«Цин-Каз» – 20 жылда өрісі кеңейген өндіріс
Әрине, табысқа апарар жолда біршама қиындықтың кездесіп тұратыны заңдылық және бұл қиындықтарды еңсеру үшін бар күш-жігерді салып, тынбай еңбек ету қажет. Компанияның 20 жыл тұрақты жұмыс істеп, жылдан-жылға жұмыс өнімділігін арттырып, ауқымын кеңейтіп келе жатуы – осындай қажырлы еңбектің нәтижесі. Табыс сырын тарқата айтқанда, кәсіпорынның жетістікке жетуіне ең алдымен оның осы жылдар аралығында тұрақты ұжым қалыптастыра алуы басты себеп ретінде аталады. Компанияда жұмыс істейтіндердің әлеуметтік жағынан қорғалуы, ұжымда дұрыс орта мен жайлы жағдайдың қалыптасуы, жалақының лайықты болуы және уақтылы берілуі – осының бәрі де еңбек ұжымының тұрақтылығына, адамдардың ұзақ жылдар бойы табандап жұмыс істеуіне себеп болды.
Қазіргі таңда «Цин-Каз» көпшілікке танымал ірі қазақстандық компаниялардың қатарында. Қызметінің негізгі бағыты – жеміс пен көкөністі қайта өңдеу және консервілеу. Компанияның іргетасы 1998 жылы желтоқсанда қаланып, сол кезден бастап іске қосылды. Өткен 20 жыл ішінде компания шағын ғана өндіріс цехынан Қазақстан Республикасында ғана емес, сонымен қатар көршілес елдерге де кең танымал, томат өнімдері мен консервіленген көкөністер нарығында көшбасшылар қатарындағы қарқынды дамып келе жатқан, бәсекелесе алатын ірі кәсіпорынға дейін өсіп жетілді. Қазақстандағы осы нарықтың 50%-дан артығын «Цин-Каз» сауда белгісімен шығарылған өнімдер құрайды.
Өндірісті техникалық-технологиялық тұрғыдан жаңартып-жаңғырту – кәсіпорынның алға қойған ең маңызды мақсаттарының бірі. Кәсіпорында 2011 жылдан бастап сомасы 618 535 000 теңгені құрайтын «Цин-Каз» ЖШС-нің өндірісін автоматтандыру, жаңғырту және кеңейтуді жүргізу» инвестициялық жобасы іске асырылуда. Бүгінде инвестициялардың басым бөлігі игерілді және осы жобаның аясында көкөніс салаттары мен соя тұздығын шығаратын екі жаңа цех салынды. Кәсіпорында жаңа цехтар іске қосылып, сапалы әрі сұранысы мол өнімді көптеп шығаруға өндірістік мүмкіндігі артып келеді.
Тек 2017 жылдың өзінде ғана технологиялық жабдықтарға 135 898 880 теңге мөлшерінде инвестициялар құйылды. Инвестициялық жоба бойынша 2018 жылдың соңына дейін тағы да 346 миллион теңгеге жабдықтар сатып алу жоспарланып отыр.
Өнім түрлеріне тоқтала кетсек, бұл бағытта да мақсатты жұмыстар толассыз жүргізілуде. Жыл сайын компанияның зертхана мамандары өнімнің бірнеше жаңа тәжірибелік түрін әзірлейді, оның ішінен ең тиімді әрі сапалы деген бір-екі түрі іріктеліп, өндіріске енгізіледі. Атап айтсақ, соңғы екі-үш жылдың ішінде көкөніс салаттары, маринадталған қияр, әртүрлі тұздықтар, етке арналған маринадтар сияқты жаңа өнімдер шығарыла бастады.
Барлық шығарылатын өнім нормативтік құжаттардың – кәсіпорын стандарттарының, мемлекетаралық стандарттардың талаптарына сай өндіріледі, ал өнімнің қауіпсіздігі ЕАЭО Техникалық регламенттеріне сәйкес жүргізіледі. Заманауи құралдармен жабдықталған өндірістік зертхана қолданылатын шикізаттың және шығарылатын өнімнің сапасын жоғары деңгейде бақылауға мүмкіндік береді.
Осы орайда алдыңғы қатарлы басқарушылық технологияларды енгізу саласындағы жетістіктерді де атап өтсек орынды. Кәсіпорында ИСО 9001, ИСО 22 000, OHSAS 18001, ИСО 50 001 халықаралық стандарттарының талаптарына сәйкес төрт менеджмент жүйесі енгізілген және олардың бәрі де табысты жұмыс істеуде. Сондай-ақ жапондық Кайдзен – тұрақты жақсарту технологиясы да енгізілген.
«Цин-Каз» ЖШС қызанақ өнімдерін өндіру және консервілеу саласында көшбасшы бола тұрып, іс жүзінде өзінің тиімділігін дәлелдеп, шағын және орта бизнесті қолдау жөніндегі әртүрлі мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, мемлекет тарапынан қомақты көмек алып отыр. Бұл жерде екі жақтың да көрер пайдасы бар: кәсіпорын әртүрлі преференциялар, субсидиялар, өндірісті дамытуға гранттар алады, ал мемлекет болса, осындай бизнеске көмектесу арқылы жалпы экономикасын күшейтеді.
Бүгінде «Цин-Каз» өнімдерін таяу және алыс шетелдердің нарығына шығару мүмкіндігі белсенді түрде қарастырылуда. Сұранысты зерттеуге, сапалы маркетингке, тиімді жарнамаға тиісінше көңіл бөлініп, күрделі іс-шаралар атқарылуда. Компанияның осы бағыттағы алғашқы қадамдары – бұл Ресей және Қырғызстанның қалаларына өнімдерін экспорттау. Бүгінгі таңда өнімнің экспорты жалпы шығарылған өнім көлемінің 10%-дан артығын алып отыр, ал болашақта бұл көрсеткішті жыл сайын 15-20%-ға арттыру көзделеді.
Кәсіпорын Дүниежүзілік сапа декларациясының ұстанымдарына берік екенін, өз қызметінің сапасын үнемі жақсартуды көздейтінін және бағдарлама стандарттарына сәйкестігін «Global Quality Promotion Programme» халықаралық бағдарламасы бойынша декларацияға қол қойып, растады. Өнімнің және менеджменттің сапасын жақсарту, өз қызметкерлері үшін әлеуметтік жауапкершілікті арттыру, салық төлемдері сияқты бағдарлама талаптарына сәйкес «Цин-Каз» «Сапаның алтын сертификатымен» марапатталған болатын.
Өндірісті кеңейту, шығарылатын өнім сапасының тұрақтылығын қамтамасыз ету, экспортты дамыту және кәсіпорынның бәсекелестік қабілетін арттыру бұдан әрі дамудың негізгі бағыттары болып табылады.
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