Cуретші Табылды Мұқатовтың «Құм жазуы» жеке көрмесі ашылды

0

Әлдекім салған іздерді әуестемей, шығармашылық әлемінде өз таңбасын сызуға талпынған талант иесінің айрықша туындыларына қызығушылық зор. Суретшінің Ә. Қастеев атындағы Өнер музейінде ашылған «Құм жазуы» деп аталған жеке көрмесі  тылсым өнердің тұңғиығына бойлататындай.

Экспозицияда автордың графика және кескіндемелік мәнерде орындаған жүзден аса шығармасы ұсынылған. Қылқалам шеберінің «Жыршы», «Майқаңбақ», «Сағым», «Қорқыт пен Асан», «Көктебе этюдтері», «Күз түні», «Әже», «Батырлық дастан», «Жусаған жылқылар», «Қайран Нарын», «Беу, Балалық» сынды отты туындылары ұлттық нақышпен, туған жерге деген ыстық сезіммен, нәзік те асқақ шешімдермен өрілген. Өнертанушы Сәуле Бекқұлова бұл туралы: «Табылдының тақырыптарының көкжиегі кең, бүкіл адами асыл қасиеттерді алтын өзегіне айналдырғандай айдынды, айбынды бола тұра, осы идеялардың барлығын ол туған жер арқылы, туған топырағы арқылы көтереді» депті. Шынында да, өзінің бүкіл арман-аңсарын таңған туған жер суретшінің өнеріне дем беріп, өміріне өзек болып, шығармашылық өрісін кеңейткені анық. Ол кейіптеген кескіндерге көз суарған кез-келген көрермен мұны бірден аңғарады.

 – «Құм жазуы» көрмесінде ұсынылған ұлттық ерекшеліктер мен ішкі рухани құндылықтарды көрсететін туындылар көрерменге өткен уақытпен өзара сұхбатқа түсуге мүмкіндік береді. Суретші өз жерінің, оның табиғаты, тарихы мен дәстүрлерінің жырлаушысы. Ол өз халқының жан дүниесін нәзік сезіне біледі. Оның басты мақсаты  – туған елінің күнделікті өміріндегі сұлулық, оның дархан даласы мен табиғатына, адамдарына деген сүйіспеншілігін білдіру. Бала кезінде ол әкесімен бірге жайлауға барып, дала өмірінің әр түрлі дауысын бақылайды – сол балалық әсерлер оның жан дүниесіне терең әсер қалдырып туған жер тақырыбына деген құмарлығын оятқан, –  дейді көрме жетекшісі  Анжелика Ақылбекова.

Табылды Мұқатов көпшілік қауымға кітап иллюстраторы ретінде де жақсы таныс. Ол безендірген еңбектер қазақ ақын-жазушыларының шығармаларындағы бірқатар ұлттық бейнелерді жасауға септігін тигізді. Оның графикасына композицияның қарапайымдылығы мен айқындылығы, ықшамдылық, тазалық, ашық түс, сұлбалардың нақтылығы тән. Көрерменді ынтықтырған көрме ақпан айына дейін жалғасын табады.

Арман ОКТЯБРЬ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ

Дереккөз: http://egemen.kz/