Чехов және пьесаларының тағдыры (2-бөлім)
(Соңы)
Құдай адамды азаптағысы келсе жай жүрген жазушыны драматургияға қарай күштеп айдайтын болуы керек. Немесе «драматургия» деген жанрдың наркотикалық әсері бар ма, «енді жеті жүз жыл өмір сүрсем де театрға арнап шығарма жазбаймын» деп Немирович-Данченко мен Алексеевке (Станиславскийге) ант-су ішіп хат жазған Чехов, өмірінің соңында «Шиелі бақты» жазып, ол да сәтсіз қойылып, ауруын бұрынғыдан бетер асқындырып алды.
«Шағалада» бір-бірімен тікелей байланысып, шығарма желісінің дамуына белсенді араласатын кейіпкерлер: Аркадина-Тригорин-Треплев, Треплев-Заречная-Тригорин. Пьесаның басты оқиғасы осылардың арасында өтеді. Пьесадағы Треплев (Актриса Аркадинаның ұлы) ойда жоқта атып әкелетін шағала Чехов шығармасына символикалық та, тікелей де қатысы бар басты деталь. Пьесаның соңында Нина Заречная Треплевке: «Есіңізде ме, сіз көл жағасында қыдырып жүріп шағаланы атып әкелгеніңіз. «Шағала осы көлді жақсы көретін. Бір күні бір жақтан бөтен бір адам келді де, еріккеннен шағаланың өмірін құрта салды. …Мен сол Шағаламын.»
Заречная, провинциялық жас актриса беллетрист Тригориннің құрбандығы болды. Аркадина – атақты актриса, әлі өзін жас қыздай сезінетін 43-44-тер шамасындағы өзін асқақ ұстайтын менмен де көрікті әйел. Шетел банкінде 70 мыңдай ақшасы жатса да (ол кезде бұл көп ақша. Пьесадағы мұғалім Медведенконың айлық жалақысы 21 мың) баласына костюм сатып алуға ақша бермейтін сараң әйел. Тригорин Заречнаяға ғашық боп қалады. Заречнаяға Треплев те өлердей ғашық. Есігінің алдына барып, таңға дейін тұруға дайын. Ал Заречная Тригоринді сырттай жазушы ретінде қатты сыйлайды. Оны тіпті пір тұтады. Ақырында Тригорин жас қызды уысына түсіріп, екі жылдан соң оны тастап кетеді. «Сырттан келген бөтен адам Шағаланың өмірін көктей солдырды». Тригоринге ғашық екенін Нина Заречная оған медальон сыйлап, оның сыртына жұмбақтап Тригориннің шығармаларының беттерін жазып көрсетеді. «121-бет, 11-12 қатар». Тригорин кітабын алып, беттерін ашып қарағанда, өз шығармасындағы мынадай сөздерді оқиды. «Если тебе когда-нибудь понадобится моя жизнь, то приходи и возьми ее».
Басқа авторлардай «Күйдім-сүйдім» деп алқынбай, Чехов кейіпкерлері өз сезімдерін осылайша «сыбырлап» жеткізеді. Тіпті өзін сахна шеберімін деп эмоциясын тежеп ұстауға дағдыланған Аркадинаның өзі Тригориннің Заречнаяға көңілі құлағанын біліп, қызғаныш әсерінен: «Ты последняя страница моей жизни!» деп Тригориннің аяғына жығылғанын өзі де аңғармай қалады. Чехов Аркадинаның асау да менмен мінезіне сәйкес оның аузынан осындай лапылдай төгілген сезім отын шығарып отыр. Әр мінезге сәйкес әртүрлі сөз айтқызудың ерекше үлгісі де осында жатыр. Аркадина Заречная секілді сабырлы бола алмайды, өйткені ол жас емес, сәл кешіксе Тригорин уысынан шығып кеткелі тұр. Бәрібір ол Тригоринді өз махаббатының эгоистік құрсауында ұстап тұра алмады: Тригорин «Шағаланы» «атып» тынды.
Бұл қорлыққа төзе алмаған албырт жас Треплев пьеса соңында өзін-өзі атып тастады. Бұл трагедиялық көрініс те таза Чехов стилінде баяндалады.
