Цифрландыру мәселелері жөніндегі комиссия электронды сауданы дамыту мәселесін қарады

0

2018 жылғы 27 желтоқсан 20:47 187

Цифрландыру мәселелері жөніндегі комиссия электронды сауданы дамыту мәселесін қарады

АСТАНА. ҚазАқпарат — Бүгін Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен ҚР Президенті жанындағы Цифрландыруды енгізу мәселелері жөніндегі комиссияның отырысы өтті, деп хабарлайды primeminister.kz.

Отырыс барысында «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысы талқыланды. Атап айтқанда, 2018-2020 жылдарға арналған Электронды сауданы дамыту жөніндегі жол картасын іске асыру аясында қолма-қол ақшасыз, мезеттік мобильдік және басқа төлемдерді енгізу жөніндегі жұмыстардың бағыттары қаралды. Бұдан өзге, қорғаныс саласында пошталық инфрақұрылымды, цифрландыруды дамытуға, шағын және орта бизнес үшін ашық цифрлық платформаны дамыту мәселесіне көңіл бөлінді.

Аталған бағыттар бойынша атқарылған жұмыстар туралы ұлттық экономика министрі Т. Сүлейменов, қорғаныс министрі Н. Ермекбаев, Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ж. Құрманов, «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы С. Сәрсенов, «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Қ. Есекеев баяндады.

Биылғы 11 айдың ішінде электронды сауда нарығы 269 млрд теңгені құрады, бұл 2017 жылдың көрсеткішінен 55%-ға артық. Сатып алушылар саны екі есе дерлік өсіп, 2,32 млн адамды құрады. Электронды сауда саласына тартылған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 1698 субъектіні құрап, өткен жылдың көрсеткішін 864 бірлікке арттырды.

Сонымен қатар шағын және орта бизнес үшін Ашық цифрлық платформа (әрі қарай АЦП) жүйесі іске қосылды, ол компьютер немесе мобильді қосымша арқылы қолжетімді. АЦП — бизнес үшін бизнесті қашықтықтан басқаруға, сол арқылы өнімді өткізудің жаңа нарықтарын ашу, білікті персоналды іріктеу және мемлекеттік қолдау мен мемлекеттік қызметтер пайдалануға мүмкіндік беретін цифрлық сервистер қолжетімді болатын платформа. Бұл бизнеске әкімшілік және өндірістік шығындарды азайтуға, тауарлар мен қызметтердің айналымдылығын арттыруға мүмкіндік береді. Платформа АТ-өнімдердің нарыққа шығу уақытын қысқартуға, Платформаның дайын құрауыштарын пайдалану арқылы АТ-сервистердің өзіндік құнын төмендетуге, Платформадағы ашық бәсекелестік арқылы АТ-сервистердің сапасын арттыруға және бизнесті ауқымдандыру арқылы тиімділігінің өсуіне ықпал етеді.

 

 

Дереккөз: https://www.inform.kz/kz