Қазақша тақпақ: Алтын күз
Сап — сары маңай,
Сап — сары тоғай.
Соңғы әнін айтып,
Құс кетті қайтып.
Қарашы күз келді, күз келді
Жапырақ жауыпты іздерді.
Құс біткен керуен тізеді,
Қара бұлт қабағын түйеді.
Алтын, сары, қызыл, көк,
Алуан – алуан жапырақ.
Күзгі бақта күлімдеп,
Көз тартады атырап.
Алтын күз
Қоңыр салқын тарады
Қойнаулар мен сайлардан,
Қаздар қайтып барады,
Қайтқан елдей жайлаудан.
Соңғы шуақ төгіліп,
Жалқынданып тұр аймақ.
Ақ сәулеге шомылып,
Жапырақтар жүр ойнап.
Күз келді
Келді міне күз,
Айнала сары түс.
Керемет, тамаша,
Қандай әсем күз.
Жеміс-жидек пісті,
Қамбаға астық түсті.
Қызу жұмыс басталып,
Жинап алды жан салып.
Көктен көзін бір алмай,
Қызғылт тартты кәрі құз…
Жер қызығын қия алмай,
Маужырап тұр сары күз…
Думан толы асқарлы
Күз мезгілі басталды.
Күз әуені кеп жетті,
Әнге бөлеп жастарды.
Нұрға бөлеп өмірді,
Жырға бөлеп көңілді,
Жарқыраған сәулелі
Күз әуені төгілді.
Жұлдыз туып таң алды,
Әнге орап ғаламды,
Сазды әуен шаттыққа
Бөледі бар адамды.
Әуенге еріп сиқырлы,
Айтылды ән боп сыр қилы.
Күзгі әуен жастардың
Жүрегіне нұр құйды.
Нұрға бөлеп өмірді,
Жырға бөлеп көңілді,
Жарқыраған сәулелі
Күз әуені төгілді.
Сұр бұлт түсі суық қаптайды аспан,
Күз болып, дымқыл тұман жерді басқан.
Білмеймін тойғаны ма, тоңғаны ма,
Жылқы ойнап, бие қашқан, тай жарысқан.
Жасыл шөп, бәйшешек жоқ бұрынғыдай,
Жастар күлмес, жүгірмес бала шулай.
Қайыршы шал-кемпірдей түсі кетіп,
Жапырағынан айрылған ағаш, қурай.
Біреу малма сапсиды, салып иін,
Салбыраңқы тартыпты жыртық киім.
Енесіне иіртіп шуда жібін,
Жас қатындар жыртылған жамайды үйін.
Қаз, тырна қатарланып қайтса бермен,
Астында ақ шомшы жүр, ол бір керуен.
Қай ауылды көрсең де, жабырқаңқы,
Күлкі-ойын көрінбейді, сейіл-серуен.
Кемпір-шал құржаң қағып, бала бүрсең,
Көңілсіз қара суық қырда жүрсең.
Кемік сүйек, сорпа-су тимеген соң,
Үйде ит жоқ, тышқан аулап, қайда көрсең.
Күзеу тозған, оты жоқ елдің маңы,
Тұман болар, жел соқса, шаң-тозаңы.
От жақпаған үйінің сұры қашып,
Ыстан қорыққан қазақтың құрысын заңы.
Күз келді
№1 Балалар үйінің тәрбиеленушісі
5 сынып оқушысы: Ижбанов Диержан
Жетекшісі: ҚР-ның жас ақыны Гүлсана Тилеубекова Анарбекқызы
Күз келді, алақай!
Алтын келді далаға.
Дәні бітік бидайды,
Құйып жатыр қамбаға.
Молшылыққа бөлеген,
Күз айы неткен ырысты ең?
Біздерді қауыштыратын,
Ыстық ұя мектеппен.
Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданы
Белқопа орта мектебінің
3 сынып оқушысы: Асан Қайсар Абзалұлы
Бастауыш класс мұғалімі: Сегизбаева Гульбадан Нурлановна
Шөп сарғайып,
Ағаш қурап,
Гүлдер де солады.
Жаңбыр жауып, жел соғады.
Бұзылады табиғат.