COVID-19: әлемде не болып жатыр?
НҰР-СҰЛТАН, 26 сәуір – Sputnik. Бүгінде әлем бойынша COVID-19 вирусын жұқтырғандардың саны 3 миллионға адамға жуықтады. Инфекция әр елде әрқалай таралып жатыр. Дегенмен, біразы карантин шараларын жеңілдетуге кірісті.
Ұлы депрессияның көрсеткішіне жақындады
АҚШ-та 1 мамыр күні карантин аяқталады. Алайда президент Дональд Трамп шектеу шараларын ұзартуы мүмкін. Оның сөзіне қарағанда, ең қиын жағдай жаздың басында болады. Сондықтан қауіпсіз кезеңге дейін шектеу шаралары жалғаса береді.
Дегенмен, қазірдің өзінде бірқатар штаттарда шектеу шаралары жеңілдетілді. Мысалы, Джорджия штатының губернаторы Брайан Кемп тату-салондар, шаштараздар, кинотеатрлар, боулингтер мен спа-салондардың ашылатынын мәлімдеді. Трамп бұл шешіммен келіспеді. Бірақ губернаторлардың өздігімен шешім қабылдай алатынын жеткізді.
Бұдан бөлек, АҚШ президенті иммиграцияны уақытша тоқтату туралы қаулыға қол қойды. Оған сәйкес, грин-картамен көшіп келемін деушілер екі ай бойы елге кіре алмайды. Негізгі мақсат – жұмыс орындарын жергілікті тұрғындар үшін сақтап қалу және медициналық көмекті ең алдымен америкалықтарға көрсету.
Ресми мәліметке сәйкес, АҚШ-та жұмыссыздықтың деңгейі 20,6 жетіп, 1933 жылғы Ұлы депрессияның көрсеткішіне жақындады. Осы аптада Американың еңбек министрлігі карантин басталғалы жұмыссыздық жәрдемақысына өтінім бергендердің санын жариялады. Наурыздың ортасында 26 миллион америкалық жәрдемақыға өтінім жіберген. Ал карантинге дейін 7 миллион жұмыссыз адам болды. Осылайша, қазіргі кезде олардың жалы саны 33 миллионға жетті.
Шетелге шығуға рұқсат берді
Еуропада Чехия бірінші болып бірқатар шектеулерді алып тастады. Тіпті, шекараны ашып, өз азаматтарына саяхаттауға рұқсат берді. Бірақ шетелге шыққандар келгесін коронавирусты жұқтырмағаны туралы медициналық анықтаманы көрсетуі тиіс, я болмаса, екі апталық карантинде отырып шығуы қажет.
Ал 27 сәуірден бастап Чехияда жоғары оқу орындарын ашылады. Бұдан бөлек, фитнес-орталықтар, зообақтар мен автомектептерге жұмыс істеуге рұқсат бар. Құдайға құлшылық ету шараларына 15 адамнан жиналуға болады. Ал көшеде 10 адам бірге емін-еркін жүре алады.
Чехия шектеу шараларын біртіндеп алуға мүдделі. 11 мамырдан бастап сауда орталықтары, музейлер мен шаштараздар ашылса, тағы екі аптадан кейін қонақ үйлер мен мейрамханалар қызмет көрсетуге кіріседі. Алайда төтенше жағдай режимі ұзартылады. Шектеу шараларын алып тастағасын оны да тоқтатады.
Сенімді тест жоқ
Ұлыбритания халықты жаппай тестілеуден өткізу бойынша пилоттық жобаны қолға алды. Бастапқыда оған 20 мың отбасы қатысса, артынан 300 мыңға жетеді деген жоспар бар. Олар апта сайын мұрын мен жұтқыншақтан сынама тапсырып отырады. Осылайша, коронавирустың таралуына ауқымды зерттеу жасалмақшы.
Үкіметтің бас медициналық кеңесшісі Крис Уиттидің айтуынша, Ұлыбританияда әлі COVID-19 вирусының антиденелерін анықтайтын сенімді тест жоқ. Ал вакцина мен науқастарды емдеудің тимді әдістері дайын болмайынша шектеу шараларын алып тастауға болмайды.
Осы аптада Италияда індетті жұқтырғандардың саны азая бастады. Карантинге байланысты жұмыссыздық деңгейі өссе де, ауыл шаруышылығы саласына 350 мың жұмысшы жетіспей тұр. Осыған байланысты Италия үкіметі 600 мыңға жуық заңсыз мигранттарды ауыл шаруашылығы мен балық аулау жұмыстарына шығаруды жоспарлап отыр.
Испанияда шектеу шараларын жеңілдете бастады. Балаларды далаға шығаруға рұқсат берді. Оларға медициналық бетперделер тегін таратылады. Ал Франция 11 мамырдан бастап карантин режимінен біртіндеп шығуды көздейді.