Сахна сыртынан мылтық даусы естілгенде доктор Дорн: «Ештеңе емес, менің аптекамда бір нәрсе жарылған болу керек» деп жай ғана айтады да, Тригоринді қолтығынан жетектеп, «Ирина Николаевнаны бір жаққа алдандыра тұрыңыз. Мәселе мынада: Константин Гаврилович өзін-өзі атып тастады», дейді.
Бұл – финал. Финалдағы ең соңғы сөз.
Алапат трагедияны А.Чехов өз стилінде баяу ғана баяндай салды.
Шекспир кейіпкерлері сахнада өлсе, Чехов кейіпкерлері спектакль біткен соң өледі: не физикалық өлім, не рухани өлім.
Осындай трагедиямен бітетін «Шағала» сияқты пьесасын А.П.Чеховтың комедия деп атағысы келетіні түсініксіз-ақ!
Тригориннің Нина Заречнаямен оңаша сөйлескен кезіндегі бір беттен асатын ұзын-сонар сөзі болмаса, «Шағала» зейінді оқырман үшін айтқанынан айтары мол, айсберг сияқты терең мағыналы, мәдениетті драма. Солай бола тұрса да, Чехов пьесаларындағы кейіпкерлердің көпшілігі бірін-бірі қайталап тұрғандай көрінеді. «Шиелі бақтағы» Раневская мен «Шағаладағы» Аркадина кейбір сәттерде бір пьесадан екінші пьесаға «көшіп» келген бір адам сияқты боп елестейді. «Шиелі бақтағы» Раневская жұмсақтау да, «Шағаладағы» Аркадина одан сәл өзгешелеу – адуынды, өр мінезді, махаббат сезімдері әлі басылмаған жан боп көрінгеніне қарамастан, болмыс пен іс-әрекет тұрғысынан қарағанда ылғи да бірін-бірі еске түсіріп отырады. Тіпті оқиғаның өтетін орны да екі пьесада біріне-бірі мейлінше ұқсас. «Шиелі бақтағы» Фирс пен «Шағаладағы» Сорин де ұқсас кейіпкерлер. Тек кәсіптері әр басқа.
Аркадина – әрі атақты, әрі мінезді, әрі кербез, әрі сараң актриса. Оның баласы Треплев – өмірде жолы болмаған, өз орнын таппаған, жас жазушы-беллетрист болуды армандап жүрген қиялшыл, сезімге берілгіш жас жігіт. Ол театр әлеміне реформа жасауды армандайды. Шығармалары да философиялық рухта, жерден биіктеп, аспандап тұрған ойға құрылған. Сондықтан да туған анасы бола тұрып, Аркадина оның шығармаларын ұнатпай, сынап-мінеп, тіпті келеке етіп отырады. Сориннің имениесіндегі көл жағасына орнатқан үй театрының сахнасындағы өз баласының шығармасынан Нина Заречная монолог оқып жатқанда, көңілдесі Тригоринге: «Өзіміз үйренген қарапайым пьесаны қоюдың орнына, бізге қайдағы бір декаденттік сандырақты көрсеткені несі? Бұл жерде ешқандай да жаңа форманың иісі де жоқ», деп баласының намысына тиер кекесінді сын айтады. Және кімге айтады? Атақ-даңққа мас боп жүрген көңілдесі, өз баласы іштей жек көретін Тригоринге айтады. Сол Тригориннің кесірінен әрі өмірден орнын таба алмай, ақыр аяғында өзі өлердей сүйетін Заречная Тригориннің құрбандығы бола тұрып, оны бәрібір әлі күнге дейін сүйетінін Нинаның өз аузынан естіген Константин ең соңғы үмітінен күдер үзіп, өзін-өзі атып өлтірді. Бұл – трагедия!
А.Чеховтың бұл пьесаны неге «комедия» атағысы келгенінің өзі күлкілі-ақ! Оны автордың өзі де түсіндіре алмай кетті.
