіден атам екеуінің өмірі қандай болғаны жайлы айтып беруін жиі сұрайтынмын. Қазақ халқының өміріндегі арпалыс пен тартысты өз көзімен көріп, мойынсынбай, қиын-қыстау кезеңнен өткен адам — менің апам екеніне қатты таңғалып, тамсанатынмын. Үйде барлығымыз оны дәу мама деп атайтынбыз.
Өмірді Мұқановтың ұрпағы деген атқа сай болып сүру керектігін құйып, нақыл сөздер айтудан шаршамай, бағыт-бағдар берген апам менің әскери қызметкер болғанымды қалады. Ол кісі ішкі дүниесін ақтарып, оқиғаларымен бөлісе бастағанда мен әскерден қайтып келген едім. Бәлкім апамның арманына осы жайт түрткі болған шығар. Ардақты Мәриям апамның айтқан өсиеті өмірімнің негізіне айналды. Ол кісі бір жерді «тесіп» шығуымды қалады, көздегеніме, алдыма қойған мақсатыма жетпей, тыным таппауымды сұрады. Апам айтқан нақыл сөздерді әлі күнге дейін пайдаланамын. Мұқановтың ұрпағы сондай екен деген жеңіл-желпі сөз артымнан ермеуі үшін адамдықтан айнымай, екі атамның атына кір келтірмейтіндей өмір сүріп келемін”, — дейді Данат Мұқанов.
Арада ғасырға жуық уақыт өтсе де, жазушылардың шөбересі үшін қазақты дүр сілкіндірген 1930 жылдар жайлы сөз қозғау оңай емес. Себебі, осы жылдар Мұқанов пен Мүсіреповтің басын сергелдең мен сары уайымға салып еді.
“Сәбит жастайынан ата-анасынан айырылып, ауыл молдасының қолында тәрбиеленді. 1930 жылдары екеуі де халық жауы болып жарияланған да Мәскеуден Мұқановқа да, Мүсіреповке де қол ұшын тигізбеу туралы бұйрық келген. Сол жылдары тек қана қайраткерлердің ғана емес, бүкіл қазақтың басына қара бұлт төнді ғой. Сол жылдары сүрінсең, қайта тұрып, жүгіріп кету бәрінің қолынан келе бермейтін іс еді. Екі атамның өміріндегі ең қиын кезең осы жылдармен байланысты деп ойлаймын”, — дейді ол.
Тағдыры мен жүріп өткен жолы бір-біріне ұқсас Мүсірепов пен Мұқановтың балаларға деген махаббаты ұшан-теңіз еді. «Екеуінің үйінде балалар топырлап жүретін. Қыста пәтерде, жазда қала сыртындағы үйде бала көп болушы еді. Олар бір күні Мұқановтың, келесі күні Мүсіреповтің үйіне қонатын. Бүгінде Сәбит атамның алты немересінен тараған он шөбересі, дүние есігін ашқан неменелері бар», — дейді Данат Мұқанов.
Ол екі жазушының барлық туындысын сүйіп оқиды. Асылдың сынығы ұлы қаламгерлердің қаламынан туған кітаптарды оқығанда, кейіпкерлерінен өзінің болмысын көреді. Ол Сәбит Мұқановтың «Өмір мектебі», «Ботагөз», роман-эпопеясын, ал Ғабит Мүсіреповтің «Ұлпан» романын жақсы көретін кітаптарының қатарына қосты.
Данат Мұқановтар әулетімен Мариямның үйінде жиналып, туған күндер мен мерекелік шараларды жиі атап өтетінін айтады.
Кейіпкеріміздің сұрауы бойынша жеке суреті жарияланбады.
Ескерту! Эксклюзив материалды көшіріп басу үшін редакцияның хат түріндегі рұқсаты қажет! Хат түріндегі рұқсат берілген жағдайда, эксклюзив материалды жарияланған уақытынан 24 сағаттан кейін ғана көшіруге рұқсат беріледі.
stan.kz