Коменданттық сағат жеңілдетілді
Сауд Арабиясы бүгіннен бастап қасиетті Рамазан айына байланысты коменданттық сағатты екі аптаға жеңілдетті. Корольдің бұйрығына сәйкес, мамырдың 13-іне дейін көтерме және бөлшек сауда дүкендері ғана емес, сауда орталықтары да ашылады. Құрылыс компаниялары мен зауыттар уақыт жағынан ешбір шектеусіз жұмыс істейді. Бірақ Меккеде және тағы бірқатар аймақта қатаң тәртіп сақтала береді. Медина қаласындағы Пайғамдар мешіті де жабық болады.
Иранда вирустың қаупі төмен бизнес нысандары жұмыс істей бастады. Алайда мейрамханалар сияқты көпшілік көп жиналатын жерлер жабық. 5 мамырдан кейін билік мешіттердің жұмысына қатысты тиісті шешім шығармақшы. Әзірше, ол нысандар да ашылған жоқ.
Түркияда коменданттық сағат енгізілген. Аталған режим, көбінесе, демалыс күндері күшіне еніп тұрады. Алайда соңғы кездері жұмыс күндеріне де тарала бастады. Жақында түрік ғалымдары COVID-19 вирусына қарсы вакцинаның сынағын жануарларға сәтті өткізіп шықты.
Беларусьта сенбілік өтті
Соңғы бір аптаның ішінде көрші Ресей Федерациясында күн сайын 4,2-6 мың науқас тіркеліп тұрған. Вирусолог пен эпидемиолог мамандардың арасында коронавирустың шарықтау шегіне қатысты сан алуан пікірлер бар. Олар шектеу шараларын тағы екі аптаға ұзарту қажет деп санайды.
Беларусьта науқастардың саны 10 мыңға жақындады. Алайда қатаң шектеу шаралары енгізіліп жатқан жоқ. Кеше республикалық сенбілік ұйымдастырылды. Ел президенті Александр Лукашенко Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсыныстарына қарамастан, сенбілікті өткізуді кейінге қалдырмады. Ал Украинада карантин 11 мамырға дейін ұзартылды.
Науқастардың саны 3 миллионға жақындады
АҚШ-тың Джон Хопкинс университетінің мәліметіне сәйкес, әлем бойынша COVID-19 вирусын жұқтырғандардың саны 2 миллион 900 мыңнан асты. Коронавирустан 203 мыңнан астам адам қайтыс болды. Науқастардың саны жағынан алғашқы ондыққа көрші Ресей де кіреді. Олар:
АҚШ — 939 249 науқас, 52 000 адам қайтыс болды
Испания — 223 759 науқас, 22 902 адам қайтыс болды
Италия — 195 351 науқас, 26 384 адам қайтыс болды
Франция — 159 952 науқас, 22 614 адам қайтыс болды
Германия — 155 782 науқас, 5 843 адам қайтыс болды
Ұлыбритания — 149 559 науқас, 20 319 адам қайтыс болды
Түркия — 107 773 науқас, 2 706 адам қайтыс болды
Иран — 89 328 науқас, 5 650 адам қайтыс болды
Китай — 83 901 науқас, 4 642 адам қайтыс болды
Ресей — 74 588 науқас, 681 адам қайтыс болды.
«Мына вирус бізбен ұзақ уақыт болады»
Осы аптада Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус коронавирусқа қатысты мәлімдеме жасап, COVID-19 вирусының әр жерде әрқалай таралып жатқанын жеткізді. Мәселен, Батыс Еуропада науқастардың саны біртіндеп азайса да, Шығыс Еуропа, Африка, Орталық және Оңтүстік Америка жерінде індет бәсеңдемей тұр.
«Көптеген мемлекет эпидемияның алғашқы кезеңіне ғана кірді. Ал вирусқа бұған дейін тап болған елдерде коронавирусқа шалдығу жағдайлары қайтадан басталды. Қателік жасамаңыздар, бізге ұзақ жолды еңсеру керек. Мына вирус бізбен ұзақ уақыт болады», — деді Гебрейесус Женевада өткен баспасөз мәслихатында.
Оның сөзіне қарағанда, алдағы уақытта эпидемия қайта жандануы мүмкін. Сондықтан шектеу шараларын жеңілдетуге асықпау қажет.
Ұйым басшысы қазіргі жағдайды 1918 жылғы «испанка» деген эпидемиямен де салыстырған. Сол кезде 100 миллион адам қайтыс болды. Алайда бүгінде жаңа технологиялардың арқасында вирусты тоқтатуға мүмкіндік бар.
sputniknews.kz