Челлендж басталды: Енді Әбдіжаппар Әлқожа қамауға алынды
Желіде қазақстандық әнші Әбдіжаппар Әлқожаның полиция қызметкерлеріне бағынбағаны үшін Қонаевта ұсталғаны туралы ақпарат пайда болды. Бұл туралы Stan.kz жазды.
Алматы облысының полиция департаментінің мәліметінше, оқиға 6 шілде күні болған. Полиция Toyota Camry көлігін тоқтатып, тексеру барысында аталған көліктің жүргізушісі көлік құралын басқару құқығынсыз рөлде отырған. Әбдіжаппар Әлқожаның өзі басқа KIA Carnival көлігінде жолаушы болған. Ол сол сәтте тәртіп сақшыларына қысым көрсетіп, құқық бұзушыны тіркеуге кедергі келтірген. Сонымен бірге, әнші мас болған.
“Көлікті айып тұрағына жеткізген кезде KIA Carnival автокөлігінің жолаушысы азамат М. полиция қызметкерлеріне қысым көрсетіп, тәртіп бұзушыны тіркеуге кедергі келтірген. Заңсыз әрекеттердің жолын кесу кезінде құқық бұзушы полиция қызметкерлеріне бағынбаған. Ер адам медициналық тексеруге алынды. Оның қорытындысы бойынша алкогольдік масаңдықтың «орташа» дәрежесі анықталды», – делінген хабарламада.
Нәтижесінде, көлік құралын басқару құқығынсыз басқарғаны үшін «Toyota Camry» көлігінің жүргізушісі 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Сот шешімімен KIA Carnival көлігінің жолаушысы, әнші Әбдіжаппар Әлқожа да тәртіп сақшысының заңды талаптарына бағынбағаны үшін 10 тәулікке қамалды.