Дамир Исмағұлов: Қазақтардың кім екенін бүкіл әлем таныды (видео)

0

Ресей намысын қорғайтын, бірақ шыққан тегі қазақ Дамир Исмағұлов UFC промоуншндағы алғашқы жеңісі туралы пікір білдірді. Ол Австралияда өткен UFC Fight Night 142 турнирінде австралиялық Алекс Горджеспен кездесіп, жеңіске жеткен болатын. Ол октагонға Қазақстан мен Ресейдің туын қатар алып шыққан.

«Спортқа келгенде ешкім мен туралы біле қойған жоқ. Мен Оренбург облысы, Первомайский ауданы, Ударный ауылында тудым. Студенттік жылдары ақша керек болғандықтан, ММА-ға кездейсоқ кеп қалдым. Облыста бәрін ұтқан соң әрі қарай кетіп, Ресей кубогын жеңіп алдым. Және әлем чемпионына қарсы шығып, сәтсіздікке ұшырадым. Ауыр жарақат алып, Оренбургке қайтуға тура келді. Біраз уақыт денсаулығымды күтіп, спортқа қайта келмеймін деген едім. Жарақат жазыла бастап, 9 айдан соң қайтадан спорт әлеміне мойын бұрдым. Іштегі ұмтылыс, құштарлық менің құлшынысымды оятқандай.

Төбелестім, жеңілдім және қатты күйзеліске түстім. Бірақ осы турнир басталмай тұрып маған ММА федерациясының президенті Виктор Фроловтың атынан ұсыныс тасталған. Турнирден соң Виктор Петрович маған хабарласып, еңсемді түсірмеуімді айтып, жеңілгеніме қарамастан келісімшарт бойынша жұмыс істейтінін хабарлады. Сөйтіп, менің кәсіби карьерам басталды.

Бұл кісі айтса орындайды. Сондықтан мұндай қасиеті үшін бұл кісіге деген алғысым шексіз. Жепе-жек – өзіңді дәлелдейтін мүмкіндік ғана емес, өмірде жетістікке жетудің кілті. Мен көп елдерде, қалаларда болып, сынға түстім. Талай рет атақтарымды қорғадым. Және тарихқа М1 белбеуін иеленген тұңғыш қазақ ретінде ендім.

Қазақстаннан келген қаншама ағайынмен танысып, араластым. Ол жаққа барсам өз үйіме барғандай жылылық сезінемін. Ол жақта мен үшін жанкүйер болатынын білемін. UFC-дегі алғашқы кездесуімде мен өзімнің мықты екенімді дәлелдей алдым. Неліктен екі тумен шықтым? Өйткені, мен Ресейде өмірге келдім. Бірақ Қазақстан – менің отаным. Мен жеңіске жеткен күні бүкіл әлем Оренбург облысын және қазақтардың кім екенін таныды» деп жазған Исмағұлов әлеуметтік желідегі парақшасында.

Шетелдік ақпарат көзінің мәліметі бойынша, Исмағұлов осы жеңісі үшін 23 500 доллар иеленген. Ал оның қарсыласы Горджес 13 500 доллар сыйақы алған.

Абай Аймағамбет