«Далада қаңғып жүрміз»: Астанада «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы баспана алғандар өз үйіне кіре алмай жүр — Қазақстан жаңалықтары

0

[ad_1]

Астанада тағы баспана дауы. Бұл жолы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының салымшылары наразылық білдіруде. Тұрғындар құрылысы толығымен бітіп, берілуге дайын тұрған үйді оларға не себепті үлестірмей жатқанын білмей дал. Тұрғын үй басқармасындағылар нақты мерзімін белгілемей, құрғақ уәделерімен әбден тойдырып бітті деп ашынады жұрт. 

"Далада қаңғып жүрміз": Астанада «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы баспана алғандар өз үйіне кіре алмай жүр

Елорданың сол жағалуында орналасқан тұрғын үйдің құрылысы былтыр қыркүйек айында бітіп қойған. Алайда белгісіз себептермен мемлекеттік бағдарламамен салынған баспана заңды иелеріне әлі үлестірілмей отыр, деп хабарлайды «Еуразия бірінші арнасы».

«Банкке барсақ, олар әкімдікке сілтейді. Әкімдікке барсақ, құрылыс департаментіне сілтейді. Құрылыс департаментіне барсақ, олар әлеуметтік қорғау орталығына сілтейді. Сонымен нақты бізге бір мерзімін қойса. Мысалы 1 мамыр десе, болды біз кетер едік. Сөйтіп 5-6 рет мерзім қойды. Желтоқсан, қаңтардың соңы деді, сосын ақпан деді. Енді наурыз басталып кетті», — дейді тұрғын Бауыржан Аманов.

Бауыржан Аманов секілді өз үйіне кіре алмай жүрген 300- ге жуық азамат бар. Бәрінің де бас ауруы дәл осы тұрғын үй. Тіпті, кейбір пәтер қожайындары соңғы ақшаларын осында құйып, несие рәсімдеген. Салдарынан қазір далада қаңғып жүрміз, дейді. Ал өзгелері кімнің босағасын жағаларын білмей дал. 

«Біз енді 30 елдің қатарына қосыламыз деп жар салып жүрміз ғой. Елбасының өзі сондай міндет қойған. Сол дамыған елдердің үлгісі бойынша бұл банк әр шегерген сайын айыппұл төлеп отыру керек. Сол кезде банктердің жауапкершілігі артады. Сонда олар жанталасады. Бұл шегерілген сайын, бұл кісілердің шығындары өсіп жатыр. Ай сайын мысалы. Кемінде 100 мың теңгеден үй жалдайды ғой», — дейді тұрғын Ернат Қашқынов.

Осылай деген тұрғындар тіпті үйге кіре алмай қаламыз ба деп алаңдайды. Себебі, Елорда да жер сипап қалған үлескерлер жетіп-артылады, дейді олар. 

«Қорқамыз созылып кететінен. Мысалы, сол уақытта кем дегенде 100 мың теңгеден пәтер жалданып тұрады. Оны ешкім ескеріп жатықан жоқ. Ол мысалы салымшының қалтасынан шығып жатыр ғой», — дейді тұрғын Нағима Норахова.

«Мынау жаңадан үй беріледі дегенге қызыма құтты қоныс, бейбіт өріс болсын деп келген едім. Үй әлі де берілмеді. Өте жақсы үй. Бәрі біткен. Бірақ әлі күнге дейін берілмеген», — дейді тұрғындардың бірі Қалипа Еспекова.

Ал тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің өкілдері бар гәп жер актісінде кеткен қателіктен болып отыр,-дейді. Яғни ол түзелмейінше, салымшыларға пәтер берілмейді деп қысқа ғана қайырды. 

«Біз өз жағымыздан өтетін процедураның барлығын жасадық. Сәйкесінше, заңға сәйкес, бізден өткен пәтерлердің иелерін тұрғын үй басқармасына береміз. Олар келісім шарт жасау керек. Сәйкесінше, олар тұрғын үй басқармасынан үйді қабылдап алу керек. Осы қабылдау кезінде үй бітті, жер бітті, жер актісінде бір қателіктер шығып, оны қазір Әділет министрлігіне жөндеуге жіберді», — дейді «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» орталық филиалының директоры Жансұлтан Матаев.

Аталған мәселенің ақ-қарасын білмек болып, тұрғын үй басқармасына да хабарласып көрдік. Тұрғындардың шағымына байланысты шенеуніктер былай деді. 

«Мен сіздерге нақты осы уақытта үй тұрғындарға беріледі деп айта алмаймын. Өйткені біздің тарапымыздан ешқандай қателік жоқ. Құжаттардың барлығы дайын тұр. Қазірде бізді кешеуілдетіп тұрған тек Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының құжаттарды реттеп дайындауы. Олар біткеннен кейін, тұрғын үй әділет министрлігінде тіркелу керек», — дейді қалалық құрылыс және тұрғын үй саясаты басқармасы басшысының орынбасары Жан Мырзағалиев.

Осылайша, тұрғындардың нақты қай уақытта қоныс тойларын тойлайтыны әзірге белгісіз. Десе де жергілікті әкімшілік алдағы 3-4 аптада мәселе оң шешімін табуы тиіс дегенге келтіріп отыр. 

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз

stan.kz