Далада жүрген балаларды онлайн бақылау жүйесі енгізіледі

Биыл ішкі істер министрлігі балалардың қауіпсіздігіне арналған жаңа жүйені сынақтан өткізіп көрмек. Бұл туралы ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
«Пилоттық жобалардың бірі – балалардың қауіпсіздігіне арналған «Мені тап» жүйесі. Соның арқасында баланың қайда жүргенін анықтауға болады», — деді Ораз онлайн брифингте.
Оның айтуынша, жаңа жүйе мобильді қосымша ретінде смартфонға орнатылады. Bluetooth желісі арқылы арнайы трекерлермен байланыс жасап отырады.
«Трекерді баланың киіміне, я болмаса, мектеп сөмкесіне орнатып қоюға болады. Ұялы телефоны сөніп тұрған жағдайда немесе байланыс істемегенде мобильді қосымшаны іске қосып, Bluetooth желісі арқылы трекерді анықтауға мүмкіндік бар», — деп атап көрсетті Ораз.
Бұдан бөлек, жаңа жүйе шұғыл басқару орталығына да қосылады. Осылайша, ата-ананың баланы іздеп жатқаны туралы мәлімет бірден полицияға түседі.