Чехияда соңғы 30 жылда болмаған ең ірі митинг өтіп жатыр

0

Чехия астанасы Прагада соңғы 30 жылда болмаған ең ірі митинг өтіп жатыр. Қаладағы Летна саябағына жиналған мыңдаған адам ел премьер-министрі Андрей Бабиштің отставкаға кетуін талап етіп жатыр. Дәл осы саябақта 30 жыл бұрын «Барқыт революциясы» кезінде коммунистік режимге қарсы жаппай наразылық болған. Оған шамамен жарты миллион адам қатысқан. Ал бүгінгі шеруге 250 мың адам қатысады деп айтылады.

Бабишке қарсы акциялар сәуір айынан басталған. Үш апта бұрын шерушілер қала орталығындағы Вацлав алаңына келіп, саяси талаптарын жеткізген. Оған 90-120 мың аралығында адам қатысқаны хабарланды. Наразылар саны көп болғандықтан бұл жолғы акция Летна саябағында өтіп отыр.

Чехия ақпарат құралдарының хабарлауынша, Прагадағы акцияға қатысу үшін елдің түкпір-түкпірінен азаматтар автобус, пойыздармен жеткен.

Наразылыққа түрткі болған жайт — Бабиштің «алаяқтық жасады» деген күдікке ілінуі. Бабиштің отбасылық фирмасы ел заңын бұзып, Еуроодақтан ақша алды деген болжам бар. Еурокомиссия сонымен бірге ел премьер-министрін де мүдделер қақтығысына қарамастан өзіне тиесілі Agrofert холдингіне дотация алды деп айыптайды.

Бұған дейін Бабиш жақтаушыларының бірі Мария Бенешованың әділет министрі ретінде тағайындалуы да наразылар санын ұлғайтқан. Премьер-министр сыншылары ол тергеу амалдарына қысым жасауы мүмкін деп қауіптенеді.

Андрей Бабиш айыпты жоққа шығарып, жаппай наразылыққа шығуға себеп жоқ деп мәлімдеген.

2017 жылдан бері Чехия премьер-министрі қызметінде отырған Андрей Бабиш «Ано!» («Иә!») популистік партиясын басқарады. Чехияның ең бай адамдарының бірі саналатын оның дәулеті 3,7 миллиард долларға бағаланады.

Azattyq