ЦИФРЛАНДЫРУ – ЖАҢА ЗАМАННЫҢ БАСТЫ ТАЛАБЫ

0

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев арнайы сапармен Шығыс Қазақстан облысына барды. Сапар барысында ол Премьер-министрінің орынбасары Асқар Жұмағалиевпен және облыс әкімі Даниал Ахметовпен бірге өңірде алғаш рет өткізілген республикалық «Digital East – Болашаққа қадам» ІТ форумына қатысты. Сондай-ақ облыстық мамандандырылған медициналық орталыққа барып, цифрландыру саласындағы өңірдің жетістіктеріне назар аударды.

Елбасының бастамасымен қазіргі таңда елімізде «Цифрлы Қазақстан» бағ­дарламасы табысты жүзеге асырылып жатқаны белгілі. Соған орай барлық өңір­де цифрландыру жұмыстары қолға алы­нып, жаңа бастамаларға басымдық берілуде. Таяуда ғана елордада ашылған Astana Hub стартаптар технопаркі осы бағыттағы жұмыстардың жаңа кезеңін бастап берді.
Осы ретте Шығыс Қазақстан облы­сының цифрландыру ісі бойынша айтар­лықтай нәтижелерге қол жеткізіп отыр­ғанын атап өткен жөн. Өңірде жастардың ІТ технологияға деген қызығушылығы да уақыт өткен сайын артып келеді. Сондай-ақ облыстың халыққа қызмет көрсететін мекемелері мен ірі өндіріс ошақтары да цифрландыруды жемісін көріп отыр. Осындай игі істердің қорытындысы ретінде «Digital East – Болашаққа қадам» ІТ форумы ұйымдастырылып, алдағы міндеттер нақтыланды. Өңір басшысы бұл форумның жастар үшін берері мол екенін айтты.
– Бұл – өте тиімді бастама. Қазір Елбасы бағдарламасының алғашқы нәти­желерін көріп отырмыз. Бұл ауқымды жұмыстың нәтижесінде жастарымыздың жаңа жетістіктерге қол жеткізетініне сенемін, – деді Даниал Ахметов. Ал фо­румға арнайы қатысқан Мәулен Әшімбаев мұндай бастамалардың ел дамуында маңызы зор екенін айтты.
– Цифрландыру – бүгінгі заманның басты талабы. Сондықтан қазірдің өзінде елімізде мемлекеттік қызметтің басым бөлігі цифрлы форматқа ауыстырылып, жаңа үрдістерге сай көрсетілуде. Тіпті ірі зауыттар мен өндіріс орындарында да ауыр жұмыстар цифрлы технологияның жемісін көруде. Мұның барлығы Ел­басының «Цифрлы Қазақстан» бағдар­ламасын жүзеге асырудың нақты нәтижесі екені сөзсіз. Мемлекет басшысы жаңа Жолдауында да бұл салаға ерекше мән беріп, инновациялық және сервистік секторларды дамытудың тиімді тетіктерін анықтап берді. Соның нәтижесінде, бүгінде еліміз бойынша көптеген игі істер жүзеге асырылып, осы салада білікті, кә­сіби мамандар даярлау ісі қолға алынды. Бүгінгі ІТ форумды да сондай тың бас­тамалардың игі нәтижесі деп қарасты­руымызға әбден болады, – деді Мәулен Әшімбаев.
Сондай-ақ ол соңғы айларда «Нұр Отан» партиясының Елбасы, партия Төрағасының тапсырмасына сәйкес өз қызметін жаңғырту мақсатында ауыз толтырып айтарлықтай жұмыс атқарып жатқанын тілге тиек етті. Оның айтуын­ша, партиялық жаңғыру аясында «Цифр­лы Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыруға үлес қосу үшін партия тарапынан нақты жобалар да қолға алынған. Атап айтқанда, жастарға бағдарламалау, робот техникалары және 3D модельдеу негіз­дерін үйретіп, сұранысқа ие мамандық­тарды игеруге бағытталған тегін 1000 ІТ сынып пен ересек азаматтардың цифрлы сауаттылығын арттырып, жаңа мамандық меңгеруге мүмкіндік беретін ІТ орта­лықтар ашу жобасы жүзеге асырылуда.
Бұл бастамалар бүгінде өз жемісін беріп отыр. Қазірдің өзінде еліміз бо­йын­ша 782 ІТ сынып ашылып, 30 мыңнан астам мектеп оқушысы білім алуда. Соның ішінде 277 ІТ сынып Шығыс Қазақстан облысында ашылған. Оның 112-сі қалалық жерлерде ашылса, қалған 165-сі облыстың ауыл-аймақтарына тиесілі. Бұл көрсеткіш бойынша Кенді Алтай өңірі елімізде көш бастап тұр.
Өңірде ашылған 2 ІТ орталықтың да жұмысы жоғары деңгейде жүргізіліп келеді. Бүгінге дейін бұл орталықтарда 544 шығысқазақстандық азамат білімін жетілдіріп, жаңа мамандықтарды мең­геруге мүмкіндік алды. Осындай жұмыс­тардың арқасында партия ұйым­дастырған ІТ олимпиадаға қатысушылар қатарында шығысқазақстандықтардың көп бол­ғанына назар аударған жөн.
Мәулен Әшімбаев мұндай бастамалар енді 5-10 жылдан кейін өз жемісін бе­ретінін, ең бастысы, жастарымыздың ХХІ ғасырдың мамандықтарын игеріп, бәсекеге қабілетті болып қалыптасуына септігін тигізетінін айтты.
