Данагүл Темірсұлтанова мен Азат Сейтметов: балалары, махаббат хикаясы (ФОТО)

0

Танымал актриса Данагүл Темірсұлтанова Sputnik Қазақстанға берген сұхбатында жолдасымен қалай танысқаны, үлгілі отбасы болудың құпиясы мен бала тәрбиесі жайлы әңгімеледі

АЛМАТЫ, 15 сәуір – Sputnik, Айгерім Таубай. 15 сәуір – Қозы Көрпеш пен Баян Сұлу күні, яғни ғашықтардың мейрамы. Бұл мереке елімізде 2011 жылдан бастап аталып өтеді. Мерекеге орай Sputnik Қазақстан тілшісі халық алдында жүрген жұлдызды жұп Азат Сейітметов пен Данагүл Темірсұлтанованың махаббат хикаясын актрисадан сұрап білді.

Алғашқы кездесу

Шаңырақ көтеріп, отбасы құрғанына отыз жыл болған қос актер бірін-бірі ең алғаш оқу ордасында көрген. Алайда алғашқы кездесуде танысып, тілдеспеген.

«Мен бірінші курсқа түсіп, институтта жүргенімде алғаш рет кездестік. Құймақ сататын дәмханада бойы ұзын, ап-арық, тақырбас бір жігіт тұрды. «Мына жігіттің бойын-ай» деп қыздар бәріміз күлдік. Сөйтсем, Асағаң да маған тесіліп қарап тұр екен. Оның екінші курста оқып жүрген кезі. Әскерге кетуге дайындалып жүргендіктен шашын тақырлап алған екен», — деп ескі алды Темірсұлтанова.


©
Photo : Сейітметовтер отбасының жеке архивінен

Азат Сейітметов пен Данагүл Темірсұлтанова

Айтуынша, екі жастың алғашқы кездесуде-ақ бір-біріне назары түседі. Отыз жыл өтсе де, сол сәтті ұмыту мүмін емес дейді актриса.

«Ең бастысы, менің көзім түсіп, бейнесін есімде сақтап қалдым. Қара куртка киген, келбетті, арық, көзге бірден түсетін жігіт болатын. Асағаң да мені есінде сақтап қалыпты», — дейді Темірсұлтанова.

Театр табыстырған жұп

Актриса 1987 жылы Қазақ ұлттық өнер академиясын аяқтап, Мұхат Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық театрдың актерлік құрамына қабылданған. Әскерде екі жыл болып келген Азат Сейітметов бір жылдан кейін дәл осы театрға жұмысқа орналасады. Екі жастың махаббат хикаясы осы жерде басталған.

«Махаббатымыз осылай басталды. Оны тіпті сипаттап бере алмайсың. Махаббат деген екінің бірінің қолында бар-жоғын білмеймін, алайда махаббат деген – химия, оны сонша жыл бойы алып жүру де екінің бірінің қолынан келе бермейді», — дейді Темірсұлтанова.

Актриса шаңырақ көтергелі жұбайынан ештеңе жасырмайтынын айтты. Күйеуің досың, құрбың, балаларыңның әкесі, майданға бірге баратын азамат болу керек дейді ол.

Үлгілі отбасы болудың құпиясы

Екі қыз, бір ұл өсіріп отырған жұп үлгілі отбасы болудың формуласы – әкені құрметтеуде дейді.

«Ерлі-зайыптылар өз міндетін атқаруы керек. Әйел өзінің әйел екенін ешқашан ұмытпауы тиіс. «Байтал шауып бәйге алмас» деген сөзді өмір бойы ұстанып келе жатырмын. Қанша жерден белгілі болсам да, қанша жерден халық сыйлап тұрса да, отбасымызда бірінші орында Асекең тұрады. Балаларға да соны үйреткенбіз, олар үшін әкесінің сөзі бірініші орында тұрады», — дейді Темірсұлтанова.

Мұны актриса ұяда көрген тәрбиесімен байланыстырды. Бойжеткен қос қызы Айша мен Айым ең алдымен әкесімен ақылдасып, кеңес сұрайды.


©
Photo : Сейітметовтер отбасының жеке архивінен

Сейітметовтер отбасы

«Азат қайын атасын көрген жоқ, өйткені менің әкем оныншы сынып оқып жүргенімде дүние салды. Менің қайын атамды Қазақстанның халық әртісі Райымбек Сейітметовті халықтың бәрі біледі. Мен өнер адамы болған соң, бірден «отбасымызға қош келдің, Данажан» деп құшақ жая қарсы алды. Мен де бірден үйреніп кеттім. Танысқанымыз әлі есімде, бірден «папа»деп атап кеттім», — дейді Темірсұлтанова қайын атасы жайлы.

Ал жұлдызды жұптың анасы биыл 80 жасқа толды. Оның студенттерге онлайн режимде студенттерде дәріс оқып жүрген дәрігер екенін мақтанышпен айтады.

«Ол кісі менің енем, құрбым, сырласым. Парасат пайымы жоғары, білімді кісі. Мінезі ер адамға ұқсайды, көп сөйлемейді», — деді актриса енесі жайлы.

Келін ененің топырағынан деген бар. Осы тұста өнер адамдарының мінезі жайлы сұрадық.

«Азаттың қолынан бәрі келеді. Құрылыс жұмысынан бастап, үйдегі үлкенді-кішілі жұмыстарды өзі істейді. Ал менің мінезім құбылмалы. Көңіл-күйім де құбылып тұрады. Біржақты адам емеспін, қазір жаным, алтыным деп отырып, қате әрекетін көрсем, бірден көтеріліп кетуім мүмкін. Балаларым қатал екенімді айтады, қазір жасым келген сайын сөйлейтін сөзімді деп ойланатын болдым», — дейді ол.

Темірсұлтанова «тең теңімен» деген сөзді жақсы көремін дейді. Екі адам танысып, хабарласып жүрген кезде өмірге деген көзқарасын көріп, нақтылап алғанды жөн санайды. Өзі де Азат Сейітметовпен осылай табысқанын айтты.

«Екі адам бір-бірімен жолығып,сөйлескен кезде теңі ме, теңі емес пе бәрі бірден байқалады. Өмірге деген көзқарасы қандай, екі адамның ойы сәйкес келе ме – бәрі көрінеді. Жолымыз бір бола ала ма деп қарайсың. Бізде де дәл солай», — деп түйіндеді әңгімесін актриса.



sputniknews.kz