Цифрлы жүйеге көшу жемқорлықтың жолын кеседі
Соңғы мәлімет бойынша Алматыда қоғамдық көлікте ақшасыз төлем жасау үлесі 98 пайыз-
дан асқан. Бұл күніне 1 миллионнан астам электронды транзакция жасалады деген сөз. Агенттік басшысына Алматының Көлік холдингінде «Оңай» электрондық жүйесі мен қоғамдық көлікті диспетчерлендіру жүйесінің аралық қорытындылары таныстырылды. Бұл бағытта едәуір ілгерілеу байқалады. Бірер жыл бұрын іске қосылған «ОҢАЙ» жүйесі мен автоматтандырылған көлік тұрақтары миллиардтаған қаржыны «көлеңкеден» шығарып, оларды қала экономикасына тартуға мүмкіндік беріп отыр. Мамандардың сөзінше, аталған сала көлеңкеден толық шығарылды деп айтуға болады. Өткен екі жылда Алматыда 634 қоғамдық көлік сатып алынса, биыл бұл көрсеткіш 716 жаңа автобусқа жеткен.
Бүгінде Алматыдағы барлық цифрлы жоба негізінен үш принцип бойынша іске асырылуда. Бірінші кезекте – ашықтықты қамтамасыз ету және жемқорлық жағдайларын болдырмау, екіншісі – экономикалық қайтарым, үшіншісі – мемлекеттік қызмет және қала тұрғындары үшін жайлылық сапасын арттыру.
Алик Шпекбаев шаһардағы Полиция жедел басқару орталығына да бас сұқты. Полиция департаментінің Жедел басқару орталығында агенттік төрағасына дамыған бейнебақылау жүйелерінің енгізілуі мен «102» қызметінің сапасын арттыру бойынша қолданылып отырған шаралар жөнінде баяндалды. Қазіргі таңда Алматыда қоғамдық және жол қауіпсіздігін арттыру мақсатында жылдамдық режімінің бұзылуын автоматты түрде анықтайтын «RoadScanSpeed» жүйесі, белгіленген жолаққа шығып кетуді фотоға түсіріп алатын «Жолақ» жүйесі, «Қауіпсіз аула» бағдарламасы бойынша бейнекамералар және тағы да бірқатар жоба іске қосылғанын айта кеткен жөн.
«Бүгінгі таңда саладағы білікті операторлардың саны артты, жаңа қызметкерлер қабылданып, олардың жалақылары үш есеге дейін ұлғайып отыр. 56 оператор тәулік бойы жұмыс істейді. Олардың жұмыс кестесі 24 сағаттан 12 сағатқа қысқарғаны қызметкерлер үшін өте тиімді. Қызмет көрсету жылдамдығы артып, жұмыс сапасы жақсарды», дейді Алматы қаласы ІІД бастығы Серік Күдебаев.
Жұмыс сапары барысында Алик Шпекбаев Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өткен Білім және ғылым саласына арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұсынымдардың 1-кезеңінің таныстырылымына қатысты. Еске салсақ, ҚазҰУ базасында биылғы сәуір айында Мемлекеттік қызмет істері, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі және Алматы қаласы әкімдігімен бірлесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы «Саналы ұрпақ» жобалық кеңсесі құрылған болатын.
Шараны ашқан оқу ордасының ректоры Ғалым Мұтанов: «Қазіргі таңда бұл кеңсе жастардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы түсінігі мен мәдениетін қалыптастыру бағытында жұмысын жалғастырып жатыр. Кеңсе құрылғалы 7 ай ішінде білім беру мекемелеріндегі барлық деңгей бойынша жемқорлыққа қарсы жұмыстардың қызметін талдау, олардың сапа көрсеткішін өңдеу, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы жұмыстардың тиімділігін арттырудың тетігін табу бағытында бірқатар іс-шаралар өтті. Нәтиже жаман емес», дейді.
Қазіргі кезде елімізде жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың құқықтық құралдары жасалған. Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасының Жемқорлыққа қарсы стратегиясы бекітілген, «Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы», «Қоғамдық кеңес туралы», «Ақпараттың қолжетімділігі туралы» маңызды заңдар қабылданғаны белгілі.
– Біздің ортақ міндетіміз – жемқорлықты мүлдем қабылдамайтын ашық ойлауды, құқықтық және қаржылық мәдениетті қалыптастыру, тұрмыстық жемқорлықты жою. Мемлекеттік органдарға келген әрбір жан кейде келеңсіздікке тап болады. Мұндай жайсыз жағдай білім, денсаулық сақтау мекемелері немесе құқық қорғау органдарында кездесуі мүмкін. Сондықтан бұл індетті түп-тамырымен жою мақсатында негізгі саланың барлығын жаппай цифрландырудың маңызы зор. Рухани жаңғыру бағдарламасы аясында «Саналы ұрпақ» жемқорлыққа қарсы жобалық кеңсесі ашылғаны баршаға аян. Бүгін біз осы орталықтың негізгі қызмет бағыттарының іске асу барысын және жемқорлықпен күресте жоғары оқу орындарының ұстаздарын кеңінен жұмылдыру мәселелерін талқылауға жиналып отырмыз. Жемқорлықты түбегейлі жою – мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі. Елбасы Н.Назарбаев жемқорлық дертімен күресте азаматтық ұстаным мен қоғамдық белсенділіктің маңыздылығын ерекше атап өткен. Осы ретте «Саналы ұрпақ» жобалық кеңсесінің атқарар қызметі ұшан-теңіз. Орталық ашылғалы бері білім беру мекемелерінде 200-ге жуық әртүрлі іс-шара өткізіліп, 10 мыңнан астам адам қамтылды. Білім саласында жемқорлық көріністерін жоюға бағытталған нақты ұсыныстар енгізілді», дейді аталған шараға қатысқан қала әкімі Бауыржан Байбек.
Шаһар басшысының сөзінше, бұл бастамалар мекемелерді цифрлы жүйеге көшіру арқылы көлеңкелі экономиканы барынша азайтуға, бюджет қаражатын үнемдеуге қызмет етуде. Мәселен, 2015 жылдан бері жеке мекемелерде 12 мыңнан астам орындық 327 балабақша ашылып, жалпы соммасы 22 миллиардты құрайтын мемлекет қаржысы үнемделген.
Арман ОКТЯБРЬ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