* * *
XIX-ғасырдың соңғы он жылдығы мен XX-ғасырдың алғашқы он жылдығы орыстың ұлы режиссері әрі драматургы Вл.И.Немирович-Данченконың естелігі бойынша «театр көктемі» болды. Мәскеуде көркем театры (МХТ) ашылып, оған жаңа рухтағы драматургтер келе бастады. Островский, Чехов, Горький драматургия деңгейін жоғары деңгейге көтерсе, Станиславский, Нежданова, Ермолова т.б. орыс өнерін әлемдік талғам дәрежесіне биіктетіп кетті. Сол кезең туралы естеліктерді оқып отырып, шын мәнінде «театр көктемін» бастан кешіріп отырғандай сезінесің. Жаңалыққа, жаңа пьесаға ұмтылып, авторлардың театрға келуін әулие Лука келгендей ерекше қуанышпен қарсы алып, олардың әрбір сөзін «Жаңа өсиеттің» («Новый завет») сөзіндей тына тыңдап, келесі келгенде қандай шығармамен келетінін, егер автор «мынадай шығарма жазып жатырмын» десе бәрі аспаннан «інжіл» түсетіндей қуанып, кездесудің соңы қимастықпен қоштасуға ұласатын кездер жиі болып тұрады екен. Осындай кездесулер, әрине драматургке зор әсер, зор қуаныш сыйлап, оны жаңа шығармалар жазуға міндеттейтіндері айтпаса да түсінікті. Әрине театр кез келген авторға мұндай құрмет көрсете бермейді. Ерекше талантты ғана құшағын жая қарсы алады.
Драматург.
Режиссер. Театр
Бұл үшеуінің бірлігін Мәскеу көркем театрының шығармашылық атмосферасынан айқын көруге болады. Ол кезде театр драматургті іздейді екен. Іздегенде жеке режиссер не актер боп емес, бүтіндей театр боп кездесуге барады екен!
Денсаулығына байланысты, Чеховтың өз сөзімен айтқанда, «Ялтада қамалып жатқан» оған 1901 жылдың көктемінде Көркем театр (МХТ) қонаққа келеді. Әрине сонау Мәскеуден неше түрлі жол азабын көріп Қырымға келген соң театр Ялта көрермендеріне екі-үш спектакль көрсетуі тиіс еді. Олар солай етті де. Бірақ бұл жолғы әңгіме – Қырым жұртшылығының аңсап күткен театрын қандай қошеметпен қарсы алып, қалай қимастықпен қоштасқаны туралы емес, олардың екі ұлы жазушымен қалай кездесіп, қалай сырласқандарында. Сол екеудің бірі – Чехов, екіншісі Горький еді.
Атақты театрдың «гастроль» дегенді сылтау етіп Қырым түбегіне көтеріле көшіп келуінің ар жағында ешкімге жария ғып айтпаған жасырын сыр жатқан болатын. Ол – осыдан төрт-бес ай бұрын МХТ сахнасында «Иванов» пьесасының сәтсіз қойылымынан соң қатты сын есітіп, сол кездегі «дуалы ауыз» боп саналатын театр сыншысы Петр Кичеевтің мейлінше дөрекі түрде: «Чехов ешқашан ақын бола алмайды, өйткені ол – дәрігер» деген пікірін өршелене дәлелдеп шығуға тырысса, екінші бір әйгілі сыншы Флеров-Васильев шығарманы аяусыз сынға алған еді. Артынша авторды жұбатқан боп: «Соған қарамастан автордың нағыз талант иесі екенін мойындауымыз керек» деп жуып-шайғанына қарамастан Чехов әйелі Ольга Книпперді Мәскеуде қалдырып, ұнжырғасы түсіп, мейлінше пессимистік уайым құшағында жан адамға айтпастан өзінің «қапасына» санаторийге емделу үшін аяқ астынан аттанып кетіп еді.
