цунами салдарынан 280-нен астам адам қаза тапты

0
74

Цунами салдарынан 1016 адам жарақат алған және 57 адам із-түссіз жоғалғандар қатарында. Сонымен қатар мыңдаған үйлер бүлінген. Апат салдарынан ең қатты зардап шеккен аумақ – қарамағына Уджунг-Кулон ұлттық паркі мен танымал курорттар кіретін Бантен провинциясындағы Пандегланг округі, деп хабарлады Индонезияның Төтенше жағдайлар жөніндегі мекемесі. Табиғи апат 23 желтоқсан күні Ява мен Суматра аралдарын бөліп жатқан бұғазда орын алған.

«Мен қатты шу естіген кезде үйде теледидар көріп отыр едім. Алдымен, оны жел деп ойлап қалдым. Бір кезде үйдің ішін су баса бастады. Көшеге жүгіріп шықтым да, екінші толқынның келе жатқанын көрдім және осы кезде ғана сақтануым керек екендігін түсіндім», дейді Суматра аралының тұрғыны Юни.

Сарапшылардың айтуынша,  цунамидің орын алуы туралы алдын ала хабарлайтын Индонезиядағы жүйе жұмысы өте тиімсіз және құрал-жабдықтары көнерген. Индонезия президенті Джоко Видодо апаттан ең қатты зардап шеккен  Пандегланг ауданына барды.

«Толқындардың қауіп-қатерін анықтауға арналған барлық құрылғыға тексеру жүргізуді тапсырғанмын. Жетіспей жатқан немесе істен шыққан құрал мәселесін шешу қажет», деп мәлімдеді Джоко Видодо.

Айта кетерлік жайт, мемлекеттің метереология агенттігі қатты толқын туралы ескерту жасаса да, цунами туралы хабар таратуды жөн көрмеген. Құтқару операциясына «Қызыл Крест және Қызыл Жарты ай» ұйымы да қатысуда, оның қызметкері Йен Гельфанд қайғылы оқиғаға түсініктеме берді:

«Бұл Индонезия үшін қауіпті жыл болды. Осымен өңірде үшінші дүлей зілзала орын алды. Қазір құтқарушылар жұмыс істеуде, оларға Қызыл Крест еріктілері де қосылды, бізден 70-тен астам адам бар. Адамдарды тірі табуға деген үміт әлі де бар. Дегенмен зардап көлемі – өте үлкен. Менің ойымша, әрдайым үміт үзбеу керек, бірақ қаза тапқандардың саны көбеюі де мүмкін», дейді ол.

Айта кетейік, Индонезия осы жылы табиғи апаттан қатты зардап шекті. Жазда Ломбок пен Сулавеси аралдарында қатты жер сілкінісі болып, онда екі мыңнан астам адам қаза тапты, 14 жыл бұрын Индонезияда цунами кесірінен 200 мыңнан астам адам көз жұмған.

Қарлығаш ҚҰРАМЫС,

«Егемен Қазақстан»

Дереккөз: http://egemen.kz/