«Чатта алаңға шығуға мәжбүрледі» — пәтер кезегінде тұрған елорда тұрғыны — Қазақстан жаңалықтары

0

24 қыркүйек күні қала әкімі Алтай Көлгінов 27 адамды қабылдады. Негізгі сұрақтар тұрғын үй бағдарламаларына қатысу, жұмысқа орналасу, балаларды білім беру мекемелеріне айқындау, білім алуға қатысты болды. Кездесу барысында елорда тұрғыны мессенджердегі чатта өздеріне жалған ақпарат таратылғанын айтып берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Әкімнің азаматтарды жеке қабылдауы барысында әйелдер мессенджерде бірнеше чаттарда тұратынын атап өтті. Чаттағы админ тұрғын үйге кезекте тұру туралы жалған ақпарат таратқан.

«Чатта егер біз алаңға шықпасақ, бізді топтан шығаратындарын және де бұдан былай еш тұрғын үй бағдарламасына қатыса алмайтындығымыз туралы айтылды. Кезекке сәйкес пәтер берілмейтіндігі туралы да айтылды. Сол күні балам ауырып, алаңға шықпадым. Алаңға шықпағаныма қуанамын. Олар бізді пайдалана отырып, өз мәселелерін заңсыз жолмен шешкісі келді. Содан кейін админ чаттан шығып кетті. Қазір мессенджерлерде таратылатын ақпаратқа сенбейміз, барлық ақпаратты дұрыстап тексереміз. Өйткені ешкім кезектен тыс баспана ала алмайды», — деді қала тұрғыны.

Қабылдауға келгендерге нақты ақпаратты тек мемлекеттік органдардан және «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығында алуға болатыны айтылды.
Қала әкімі Алтай Көлгінов ерекше қажеттілігі бар балалардың ата-аналарымен де кездесті. 

Кездесуде баспана, оңалту орталықтарынан ем алу мен инватакси жетіспеушілігі бойынша мәселелер көтерілді. Елорда әкімі мүмкіндігі шектеулі балалары бар аналардың сұрақтарын мұқият тыңдап, жағдайды түсіндірді.

«Біріншіден, баспана мәселесі өте күрделі. Қаламызда тұрғын үйге сұраныс өте жоғары. Осы мәселені ескеріп, мемлекет басшысы қолжетімді баспана бұрынғыдан үш есе көп салуды тапсырды. Әкімдікте үй кезегі қатаң сақталады. Өзгелерге кезексіз шешіп берді деген қауесетке сенбеңіздер. 47 600 адам үй кезегінде тұр. Кезексіз үй берілсе, заңға бағынып кезегін күтіп отырған азаматтардың құқығын қалай аяқ асты етеміз? Сондықтан барлығын заң аясында қарастырамыз. Нақты айтарымыз — бір күнде баспана мәселесін шешеміз деп құрғақ уәде бермейміз.

Екіншіден, қаламызда екі бірдей оңалту орталығы салынады. Біреуі мемлекет қаржысына, екіншісі жеке инвестор есебінен ашылып, сіздердің балаларыңызға қызмет көрсетеді. Сонымен қатар, ипподромның аумағында иппотерапия орталығы бой көтереді. Бұл сіздердің балаларыңыз үшін үлкен қолдау болады», — дейді қала басшысы.

Көлгіновтің сөзінше, төртіншіден, сұранысқа сәйкес, қалада инватаксилердің саны көбейтіледі. Төртіншіден, ерекше қажеттілігі бар балаларыңызды арнаулы балабақшаларға орналастыруға көмектесеміз, дейді әкім. 

«Бесіншіден, сіздердің мәселелеріңізді шешуден бас тартпаймыз. Өздеріңіз сияқты азаматтар қабылдауымызда жиі болады. Жақында Президенттің тапсырмасына сәйкес «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығын аштық. Сол орталықта сұрақтарыңыздың бәріне жауап табасыздар. Біз де сол жерде тұрақты қабылдаулар өткіземіз», — деді Көлгінов.

stan.kz