Ялтаға жеткенше, Ялтадағы «қапасына» кеп жайғасқанда да Чехов еңсесін басқан ауыр ойдың құрсауынан құтыла алмады. «Проза азап болса, пьеса деген тозақ екен ғой. Жақын досым деп жүрген актер Ленский «Сенің қолыңнан пьеса жазу келмейді, прозадан не жаманшылық көрдің? Барлық абырой-атағыңды әңгімелерің көтермеп пе еді, оны мансұқ етіп, драмаға неге ұрланып бара бересің? – деген сөзін іштей қайталай берді. – «Медицина – менің заңды әйелім, ал әдебиет – көңілдесім» деп едің бір кезде, көңілдесің әдебиет емес, көңілдесің – драматургия! Ол – асқақ та тәкаппар жанр. Ол сен сияқты пәкене бойлы, аурушаң адамды менсінбейді. Таста ол көңілдесіңді» деген ауыр сөздерді неге айтты? Ол шын айтып отыр ма, әлде… қызғаныш па? Бірақ ол неге қызғанады? Мен жазушы, ол актер. Екеуіміздің өрісіміз екі бөлек қой. Әлде, озған адамды көре алмайтын баршамызға тән қасиет пе? Менің пьесаларым шынымен түкке алғысыз ба? Залдағы жұрт спектакль біте салып киім ілгішке асығатындай тартымсыз ба? «Все пьесы хороши, кроме скучных!» Мұны кім айтып еді? Ә-ә, француз сыншыларының сөзі екен ғой. Ал менің пьесаларым соншалықты қызықсыз ба еді? Мүмкін емес! Мүмкін емес! Оның бәрін мен қаныммен, жаныммен, жүрегіммен жаздым ғой. Оның бәрінің бекер болуы мүмкін емес!»
Осындай ой азабымен жүргенде кешкілік кенет есік қағылды. Ойда жоқта үйге Немирович-Данченко кіріп келді…
Театрдың Ялтаға көтеріле көшіп келуінің басты себебі – мұңайып кеткен сезімтал Чеховтың көңілін сұрап, рухын көтеріп, оны жаңа пьеса жазуға қанаттандыру болатын.
Көп ұзамай А.П.Чехов жаңа пьеса жазуға кіріседі. Ол пьесаның аты – «Шиелі бақ». Әлемдік классиканың қатарынан орын алған драма!
Осы сапар барысында театрдың көркемдік жетекшісі Немирович-Данченко мынадай бір күлкілі жайтты еске алады.
Сол заманда П.Гольцев деген жаттанды сөздің шебері, өзін жан-жақты білімдімін деп санайтын либерал журналистің аты дүрілдеп тұрған екен. Ол сөйлеген кезде оның не туралы айтатыны, сөзін немен бітіретіні алдын ала белгілі болса да, либерал бикештер мен либерал мырзаларға ұнайтын. Ол айтқан жасанды да жаттанды сөздің әрбір қайырмасына түгелдей бас шұлғып, ол сөзінің соңына жуан нүкте қойған кезде – олар бұрын-соңды естімеген жаңа сөз тыңдағандай дуылдап қол соғатын. Мән-мағынасыз сұлу сөзді жаны жек көретін Чехов ол сөйлеп біткенде ауыр азаптан құтылғандай терең бір күрсінетін.
«Мәскеуде Антон Павлович екеуміз бір шаруамен жеңіл пролеткаға отырып келе жатқан болатынбыз, − деп еске алады Немирович-Данченко. – Бір кезде қарсы алдымыздан трамвай шыға келді де, ат айдаушы тез бұрып үлгіре алмай, біз трамваймен бетпе-бет соғысып, аударылып түстік. Айғай, шу, ыңырсу, қорқынышты үрей. Абырой болғанда орнымыздан аман-сау тұрдық. «Міне, өмір деген қалай? Қазір барсың, қазір жоқсың! Өліп те кетуіміз мүмкін еді-ау», дедім мен.
– Өлімді қойшы, сәті түссе өле саласың ғой, − деді Чехов үсті-басын қағып жатып. – Оның ең жаманы – моламыздың басында Гольцевтің сұңқылдап сөйлейтіні ғой!» Чехов юморсыз өмір сүре алмайтын еді. Л.Толстойдың құлаш-құлаш романдары бірінен соң бірі шығып жатқанда О.Книппердің: «Көрдің бе? Толстой құлаш-құлаш романдар жазып жатыр. Сен болсаң екі-үш беттік әңгімемен шектеліп келесің деген сөзіне Чехов ызалы түрде күлімсіреп: «Толстой – үлкен ит. Ал мен – кішкентай қанденмін. Үлкен ит үріп жатқанда кішкентай иттер үндемей тұруы керек пе?» деген екен. Тіпті ол шетелге емделуге аттанып бара жатып «Жол болсын?» деп сұраған кейбір таныстарына: «Қайда болушы еді, өлімге», деп жымиып жауап беріпті. Расында да, ол сол сапардан қайтпады. Дәрігерлердің айтуынша, ол өлер алдында: «Мен енді кислород жұтпай-ақ қояйын. Көптен бері шампан ішпеп едім, шампан беріңдерші» деп шампаннан бір ұрттапты да, о дүниеге жүріп кетіпті.
