«Дәл қазір керек»: Қостанай әкімі көмек сұрап тұрғындарға үндеу жасады

0

Қостанай қаласының әкімі Марат Жүндібаев Үлкен көпір маңында су тасқынымен күресу үшін тұрғындардан көмек сұрады. Бұл туралы Kznewskz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қала әкімі табиғи апатпен күресу үшін адамдардың жетіспей жатқанын айтқан.

«Бүгін өзен арнасынан тасуы мүмкін, таңнан бері 700-ге жуық адам жұмыс істеп жатыр. Олар шаршады, бізге көмек керек. Бейжай қарамайтын, көмектесуге ниетті барлық жерлесімізді көпірге келуге шақырамын. Жұмыс қапты құммен толтыруға байланысты. Дәл бүгін, дәл қазір көмегіңіз керек», – деді әкім.

Соңғы деректерге сәйкес Қостанай облысында қар еріп, тасқын судың қатеріне байланысты Қарасу ауданы Қарамырза ауылында бақылау жүргізіліп жатыр. Тобыл мен Алтынсарин қалаларында эвакуация жүргізілуде.

Еске салайық, бұған дейін Қостанай қаласында Тобыл өзені арнасынан асты. Алдымен жағажай, кейін теннис орталығы мен 80 көше су астында қалды. Сонымен қатар 2 көпір жабылған еді.