– Мұндай бастамалардың елімізді жаңа белестерге шығаратыны сөзсіз. Өйт­кені дәл қазір ІТ технологиялар серпінді дамудың негізі болып отыр. Сондықтан партиялық жобаларды бір салаға ғана емес, барлық салаға бағыт­талған жұмыс деп қарастыруымыз керек. Бұл ретте Шығыс Қазақстан облысының тәжірибесін ерекше атап өткен жөн. Ке­лесі жылы облыстың барлық мектебінде ІТ сыныптар ашылып, жастардың жаңа заман мамандықтары бойынша сапалы білім алуына жағдай жасалмақ. Облыстың бұл белсенділігі бүкіл Қазақстан үшін үлгі екені сөзсіз, – деді Мәулен Әшімбаев.
Өз кезегінде Асқар Жұмағалиев «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының ең басты құндылығы оны жүзеге асыратын азаматтар екенін айтты.
– Біз осы форум арқылы аймақта адам капиталын қалай арттыруға болатынын көріп отырмыз. Аз уақыттың ішінде 277 ІТ сыныптың ашылуы айрықша атап өтуге тұрарлық жұмыс. Бұл игі іс қазірдің өзінде өз жемісін бере бастады. Осындай игі бастамалар цифрландыру ісінде тың идеялар мен жаңа жобалардың өмірге келуіне мұрындық болары сөзсіз, – деді вице-премьер.
Сонымен қатар форум барысында «Үздік ІТ шешімдер мен стартап жобалар» байқауының жеңімпаздары марапат­талды. Екі кезеңнен тұрған бұл байқауға 1500 үміткер қатысты. Жобаның басты мақсаты – тиімді ІТ шешімдер мен ­с­тар­т­ап бастамаларды іріктеп, олардың жүзеге асырылуына қаржылай қолдау көрсету. Бұл ретте қатысушылардың дені жастар екенін және олар негізінен әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ететін, халықтың өмір сүру сапасын жақсартатын жобаларды ұсынғанын айта кеткен жөн.
Байқауға арнайы кәсіпорындар мен ІТ компаниялардан бөлек, студенттердің, колледждер мен мектеп оқушыларының да белсенді қатысуы жастардың бола­шақтың мамандықтарын игеруге деген құштарлықтарының жарқын көрінісі екенін айтқан «Нұр Отан» партиясы Төр­ағасының Бірінші орынбасары мұндай жайттың көңіл қуантатынын жеткізді.
Осы ретте айта кетер жайт, байқауда жеңіске жетіп, үздік стартап жобаларымен танылған жеңімпаздардың қатарында партия бастамасымен ашылған ІТ сы­ныптарда білім алған жастар да бар. Бұл партиялық жобаның аса тиімді әрі дер ке­­­зінде қолға алынғанын көрсететіні сөзсіз.
Одан бөлек, аталған форум аясында «Цифрлы Шығыстың жетістіктері» атты көрме ұйымдастырылып, цифрландыру ісі бойынша Шығыс Қазақстан облы­сында қолға алынған тың идеялар көп­шіліктің назарына ұсынылды.
Цифрландыру ісі бойынша облыста медицина саласында да айтарлықтай нә­тижелерге қол жеткізілгенін ерекше атап өткен жөн. Ол үшін облыстық маман­дандырылған медициналық орталықтың жұмысын айтса да жеткілікті. Аталған нысанға арнайы барған Мәулен Әшімбаев бұл жердің басты ерекшелігі саналатын роботтандырылған хирургиялық орта­лықтың жұмысымен танысты.
Мұндай орталық еліміз бойынша алғаш рет Өскеменде ашылып отыр. Аталған орталықта Италиядан әкелінген Senhance Transenterix роботының көме­гімен күрделі эндоскопиялық операция­лар жа­салады. Алғашқы оталар Италиядан келген маманның жетекшілігімен жа­салған екен. Биылғы наурыз айында ашыл­ған орталықта қазірге дейін 120-дан ас­там науқасқа ота жасалып, талай жан­ның дертінен айығуына себепші болған.
Роботтандырылған хирургия отаның дәлдігін арттырып, жарақаттың жеңіл және операциядан кейінгі ем-домның сапалы болуын қамтамасыз етеді. Сон­дықтан бұл бастаманы отандық денсаулық сақтау жүйесін жаңғыртудағы аса ма­ңызды қадам деп атауға толық негіз бар.
Орталықтың бұл саладағы тағы бір басты жаңалығы – мамандардың білімі мен біліктілігін арттыруға айрықша мән берілуі. Мұнда дәрігерлердің үш деңгейлі оқыту бағдарламасы бойынша сапалы білім алуына барлық жағдай жасалған. Тіпті шетелдің озық медициналық орта­лықтарының білікті мамандары арнайы келіп, жергілікті дәрігерлерге 6 бірдей шеберлік сабақтарын өткізген. Орталықта роботтандырылған хирургиядан бөлек, трансплантологиялық және симуля­ция­лық бөлімдер де елге қызмет көрсетеді.
Сапар соңында «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары пар­тияның облыстық активімен кездесіп, Ел­басының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапа­сын арттыру» атты Жолдауы мен жақында жарияланған «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында айтылған басымдықтарды жүзеге асыру барысын талқылады. Мәу­лен Әшімбаев өз сөзінде Мемлекет бас­шысының аталған құжаттарда айқындап берген басымдықтары жүйелі сипатқа ие екенін айтып, оларды нәтижелі орындау үшін партияның алдында тұрған басты міндеттерге тоқталды.

Еламан ҚОҢЫР