«Шиелі бақтың» премьерасынан соң бес айдан кейін мен Чеховпен әңгімелесіп отырғанда, оның барлық пьесаларының сюжетін ойша сараптай келіп, мынадай қорытындыға келдім: «Бұл талантқа бұрын-соңды ешкімнің ойына келмеген, тіпті автордың да ойына келмеген мүлде жаңа режиссерлік ынта мен жаңаша әдіс, жаңаша көзқарас керек. «Шағалада» Треплев: «Жаңа форма, мүлде жаңа форма керек, егер ол болмаса, ештеңенің де қажеті жоқ» деп бекер айтқан жоқ қой». − Бұл – Немировичтің Чехов драматургиясы жайлы жаңа көзқарасы.
Станиславский мен Немирович-Данченко сияқты ұлы режиссерлері бар театрда Чехов сияқты ұлы драматургтің пайда болмауы мүмкін емес еді.
Чехов драматургиясының поэтикасын, оның мінез жасаудағы ішкі бұлқыныстары мен астарлы философиясын тап басып тани білген В.И.Немирович-Данченко, әуелгі кезде Чехов драматургиясына сенімсіздікпен қараған К.Станиславскийдің пікірін өзгертіп, өздері «Славян базарында» бір тәулік бойы ұзақ сөйлесуден кейін, әрең дегенде көптеген кедергілерді жеңе отырып жаңа ашылған көркем театрға Чехов пьесалары ауадай қажет екенін, уақыт өте келе бұл театр реформатор-драматург Чехов театры боп қалыптасатынын білгірлікпен дәлелдеп шыға білді. Бұған дейін «Шиповник» (1881), «Новое дело», «Цена жизни» деген пьесалар жазып, соңғы шығармасы үшін Грибоедов сыйлығының лауреаты атанған Немировичтің үзілді-кесілді пікірімен санаспауға Станиславскийдің амалы қалмап еді.
Осыдан соң МХТ Чеховтың өз үйіне, өз театрына айналды.
Чехов пьесалары әлемдік сахнаға дәл осы театрдан жол тартты. Чехов пен Немирович-Данченконың, Мәскеудің көркемдік-театрының драматург пен драматургияға деген көрегендік позициясы барлық режиссерлер мен театрларға үлгі болса керек.
Мұның бәрі орыс театрындағы біз қызыға қарайтын жағдай. Ал қазақ театрында осындай үрдіс бар ма? Театр мен драматургтердің байланысы қандай деңгейде?
Біз бұл жөнінде «Қазақ театрларындағы драматург пен режиссердің бірлестігі» деген бөлімде айтып өтеміз.
А.П.Чеховтың өлімі жайлы да әртүрлі пікір бар. Оның өмірі мен шығармашылығын зерттеушілердің көпшілігі жазушы өкпе ауруының салдарынан қайтыс болды деген пікірде. Өйткені ол өмірінің соңғы кезеңінде Қырымда, дәлірек айтқанда, Ялта қаласындағы санаторийде көкірек ауруынан емделіп жүрді. Бірақ ол қайтыс болғанда оның өлімінің себебін дәрігерлер жүрек талмасынан деп қорытынды жасайды. Антон Павлович өлер алдында қасында тұрған әйелі О.Книпперге: «Мен өліп бара жатырмын» деп соңғы сөзін айтыпты. Бір таңғаларлығы – Чехов бұл сөзін таза неміс тілінде айтады. Бүгінгі зерттеушілер мен ғалымдар оның өлімінің себебін анықтаудан гөрі, «ұлы жазушы неліктен ақтық сөзін неміс тілінде айтты екен» деп бас қатыруда.
Меніңше, оған бас қатырудың ешқандай да қажеті жоқ, өйткені Чехов Германияда, Боденвайлер қаласының емханасында емделіп жатқан. Ол қасында неміс дәрігері тұрған соң, соңғы сөзін неміс тілінде айтуы әбден мүмкін ғой.
Дулат ИСАБЕКОВ,
жазушы
Дереккөз: http://egemen.kz/