CNN: Ресей жендеттері бейбіт тұрғындарды қызық үшін қырып салған

0
198

Орталық Африка Республикасындағы ресейлік жендеттер бейбіт тұрғындарды өлтірді. Олардың арасында балалар да болды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі CNN телеарнасына сілтеме жасап.

Атап айтқанда, Фатума есімді Бамбари қаласының тұрғыны басылымға берген сұхбатында Ресей содырларының 2021 жылдың ақпан айында бірнеше адамды мерт қылғандарын айтты. Әскерилердің пікірінше, олар ОАР билігіне қарсы шыққан “Селека” тобының мүшелері болуы мүмкін.

Фатуманың айтуынша, 15 ақпанда түстен кейін қалада атыс басталған. Әйел дереу балаларды жинап, басқа адамдармен бірге жасырыну мақсатында мешітке барады. Алайда әскерилер мешітті қоршап алып, шығуды бұйырған. Адамдар мешіттен қолдарын көтеріп шыға бастағанда, жендеттер оларға оқ жаудырған.

Бейбіт тұрғындар арасында болған ер адам журналистерге аяғынан жарақат алғанын айтты. Ол медициналық көмек ала алмаған. Ақыр соңында зардап шегуші тізеден төмен аяқтың бір бөлігін кесіп тастауға мәжбүр болды.

Аджа есімді қала тұрғыны жендеттердің үш күн бойы қаза тапқандардың денелерін алып кетуге мүмкіндік бермегенін мәлімдеді. Оның 15 жасар ұлы мен күйеуін ресейлік содырлар атып өлтірген.

Тергеушілердің айтуынша, оқиға салдарынан 12-ден 20-ға дейін адам қайтыс болған, олардың арасында балалар да бар.

CNN хабарлағандай, орыстармен бірге Сириядан келген жалдамалылар да ОАР-дағы соғыс қимылдарына қатысқан. БҰҰ мәліметтері бойынша, қазіргі уақытта бұл елде 2300-ге жуық жалдамалы адам бар.