Дәленов жыл басынан бері халықтың табысы қаншаға өскенін айтты

0
60

Министр экономика өсімін одан әрі қамтамасыз ету үшін орталық және жергілікті атқарушы органдар не істеу қажеттігін айтты

НҰР-СҰЛТАН, 12 қараша – Sputnik. Қаңтар-қазан айлары аралығында Қазақстан халқының нақты табысы 6,4 процентке өскен. Бұл туралы бүгін ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

«Халықтың нақты табысы 6,4%-ке өсті», – деді министр үкімет отырысында.

Айтуынша, қаңтар-қазан айларында жалпы ішкі өнімнің өсімі 4,4%-ке жеделдеген.

«Экономика өсіміне инвестициялық белсенділік, ішкі сұраныстың, шағын және орта бизнес үлесінің ұлғаюы, өнеркәсіптің кіші салаларындағы өсім, сонымен бірге мұнай өндірудің қалпына келуі әсер етті», – деді ол.

Есепті кезеңде инвестициялар 8,2%-ке өскен. Ал ЖІӨ-дегі шағын және орта бизнестің үлесі 28,5%-ке дейін артты. Өнеркәсіп өндірісі де орнықты өсу үрдісін сақтап отыр. Мұнай өндіруді қалпына келтіру есебінен кен өндіру өнеркәсібінде өсім 3,7%-ке артты.

«Қаңтар-қыркүйек аралығында сыртқы сауда айналымы 1,5%-ке өсіп, 70,4 миллиард долларды құрады. Экспорт – 42,7 миллиард доллар, ал импорт – 27,6 миллиард доллар», – деді министр.

Дәленов экономика өсімін одан әрі қамтамасыз ету үшін орталық және жергілікті атқарушы органдардан мынадай шараларға баса назар аударуды сұрады:

  • Бірінші, экономиканың базалық салаларында және өңірлерде қол жеткізілген өсу қарқынын төмендетпеу;
  • Екінші, жергілікті жерлерде азық-түлік бағасын ерекше бақылауға алу;
  • Үшінші, құрылыс нысандарын мерзімінде аяқтау;
  • Төртінші, инвестициялық жобалар бойынша бюджет қаражатының толық игерілуін қамтамасыз ету.



sputniknews.kz